Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы:
— Екі сержантты соққыға жыққан. Қолдарына түскен заттарымен оларға жарақат салған және автокөліктің есігін, жарық бергіштерін сындырған.
Оларды оқиға орнына келіп жеткен жол сақшылары құтқарып қалған. Соққыға жығылғандар «Сұңқар» мобильдік тобының қызметкерлері. Олар қаладағы дәмханалардың бірінің маңында арақ ішіп отырған он шақты жігіттің құжаттарын тексермек болған. Бірақ ішімдікке қызып алған топ тәртіп сақшыларына жұдырық ала жүгірген. Бұзақылар екі полицейді дәмхананы қоршап тұрған шарбақ таяқтарымен де ұрған. Абырой болғанда тәртіп сақшылары рация арқылы әріптестерін көмекке шақырып үлгеріпті. Бұзақылардың тек төртеуі ғана ұсталды. Олардың жас шамасы 17-25 аралығында. Қалғандары қашып кеткен. Тәртіп сақшылары жеңіл жарақат алыпты. Дегенмен ұсталғандар билік өкіліне қарсылық көрсеткендері үшін бес жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.