Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев бүгін «Әдебиет порталына» берген сұхбатында өзінің біраз аға әріптестерін сынап тастады. Мысалы, ол Мұхтар Мағауинді классик жазушылардың қатарына жатқызбайтынын айтқан.
«Ол (М.Мағауин — ред.) нашар жазушы, жаман адам. Тұла бойы толған кек, бітпейтін ыза, тарқамайтын ашу. Шығармаларынан да соны байқадым. Ешқандай суреткерлік жоқ. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бас аяғы жоқ сынық сөйлеммен көркем шығарма жазуға бола ма? Дегенмен, оның табанды еңбегі мен ғалымдығын мойындаймын. Тек, жыраулар поэзиясын ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің еңбегінен ұрлап, өз атына меншіктеп жариялағанын айта кетейін. Оны мен кез-келген жерде дәлелдеп бере аламын» дейді Р.Отарбаев.
Сондай-ақ, әлгі сұхбатта басқа да әріптестеріне баға берген ол тіпті Асқар Сүлейменовті жазушы емес деп салған.
«Оның «Ақ кемпірі» мен «Қара шалынан» басқа жөні түзу көркем шығармасы жоқ. Ол бар болғаны өзінің еркіндігін ғана қорғаған адам. Бірақ әлемдік деңгейдегі этногроф, ғалым еді. Білмейтін дүниесі жоқ» дейді жазушы.