Естеріңізге сала кетсек, өткен жұмада Жаңақорғанда талапкерлердің 36-сы-125 балл, қалғандары 110 балдан асыра жинаған еді. Ақырында үш оқушыда алдын ала белгіленген тест жауаптары болғаны анықталды. Сөйтсе, Астанадан мөрі басылып, таңбаланып келген қапшықтар сынаққа дейін ашылып қойылыпты. Комиссия бірден сынақ қорытындысын жоққа шығарып, емтихан қайта тапсырылатын болып шешілген. Бірақ ата-аналар мұнымен келіспей, біраз шу шыққан еді; тіпті полициямен қақтығысып, теміржолды жабуға дейін барды. Ал бүгінгі емтихан өткендегідей емес, тыныш өтті.