Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Өтіп бара жатқан апта ішінде елімізде бірқатар ірі кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Мәселен, Д.Назарбаева ҚР Үкімет басшысының орынбасары болса, Б.Сапарбаев Ақтөбе облысына, ал А.Мұхамбетов Қостанай облысына әкім болып кетті. Мұнан өзге де тағайындаулар жергілікті атқарушы билікте те орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық ауыс-түйіске шолу жасайды.

  • 13 Қыркүйек 2015
  • 815
Фото - Caravan.kz

Сонымен Елбасы Жарлығымен Дариға Назарбаева ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды. ол 1963 жылы 7 мамырда Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. 1980-1983 жж. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыған. Саяси ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. Ағылшын, итальян, неміс тілдерін меңгерген. «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице- президенті. «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның президенті, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның директорлар кеңесінің төрайымы болған. 2004-2007 жылдары — ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Республикалық «Асар» партиясының тізімі бойынша сайланған депутаты, «Аймақ» депутаттық тобының жетекшісі. 2007-2012 жылдары — «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры» Қоғамдық қорының директоры. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болды. 2014 жылғы 3 сәуірден Қазақстан Парламенті Мәжілісінің вице-спикері, сондай-ақ "Нұр Отан" партиясы фракциясының жетекшісі. 

«Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі. Жаңа тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары болды. 2001 жылдан бастап Еуразиялық Медиафорумының ұйымдастырушысы және ұйымдастыру комитетінің төрайымы. «Парасат» және ІІ дәрежелі "Барыс»  ордендерімен және Француз Республикасының Әдебиет және өнер орденімен, медальдармен  марапатталған.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында туылған. Алматы Халықшаруашылығы институтын бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Аппаратының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің вице-министрі -Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бастап 2007 жылға дейін Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары — Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкімет Өкілі болып қызмет етті. 2007 жылдың ақпанынан бастап 2007 жылдың тамызына дейін Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі қызметін атқарды. 2007 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында болған. 2009 жылдың 4 наурызында Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 2014 жылдың 11 қарашасынан бастап бүгінге дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болды. «Құрмет» орденімен (1999 ж.), «Астана» (1998 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.) медальдарымен марапатталған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды.

Архимед Бегежанұлы Мұхамбетов 1972 жылы туған. Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін бітірген. Мамандығы бойынша — инженер-электрик, қаржы бакалавры. Еңбек жолын Ақтөбе қаласының коммерциялық құрылымдарында бастаған. Ақтөбе облысының сыртқы-экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының бастығы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі қызметтерін атқарды. 2011 жылғы 22 шілдесінен осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметінде болды.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша СҚО әкімінің өкімімен СҚО әкімінің индустрияландыру, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары болып Манкеев Мұхтар Наурызбайұлы тағайындалды. М.Манкеев 1984 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау кентінде туған. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін, Финляндияда «инженер», «экономика бакалавры», «Бизнес-әкімшілендіру магистрі» мамандықтары бойынша Оулу университетін бітірді. 2005-2007 жылдары «Жасыл ел» Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы, «Жасыл ел» республикалық штабының басшысы лауазымында болды.  2007-2011 жылдары «Самғау» ұлттық холдингі» АҚ менеджері, PETROFAC International (Аксай қ, Лондон қ) кен орындарын дамыту жөніндегі инженер, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Инжиринг және технологиялар трансферті» АҚ Технологиялар трансферті департаментінің директоры қызметтерін атқарды. 2011-2013 жылдары — «Астана Innovations» АҚ басқармасының мүшесі — басқарушы директор болды. 2013 жылдан бастап, қазірге дейін ҚР БҒМ «Ғылым қоры» Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры және «Фин Бизнес Хабы» (Финляндия-Қазақстан) компаниясының директоры болып жұмыс істеді.

Қызылорда облысы әкімінің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі өкімімен  Жазира Жақсылыққызы Жылқышиева Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.  Жазира Жылқышиева 1970 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын — физика пәнінің мұғалімі, 2005 жылы «Болашақ» университетін — заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Жалағаш ауданындағы № 31 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1992-2001 жылдары Жалағаш ауданындағы № 202 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жалағаш ауданындағы № 31 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2001-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасында бас маман, Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бөлім бастығы, 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасында бөлім бастығы, Қызылорда облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, 2007-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2011 жылдан осы кезге дейін Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. 


Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы болып Аманбек Жұмыров келді. Ол 1964 дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын, Атырау мұнай және газ институтын бітірген. 2010 жылдан қалалық №2 емхананың бас дәрігері қызметін атқарған.

Шымкентте жаңадан құрылған Қаратау ауданында прокуратура ашылды. ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Кәрім Әділ Әбдіқадыр оның басшысы болып тағайындалды. Ол 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін және Ломоносов атындағы ММУ магистратурасын бітірген. Прокуратура органдарында 2004 жылдан бастап Орал көлік прокурорының көмекшісі болып еңбек жолын бастады, Орал қаласы прокурорының көмекшісі болды. Соңғы жұмыс орны — Алматының Алмалы ауданы прокурорының орынбасары.

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып Айгүл Стаханқызы Мұхамадиева сайланды. Ол 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, М.Тынышбаев атыедағы Қазақ көлік және комуникация академиясын бітірген. 2015 жылдың маусымынан «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарушы директоры болған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ  Басқарма төрағасының (Президентінің) міндетін атқарушы болып Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлы тағайындалды. Қилыбай Нұрдәулет Игілікұлы 1978 жылы 10 сәуірде Маңғыстау облысында дүниеге келген. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Тасымал процесін басқару жөніндегі инженер, қаржыгер. Оның еңбек жолы Қазақстан Республикасының темір жол көлігімен байланысты. Еңбек жолын 1999 жылы «Қазақстан темір жолы» РМК Атырау тасымал бөлімінің Маңғышлақ стансасында кезекші ретінде  бастаған. Кейін қабылдаушы-тапсырушы, бас маман болып қызмет етті. 2002-2008 жылдар аралығында «ҚТЖ» ҰК» ЖАҚ-да түрлі лауазымдарды атқарды. 2008-2011 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Жол қатынасы комитеті төрағасының орынбасары, «Вокзал-сервис» АҚ Президенті, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жолаушылар тасымалы жөніндегі  басқарушы директоры. 2011 жылдан бастап 2013 жылға дейін «ҚТЖ»ҰК» АҚ-да, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде басшы қызметінде болды. 2013 жылдың тамызынан 2015 жылдың қыркүйегі аралығында — «ҚТЖ» ҰК» АҚ Аппарат басшысы — Басқарушы директоры.

Соңғы жаңалықтар