Астанада ғалымдар сәулелік диагностиканың сапасы мен тиімділігін арттыру мәселелерін талқылауда - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада ғалымдар сәулелік диагностиканың сапасы мен тиімділігін арттыру мәселелерін талқылауда

Астанада ғалымдар сәулелік диагностиканың сапасы мен тиімділігін арттыру мәселелерін талқылауда

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Астана медицина университеті» АҚ және Қазақстанның рентген-радиологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Осы заманғы диагностикалық және интервенциялық радиология» тақырыбында IV Еуразиялық радиология форумы басталды,

  • 15 Маусым 2011
  • 442
Фото - Caravan.kz

деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Форум жұмысына бірқатар ірі халықаралық ұйымдар: Еуропалық радиологтар қауымдастығы, Еуропалық кардиорадиологтар қоғамы, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның радиологтар қауымдастығы, қоғамдық үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау министрі С. Қайырбекова кіріспе сөзінде мұндай форумды республикамызда өткізудің маңыздылығын, талқыланып жатқан мәселелердің өзектілігін атап өтіп, ғалымдар мен мамандардың мұндай кездесулері медицина ғылымына да, практикалық денсаулық сақтау саласына да игі әсер ететініне сенім білдірді. Радиологтардың форумын Қазақстанда өткізу замана тынысына, Еуропа мемлекеттерінің өзара тең іс-қимылының ұйымдық құрылымын құру бойынша жаңа қадамдарды тынбастан ізденіп жүрген Елбасы Н. Назарбаевтың стратегиясына сай келетінін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда диагностикалық үрдісте рентген-радиологиялық әдістердің маңызы өте зор. Соңғы онжылдық ішінде ғылыми-техникалық прогрестің арқасында компьютерлік және магнитті-резонансты томография, ультрадыбыстық және интервенциялық зерттеулер секілді жаңа технологиялар пайда болып, емдеу-диагностикалау мақсатында сәтті қолданылып жүр.

Форум мақсаты — рентгенрадиологиялық қызмет көрсету сапасын жақсарту, озық тәжірибені ендіру, ұлттық медициналық қауымдастықтардың, денсаулық сақтау мәселелерін шешетін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың арасында диалог және ынтымақтастық орнату.

Ғалымдар мен тәжірибелік дәрігерлер екі күн бойы сәулелік диагностиканың сапасы мен тиімділігін арттыруға, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді, озық технологияларды ендіру жолдарын кеңінен талқылады.

Форумның жұмыс нәтижелері бойынша республика халқын сәулелік тексерудің сапасын жақсартуға бағытталған, денсаулық сақтау жүйесіне жаңа технологияларды одан әрі ендіруге бағытталған шаралар туралы қарар қабылданды.

Форум 16 маусымға дейін созылады.