Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қара суықта қатып қалмаудың қамына кіріскен қария бір аптадан бері үй ішінен жертөле қазып жатыр. Өйткені Серікбай Ахметовтің қыста жағатын отыны жоқ. Жалғызбасты ақсақал алатын зейнетақым азық-түліктен артылмайды дейді. Сондықтан екінші топтағы мүгедек үскірік аязда жер астына тығылып жан сақтамақшы.
"Жағатын ештеңем жоқ. Жердің астына кіріп, жылы жерде өмір сүремін. Не істеймін енді?" дейді Серікбай Ахметов.
Қазір қария жертөленің жартысын қазып қойыпты. Алайда қыста жылы жату үшін әлі де тереңдету керек екен.
"Екі метр қазамын. Бойым 1,68 см. Сосын астына жаман көрпелерім бар соны төсеп, үстіме жаман көрпелерді жамылып жатамын" дейді зейнеткер.
Туған-туысы да бала-шағасы да жоқ қария тек көршілерімен араласады екен. Олар да Серікбай Ахметовтің бұл қадамға амалсыздан барып отырғанын айтады.
"Анда-санда келіп кетеді. Мына үйден су алып кетеді. Ешқандай жамандығын көрген жоқпыз" дейді С.Ахметовтің көршісі Рахима Орақова.
Жер астынан жылылық іздеген ақсақал атқамінерлердің де алдына талай барған екен. Алайда ешкім көмек қолын созбапты. Сондықтан былтырғы қыста үйінің едендерін отқа жағып аман шыққан.