Назарбаев айт намазын оқып пітір садақа берді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев айт намазын оқып пітір садақа берді

Назарбаев айт намазын оқып пітір садақа берді

Бүгін әлемдегі миллиардттаған мұсылман үшін Исламның ең ұлық мерекесі Құрбан айт басталды. Қасиетті күнге орай таңсәріде еліміздің барлық мешітінде айт намазы оқылып, Қазақстан мұсылмандарын құттықтау үшін Президент  Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне арнайы келді. Осы жерде Назарбаев, әлемдегі қарулы қақтығыстың өршуіне себепкер болып отырған 3 қауіпті атады. Оған жол бермеудің жолы бірлікте деген Елбасы айт намазын оқып, пітір садақасын да берді.

  • 25 Қыркүйек 2015
  • 331
Фото - Caravan.kz

Таң қылаңдап атқаны сол еді, мешітке ағылған көлікте есеп жоқ. Әрине, Алла үйіне әркім өз жолымен келеді. «Әзірет Сұлтанға» қаланың әр түкпірінен жаяу жеткен жамағатты полиция ішке түгел тінтіп кіргізуде. Қауіпсіздік шараларының күшейтілуі бекер емес. Себебі мұнда Елбасы келе жатыр. Мәртебелі мейман ат басын бұрамын дегенше, 15 мыңнан астам мұсылман тілін кәлимаға келтіріп, жүзін құбылаға бұрып айт намазына жығылды.

Ұлық мерекеде жыл сайын «Әзірет Сұлтанға» келетін Нұрсұлтан Назарбаев та айт намазын оқыды. Бұл сәтті камераға түсіруді қаламаған Елбасы жеке дұға қылып, Аллаға жалбарынды. Сөйтіп мерекені мешіттен бастаған президент ел мұсылмандарын Құрбан айтпен құттықтап ізгі ниетін білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдегі мұсылмандардың барлығын шын жүрегіммен  Құрбан Айт мерекесімен құттықтап, мүбарак болсын деймін. Бүгінгі Құрбан айт күні туған туысқандар бір-бірімен кездесіп, қауышып өткендегі кемшіліктері үшін  бір-бірінен кешірім сұрайды. Жақындасады. Одан әрі да бірігеді.

Төзімділік пен кешірім туралы көп тілге тиек еткен Назарбаев әлемдегі қарулы қақтығыстың негізгі үш себебін атады. Біріншісі жер дауы, екіншісі ұлтаралық жанжал, үшіншісі дінаралық қақтығыстың көбеюі төзімділіктің жоқтығынан екен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Мұсылмандардың өздері бір-біріне пышақ жұмсап, адамды қойша бауыздап жатқанынан біз аулақпыз. Мұндай мұсылмандық емес, ол зомбылық зорлық. Ол қылмыс деп санау керек. Сондықтан мен қазақстандықтар дұрыс жолмен жүрсе екен деймін. Болашақ балаларымызды дұрыс жолға тәрбиелесе екен деп ойлаймын. Бүгін халыққа бақ береке мен төзімділік пен шыдамдылық тілеймін.

Осыдан соң мемлекет басшысы мешіттегі жамағатпен сөйлесті. Аңтарылып қалған жұрт Елбасыны жаппай ұялы телефондарына түсіріп, бір жасап қалды. Мұсылмандық міндетін орындаған Нұрсұлтан Назарбаев зекет беруді де ұмытқан жоқ. 2000 теңге пітір садақасын президент жәшікке емес, электронды терминалға салды.

Елбасы секілді пітір садақасын беріп, дұға қылғандар   «Әзірет Сұлтан» мешітіне таңнан қара кешке дейін ағылып жатыр.  Биыл бейсенбіге сәйкес келген Құрбан айт мемлекеттік мереке болғандықтан оның алғашқы күні елімізде демалыс. Тура 3 күнге созылатын ұлық мерекеде қан шығарып, құрбан шалған әр мұсылманға сауап молынан жазылғай.

Соңғы жаңалықтар