Қазақстан 2016 жылы «Центральное», «Хвалынское», «Еуразия» мұнай жобаларына қатысады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан 2016 жылы «Центральное», «Хвалынское», «Еуразия» мұнай жобаларына қатысады

Қазақстан 2016 жылы «Центральное», «Хвалынское», «Еуразия» мұнай жобаларына қатысады

Қазақстан 2016 жылы бірнеше ірі мұнай жобаларын іске асыруды қолға алғалы отыр. Ел билігі бұл жөнінде өз жоспарын жария етті.

  • 5 Қаңтар 2016
  • 622
Фото - Caravan.kz

Солардың бірі — «Центральное» кен орны. Бұл кеніш Ресей аумағында орналасқан. Қазақстан тарапы 2016 жылы осы кен орнын бірлесіп пайдалану құқығын иеленуді көздеп отыр. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі құқыққа ие болғаннан кейін жобалық зерттеу жұмыстарын жүргізу және осы кен орнында жүзеге асырылатын инженерлік зерттеулерден қоршаған ортаға келетін зиян мөлшерін бағалау жоспарланды.

«Центральное» кен орны Каспий теңізіндегі ресейлік бөлігінің шегінде орналасқан, бірақ оны зерттеу жұмыстары қазақстандық серіктестіктің қатысуымен жүруі тиіс. Оның қоры 169,1 млн. тонна шартты отынды құрайды. Барлауға арналған лицензия мерзімі 2009 жылы аяқталған. Ресей заңнамасы Каспий қайраңында жекеменшік құрылымдардың жұмыс істеуіне тыйым салып, бұл құзыретті мемлекеттік құрылымдарға бергендіктен компаниялар жаңа лицензияны ала алмады. 2015 жылғы қазан айында Ресей мен Қазақстан президенттері Ресей үкіметіне «Центральное» кен орнында мұнай мен газға геологиялық барлау жүргізуге және өндіруге арналған лицензияны ресімдеуге мүмкіндік беретін хаттамаға қол қойды. Лицензия аукционсыз және конкурссыз 25 жыл мерзімге, әрі жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған кезеңмен 7 жыл мерзімге дейін беріледі деп болжануда. Кен орнын игеруді ресейлік-қазақстандық «Центральное» мұнай-газ компаниясы» бірлескен кәсіпорны (50 пайызы — «ҚазМұнайГаз» компаниясында, «Лукойл» мен «Газпром»-да — 25 пайыздан) жүзеге асыратын болады. Болашақта Өнімді бөлу туралы келісімнің параметрлерін дәл белгілеу үшін серіктестер кен орнын одан әрі игеруді жалғастырмақшы.

 «Хвалынское» жобасы бойынша ағымдағы жылы кен орны көздерін зерттеудің техникалық-экономикалық негіздемесін қарастыруды жалғастыру және өнімді бөлу келісімінің шарттары бойынша мәмілеге келу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы бұл жобаларды Ресей тарапымен талқылау көзделіп отыр.

 «Хвалынское» мұнай-газ конденсатты кен орны Каспий теңізі акваториясының солтүстік бөлігінде орналасқан және Өнімді бөлу туралы келісімнің шарттарына сәйкес игерілуі тиіс. Кен орнының қоры 322 миллиард текше метр газды, 18,398 миллион тонна конденсатты, 241,897 миллион тонна мұнайды құрайды. Игеруді құрамында «ЛУКОЙЛ (50 пайыз), «ҚазМұнайГаз» (25 пайыз), Total және GDF Suez (қалған 25 пайыз) болатын «Каспий мұнай-газ компаниясы» жүзеге асыратын болады.

Қазақстанның тағы бір іске асырғалы отырған ірі қадамдарының бірі — «Еуразия» мұнай жобасы.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы «Еуразия» халықаралық мұнай жобасының іске асырылуын белсенді түрде қолдауда және соның негізінде биылғы жылы бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.

«ҚазМұнайГаз» 3 кезеңнен тұратын «Еуразия» жобасына қолдау көрсетуде. Бірінші кезеңде қолда бар деректерді жинау және өңдеу, екінші кезеңде — дала зерттеулері және үшінші кезеңде — тереңдігі 15 км дейін аса терең параметрлік ұңғыны бұрғылау жоспарлануда. Осы жұмыстарға шамамен 1,5 млрд доллардан астам қаржы салынады деп болжануда.

2016 жылы «ҚазМұнайГаз» кейіннен 5-6 компаниядан тұратын бірлескен кәсіпорын немесе консорциум құра отырып, осы жобада ЖШС құруға ниетті.


Бұдан басқа 2016 жылы «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 52,5 млрд теңге салуды көздеп отыр. Атап айтқанда, осы сома шеңберінде 2000 км астам 2Д сейсмика және 1,5 мың шаршы км астам 3Д зерттеулер жүргізу және шамамен 48 барлау ұңғымаларын қазу жоспарлануда.

ҚР Энергетика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан көмірсутегілерінің шамамен 80 пайызы Каспий жағалауы кен орындарында шоғырланған, бірақ олардағы мұнай қоры біртіндеп және тұрақты түрде сарқылуда, бұл шамамен 15-20 жылдан кейін Теңіз және Қарашығанақ  сияқты ірі кен орындарында өндірістің төмендеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қазақстанның 15 шөгінді бассейндерінде жүргізілген кешенді зерттеулердің нәтижелерінде сарапшылардың жасаған қорытындылары бойынша Каспий жағалауы ойпатының тереңде жатқан геологиялық ресурстары 67 млрд тонна шартты отын және 27 млрд өндірілетін отын көлемінде бағаланып отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, ел билігі бұдан бұрын уақытша тоқтатылған кен орындарын қайта жандандыруды да қолға алды. Солардың бірі — «Құрманғазы» кен орнында іздеу-барлау жұмыстары қайта басталмақ.

2015 жылы бұл кен орнында бұрғылау және сейсмиканы қоса алғанда ешқандай өндірістік жұмыстар жүргізілмеген болатын.

Жойылған ұңғымалардың сағаларына мониторинг жүргізу және кен орнында жүргізілетін қосымша іздеу-барлау жұмыстарының жобаларын құру жоспарлануда. Кен орны «ҚазМұнайГаз» және «Роснефть» арасындағы Өнімді бөлу туралы келісім үлгісіндегі келісімшарт негізінде игерілетін болады. 2006 және 2009 жылдары «Құрманғазы» кен орнында екі барлау ұңғымасы қазылған болатын. Кен орны бойынша жүргізілген алдын ала болжамдар көп үміт күттіріп, бірнеше миллиард тонна қорға бағаланғанымен, нәтижесінде аса зор мұнай көзі анықталмады. Осыдан кейін жобаны жабу туралы ұсыныс жасалған еді.

ҚР Энергетика министрлігі жобаны жабу туралы шешім Қазақстан және Ресей үкіметтері деңгейінде қабылданбағандығын және келісімшарттың әлі де қолданыста екендігін мәлім еткен. 2014 жылы өткізілген үкіметаралық комиссия отырысында барлау жұмыстарын қайта жандандыру туралы шешім қабылданған болатын.

ҚР Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, болжамды қор көлемі 2,8 миллиард шартты отынды құрайды және олар тереңде жатқан палеозой қабаттарында орналасқан, ал барлау жұмыстары аса жоғары тәуекелмен байланысты. Дегенмен, күдіктен үміт басым. Осы жаңа ірі жобаларды жүзеге асыру ел экономикасының көтерілуіне үлкен септігін тигізетіні даусыз.

Соңғы жаңалықтар