Хромтау аудандық сотының 2016 жылғы 17 қазандағы үкімімен Хромтау аудандық ІІБ қызметкерлері С.Қадыржанов, Б.Бахрадинов және Б.Құрманбай ҚР ҚК-нің 146 бабының 2 бөлігі 1 тармағы бойынша мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында лауазымды иелену құқығы шектеле отырып 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы үкім бойынша айыпталушылар арнайы әскери шендерінен айырылды.
Істің материалдарына жүгінсек, аталмыш Хромтау аудандық ІІБ ғимаратында полиция қызметкерлері топтасып жәбірленуші М.Құспановқа алаяқтыққа қатысты мәліметтер алу және оны мойындату үшін психикалық және физикалық қысым көрсеткен. Осы мақсатта олар күдіктелген азаматқа сот сараптама айғақтаған дене жарақатын салған.
Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы полиция қызметкерлеріне ҚР ҚК-нің 146 бабының 2 бөлігі бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот бұрын олардың соттылығы болмағанын, жұмыс орындары мен тұрған жерлерінің берген жақсы мінездемелері мен С.Қадыржанов пен Б.Құрманбайдың кәмелетке толмаған балалары бар екендігін ескере отырып аталған баптағы ең төменгі шекті бас бостандығынан айыру мерзімін тағайындады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.