Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Өтіп бара жатқан апта ішінде елді елең еткізер бірқатар тағайындаудың орын алғаны белгілі. Әлқисаның басы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңестен бастау алған-ды. Дәл осы жиында Жерге қатысты заңнама төңірегінде туындаған халықтың наразылығына байланысты Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев отставкаға кеткен еді. Содан жоғары эшолондағы ауыс-түйіс басталып кетті. 

  • 7 Мамыр 2016
  • 1228
Фото - Caravan.kz

Әрине, Жер мәселесі қозғалған соң таяқтың бір ұшы Ауыл шаруашылығы министрлігіне де тиетіндігі белгілі. Ақорда төріндегі жиынның өткеніне тәулік толмастан бұл ведомствоның тізгінін ұстаған Асылжан Мамытбеков те әріптесінің жолын қуып, отставкаға кетіп тынды. Оның орнын «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болған Асқар Мырзахметов басты. Мұнан бөлек, сол кеңесте ҚР Президенті бастамашы болған Ақпарат және коммуникация министрлігі де едел-жедел құрылып, оның тізгінін кім ұстайтындығы айқындалып отыр. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға дәстүрлі шолуын жасайды.

Сонымен, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бос қалған бірінші орынбасары орынтағына бұған дейін ҚР Президентінің кеңесшісі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед келді. Партия Төрағасы  Елбасы Н.Назарбаев ұйымның Саяси кеңес бюросы отырысына өз орынбасарын арнайы келіп таныстырды.

Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед 1960 жылы туған. Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген, заң ғылымдарының докторы, профессор. 1982 — 1992 жылдары Қазақ Кеңес энциклопедиясының ғылыми редакторы, аға ғылыми редакторы, философия, құқық және социология редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек етті. 1992 — 1999 жылдары — «Атамұра» баспа корпорациясының президенті. 1999 — 2001 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Заң шығару және құқықтық реформа жөніндегі комитетінің хатшысы, Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы. 2001 — 2003 жылдары — Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі. 2003 — 2007 жылдары —  Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары — Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы. 2007 — 2008 жылдары — Қызылорда облысының әкімі. 2008 — 2010 жылдары — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі. 2010 — 2011 жылдары — Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі. 2012 — 2013 жылдары — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. 2013 — 2014 жылдары — Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі. 2014 — 2015 жылдары — Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2015 жылдың наурызынан мамырына дейін — Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау үшін құрылған республикалық қоғамдық штабтың басшысы. 2015 жылғы 5 мамырдан бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет етті.

Ал бұған дейін атап өткеніміздей Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қызметін атқарған Мырзахметов Асқар Исабекұлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тізгінін қолға алды.

А.Мырзахметов 1962 жылы дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы және экономика мамандықтары бойынша білім алған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Аспирантураны аяқтаған соң 1988-1991 жылдары Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші, кейіннен аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 1991-1997 жылдары шаруашылық субъектілер мен қоғамдық ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған. 1997 жылдан 2006 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Премьер-Министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бірінші вице-министрі және Ауыл шаруашылығы министрі лауазымдарында қызмет атқарған. 2006 жылдың сәуірінен 2007 жылдың қыркүйегі арасында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2007 жылдың қыркүйегінен 2009 жылдың наурызы аралығында — «Оңтүстік» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. 2009 жылғы наурыздан 2015 жылғы тамызға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2015 жылғы тамыздан бастап осы тағайындауға дейін "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Ұлттық экономика министрі  болып Қуандық Бишімбаев тағайындалды. Ол 1980 жылы 11 сәуірде дүниеге келген. 1999 жылы «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2001 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Дж. Вашингтон атындағы Университет жанындағы Менеджмент және Бизнес Мектебін (АҚШ) бітірген. Бизнес басқару магистрі дәрежесіне ие болған. 2002 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді. 2001-2002 жылдары — «Қазақстан даму банкі» АҚ бас менеджері. 2002 жылдың тамыз айынан 2003 жылғы наурызға дейін — Бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің функционалдық талдау бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және инвестициялық саясат департаментінің Инвестициялық жоспарлау және талдау басқармасы бастығының орынбасары. 2003-2005 жылдары «Ұлттық инновациялық қоры», «Маркетингтік және талдаулық зерттеулер орталығы», «Ордабасы» Корпорациясы» акционерлік қоғамдарында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. 2005-2006 жылдары — Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі. 2006-2007 жылдары — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі. 2007-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі. 2008-2010 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2010-2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда вице-министрі. 2011-2013 жылдары — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары. 2013 жылдың 22 мамырынан «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төрағасы қызметін атқарып келді.

Жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігін Дәурен Абаев басқаратындығы да осы аптада белгілі болып отыр. Д.Әскербекұлы 1979 жылы Алматы облысында туған. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін үздік бітірген. 2014 жылы Еуразия гуманитарлық институтын тәмамдаған. 2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді. 2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Нидерланды Корольдігіндегі Елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарды. 2007 жылдың мамыры мен 2007 жылдың желтоқсаны аралығында — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Баспасөз қызметі бөлімінің бастығы. 2007 жылдың желтоқсаны мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында — Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты. 2008 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қазаны аралығында — Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары. 2009 жылдың қазанынан — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2011 жылдың қазанында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 2013 жылдың шілдесінен осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы қызметін атқарды. І-сыныпты бірінші хатшы дипломатиялық дәрежесі бар. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Бұлардан бөлек, Ерлан Хаиров ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі болып тағайындалды.  Ерлан Қартайұлы 1978 жылы 15 маусымда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1999 жылы  «Халықаралық экономикалық қарым — қатынастар» мамандығы бойынша Қарағанды мемлекеттік Е.Бөкетов атындағы университетін бітірген. 1999 жылдан  2001 жылға дейін сыртқы экономикалық байланыстар саласында мемлекеттік органдарында жұмыс атқарды. 2002 — 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2004 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы. 2006 жылы Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің әкімшілік басшысының қызметін атқарды. 2006 жылдан 2007 жылға дейін «Атамекен» кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасының кеңесшісі. 2007 жылдан 2010 жылға дейін сыртқы байланыстар бойынша «Қазақтелеком» АҚ атқарушы директоры. 2010 жылы — «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі АҚ Еуропа елдері бойынша өңірлік директоры. 2011 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестиция комитетінің төраға орынбасары қызметіне тағайындалды. 2013 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы. 2014 жылдың қазанынан бастап Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Тағы бір вице-министр Энергетика министрлігінде тағайындалды. Бұл қызметке Ғани Қалыбайұлы Сәдібеков  келді.


Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясының экономикалық факультетін, сонымен қатар Қырғыз мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді. Еңбек жолын Алматы облысының «Салқын-саз» кооперативінен бастады, кейін Алматы қаласы Совет ауданының әкімдігінде шаруашылық есеп қызметінің директоры және аталған мекемеде инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамыту бөлімінің меңгерушісі болды. 2004 жылдан бастап Алматы қаласы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор, кейін Алматы қаласының аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы, сонан соң ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Балқаш-Алакөл экологиялық департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысының әкім аппаратының басшысы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары және Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Ал V шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болған Мейрам Бегентаев Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды. 

Мейрам Мұхаметрақымұлы 1974 жылы 1 мамырда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Заречное ауылында туған. 1991 жылы Железин орта мектебін бітіріп, Павлодар индустриалды институтына оқуға түсіп, 1996 жылы «Автомобиль және трактор жасау» мамандығы бойынша интситутты үздік аяқтайды. 1994 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттер кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. 1999 жылы Павлодар университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1999 жылдың сәуір айынан бастап Павлодар университетінің мәдениет академиясының директоры, 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап қоғамдық ғылымдар кафедрасының оқытушысы болған. 2003 жылы ІІІ шақырылған Павлодар қалалық маслихатының депутаты болып сайланды. 2003 жылдың қазан айынан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің әкімшілік департаментінің директоры, проректор болып қызмет атқарды. 2005 жылдың сәуір айында «Студенттік және жастар еңбек отрядының Павлодар облыстық штабы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды. 2006 жылдан бастап ҚР студенттік құрылыс және жастар еңбек отрядының республикалық штабының бірінші орынбасары. 2007 жылы IV шақырылған Павлодар қалалық маслихатының депутаты болып сайланды, Павлодар қалалық маслихатының әлеуметтік саясат бойынша комиссиясының төрағасы болды. 2010 жылдың желтоқсан айында бірінші проректор — стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмысы проректоры болып тағайындалды. 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының Павлодар облыстық қоғамдық сайлау алдындағы штабының төрағасының орынбасары болды.

Бұған дейін Шымкент қаласы ІІБ «Қаратау» ауданының полиция бөлімін басқарған Қалаубаев Әсілхан Сәулеханұлы Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметіне келді. 

Ә.Қалаубаев 1963 жылы 4 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысында, Қазығұрт ауданында туған. Ол 1995 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әсілхан Қалаубаев еңбек жолын ОҚО ІІБ-нің патрульдік-күзет қызметінің батальонында милиционер болып бастаған. Одан соң, ОҚО Ішкі істер саласының құрылымдарында түрлі қызметтерді атқарды.

Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып Қайсар Зәкірұлы Маңқараев тағайындалды.

Қ.Маңқараев 1979 жылы дүниеге келген. Жоғары қаржы-экономикалық білімі бар, экономист-бухгалтер. Ол еңбек жолын 2004 жылы ҚР Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төлемге қабілетсіз кәсіпорындар бөлімінің жетекші маманы болып бастады. 2005-2010 жылдары Астана қаласында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) қызметкері болды. 2010-2012 жылдары «ҚР Парламенті шаруашылық басқармасы әкімшілік ғимараттар дирекциясы» РМКК директорының орынбасары болды. 2012 жылдың шілдесінен — «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, төраға міндетін атқарушы. 2013 жылдан бері  Орал қаласы әкімінің экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып Елгезек Ақберен Елгезекұлы тағайындалды.

Ол 1980 жылы Алматы қаласында туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі — тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қалалық ішкі саясат департаменті қоғамдық-саяси бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2003-2015 жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің кеңесшісі, Алматы қалалық ақпараттық-талдау орталығының директоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастар бірлестіктерімен жұмыс істеу бөлімінің бастығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы Адамның үйлесімді дамуы институтының директоры лауазымдарын атқарған. 2016 жылдың ақпан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты қоғамдық мониторинг бөлімінің бас маманы болып қызмет етіп келді.

Осы аптада Алматы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалғаны да белгілі. Бұл қызметке Сұлтанбек Мәкежанов келді.

Сұлтанбек Мәкежанов 1961 жылы Жамбыл облысында туған. Еңбек жолын "Карагандапромстрой" тресінің шебері, инженер-геодезист болып бастаған. Алматы теміржолы комсомолының хатшысы болған. 1990 жылы "Интернационалист" МЖК инженері, 1990-1992 жылдары «Халық қазынасы» кәсіпорны төрағасының орынбасары, "Саян" ЖШС, "Астана-Холдинг банк" АҚ, "Казахинвест" корпорациясы, "Аэлита", "Сириус" ЖШС басшылығында қызмет атқарған. 2002 жылы Манғыстау облысы әкімінің көмекшісі, 2004 жылы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, 2005-2006 жылдары Алматы әкімі аппаратының басшылығында қызмет еткен.

Соңғы жаңалықтар