Әлеуметтік желіде адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан мүгедектердің видеосы тарады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әлеуметтік желіде адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан мүгедектердің видеосы тарады

Әлеуметтік желіде адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан мүгедектердің видеосы тарады

Әлеуметтік желіде апатты үйде адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан мүгедектердің видеосы тарады. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің өте қиын халдері туралы баяндайды.

  • 16 Қараша 2016
  • 6562
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа-порталының тілшісі видеодағы қазақтардың қай өңірдің тұрғындары екенін анықтады.

Белгілі болғанындай, бұл бейнекөрініс Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында түсіріліпті. Мұнда екінші сөйлеген әйелдің аты-жөні Гүлзия Сыздықова екен. Оның телефон арқылы айтуынша, қазір жеті отбасы (әрқайсысында 2 мүгедектен) болып тұрып жатқан екі қабатты ескі үйлері апатты жағдайда. Оны осы мүмкіндігі шектеулі жандарға жергілікті әкімдік осыдан бес жыл бұрын уақытша деп берген. «Ал енді жаңадан үйлер түсіп жатса да, бізге дұрыс баспана беретін емес. Тіпті бізді базадан шығарып тастапты. Үй кезегінде 39-шы боп тұр едім, енді ол да жоқ. Күйеуім тас соқыр» дейді Г.Сыздықова.


Ал видеода бірінші сөйлеген әйелдің аты-жөні Ардақ Бұхарбаева екен. Ол былай дейді: «Үй құлайын деп тұр. Өрт қауіпсіздігі мүлдем жоқ. Іштен шығуға мүмкіндігі жоқ мүгедектер бар. Отырған орнында дәрет сындыра береді. Содан дәліз сасып кетеді. Жағымсыз иіс болған соң сырттан адам кіре де алмайды. Өз балам сал боп туылған. Екі күннің бірінде құлап қалады».

Мүгедектердің айтуынша, 16 желтоқсанда жаңадан 50 жер үй берілейін деп жатыр екен. Олардың содан да құр қалатын түрі бар. «Сол 50 үйдің ішінен, тым құрыса, үстіңгі қабатта тұратын төрт отбасына баспана беруге болады ғой. Оларды (жаңа үйлерді – ред.) кілең тамы бар адамдар алатын боп жатыр. Бізге келгенде «ойбай, кезек күтіңдер» деп шығады» дейді А.Бұхарбаева.


Ал осы видеода Гүлзия Сыздықова: «Әкімнің алдына бардық. Ол «әне беремін, міне беремін» деп шығарып салады. Ал үйдің ішін көрсеңіз, онда тұру мүмкін емес» дейді.

P.S: Caravan.kz тілшілері бұл жағдайды бақылауда ұстап отыратын болады.