Елімізде тіркеусіз әрі жеке куәліксіз тұратын адамдарға қолданар жаза қатайтылмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде тіркеусіз әрі жеке куәліксіз тұратын адамдарға қолданар жаза қатайтылмақ

Елімізде тіркеусіз әрі жеке куәліксіз тұратын адамдарға қолданар жаза қатайтылмақ

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің қазіргі қолданыстағы 492-інші бабы бойынша азаматтық тұлғаларға салынатын а

  • 27 Қыркүйек 2016
  • 800
Фото - Caravan.kz

«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің қазіргі қолданыстағы 492-інші бабы бойынша азаматтық тұлғаларға салынатын айыппұлдардың көлемі бар-жоғы 5, 10 және 15 айлық есептік көрсеткішті (10 605 теңге, 21 2010 теңге және 31 815 теңге) құрайды. Қазіргі кезде Мәжілісте талқыланып жатқан «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жасаушылар осы айыппұлдардың көлемін 15-тен 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтуды ұсынды. Сонымен қатар, баспанада тіркеусіз және төлқұжатсыз тұру мерзімін 3-тен 1 айға дейін қысқарту ұсынылды. Айта кетелік, қазіргі қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 492-інші бабының 1-інші тармағы бойынша, пәтерді жалға алып, 10 күннен 3 айға дейін тіркеусіз тұрған азаматтарға ескерту жасалады.

Бұған қоса, жаңа заңда аталған кодекске тағы жаңа екі түзету енгізілді. Мәселен, тіркеусіз және төлқұжатсыз тұрған үйлердің, ғимараттардың, бөлме-жайлардың иелеріне әкімшілік жауапкершілік белгіленіп, соның ішінде азаматтық тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 15 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 айлық есептік көрсеткіш, ірі бизнес субъектілеріне – 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салынады. Аталған заңбұзушылықтар қайталанған жағдайда айыппұлдар көлемі екі есеге дейін ұлғаяды. Атап айтарлығы, тұрғын жайларды жалға берушілердің әкімшілік жауапкершілігін белгілеу олардың сауаттылығын арттырады. Мұндай жаңашылдық «резеңке пәтерлер» мәселесін оң шешіп қана қоймай, азаматтардың тіркеусіз және төлқұжатсыз тұруына тосқауыл қояды.

Сонымен қатар, заң жобасын дайындаушылар Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзып, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын азаматтық және заңды тұлғалардың жауапкершілігін айыппұлдарды өсіру жолымен қатайтуды ұсынып отыр. Мысалы, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 518-інші бабының 1-інші тармағы бойынша, азаматтық тұлғаларға салынатын айыппұлдар көлемін – 5-тен 15 айлық есептік көрсеткішке, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10-нан 30 АЕК-ке, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15-тен 40 АЕК-ке, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылған. Осы баптың 5-інші тармағында тиісінше азаматтық тұлғаларға – 15-тен 50 АЕК-ке, лауазымды тұлға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 25-тен 100 АЕК-ке, орта кәсіпкерлікке 30-дан 150 АЕК-ке, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 45-тен 300 АЕК-ке дейін айыппұлдарды өсіру туралы айтылған. Атап айтарлығы, қазіргі қолданыстағы осы бап бойынша салынатын айыппұлдар заң бұзушыларға ешқандай әсер етпейді. Керісінше заңсыз миграция арналарын ұйымдастырудан түсетін табыстың көлемі айыппұлдардан анағұрлым көбірек.

Талқыланып жатқан заң жобасы аясында Ішкі істер министрлігі тағы екі заңға – Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-атқарушылық кодекске түзетулер енгізді. Біріншіден, Қылмыстық кодекстің 51-інші бабы «Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағынан мәжбүрлеп шығарылады және оларға Қазақстан Республикасының аумағына 5 жылға дейін кіруге тыйым салынады» деген түзетумен толықтырылды. Екіншіден, Қылмыстық-атқарушылық кодексте жазасын өтеген шетелдіктерді елден шығару тетігін реттеу мәселесі ұсынылған. Атап айтқанда, елден қуылатын иммигрант Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына дейін ел Үкіметі бекіткен тәртіппен шығарылады және оған 5 жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салынады (Қылмыстық-атқарушылық кодекстің 70-інші бабы).


Ел ішіндегі көші-қон ағынын бақылау жөніндегі халықаралық тәжірибеге үңілетін болсақ, әлемнің елдерінің көпшілігінде тіркеу институты барын көреміз. Мемлекет осы инстиуттың көмегімен миграциялық ағындарды бақылай алады. Тіркеу институтының негізгі іргетасы азаматтардың тіркеуге алу мен ел ішіндегі қозғалысын бақылау болып табылады. Мысалы, Әзербайжанда азаматтарды тіркеу хабарламалық сипатқа ие. Әр азамат өзінің жаңа тұрағы туралы 10 күн ішінде мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуі тиіс. Ал елге 60 күннен асатын уақытқа келген шетелдіктер үш күн ішінде хабарлама жібереді. Егер азамат 60-тан асатын күнге келген болса, ол тіркеуге тұратын жерге жеті жұмыс күнінде тіркеледі. Мемлекеттік көші-қон қызметі тіркеуді «бір терезе» қағидатымен іске асырады.

Тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркелудің хабарламалық жүйесі Беларусьта да бар. Айтарлығы, бұл елде келген жері бойынша міндетті емес тіркеу (1 жылға дейінгі мерзімге келген жағдайда) жүйесі де жұмыс істейді. Тіркеу тәртібін бұзған азаматтарға алдымен ескерту жасалады, заң бұзушылық қайталанса – айыппұл салынады. Шетелдіктер Сыртқы істер министрлігінде, ішкі істер бөлімінде және тіркеуге құқығы бар қонақ үйлерде бес жұмыс күні ішінде тіркелуге міндеттелген. Грузияда да азаматтарды тұратын жеріне тіркеу хабарламалық негізде іске асырылады. Алайда, тіркелу үшін төлқұжат немесе жеке басын куәландыратын құжат қажет.

Германияның тәжірибесі тіптен бөлек. Ел ішінде басқа жерге қоныс аударатындар жеті күн ішінде тіркелуге міндеттелген. Оларға сол ауданның тұрғындарын тіркейтін мекеме қызмет көрсетеді. Мұндай шара белгілі бір жердегі тұрғындардың дәлме-дәл санын білуге, сондай-ақ табыс салығын бөлуге мүмкіндік береді. Германияда табыс салығының қомақты бөлігі әлгі табыс табушы тіркелген елді-мекеннің бюджетіне түседі. Ал жылдың соңында тіркеуге сәйкес, әрбір тұрғынға табыс салығын төлейтін карта үлестіріледі. Осы себептен азаматтарды тіркеу үдерісіне жергілікті билік ерекше бақылау орнатқан. Тіркеумен бір мезгілде әр азаматтың мекен-жайы жалпы мәліметтер базасына енгізіледі. Осы базадағы мәліметтердің көмегімен мемлекеттік органдар көші-қон саласындағы барлық мәселелерді біліп, дер кезінде шешеді.

Өзбекстанда да төлқұжат жүйесі мен азаматтарды тіркеу жүйесі жұмыс істейді. Атап айтарлығы, сонау 1990 жылдардың ортасынан бастап, Ташкент қаласында басқа қалалардан келген азаматтарды тіркеуге тыйым салынған. Көші-қон ағындарын бақылау саласындағы АҚШ пен Ұлыбританияның тәжірибесі бір-біріне қатты ұқсайды. Мысалы, АҚШ-та азаматтарды тіркеу институты деген жоқ. Бірақ шетелдік азаматтарды есепке алу тәртібі енгізілген. Мемлекеттік органдар америкалықтардың ел аумағындағы қозғалысын медициналық полистердің, банк карталарының, салық төлейтін құжаттарының және сайлаушышылар тізімі бойынша бақылап отырады. Осының негізінде мемлекет азаматтардың бір штаттан екінші штатқа қоныс аударуының статистикасын жүргізеді. Тура осыған ұқсас тәжірибе Ұлыбританияда бар.

Соңғы жаңалықтар