Осы және өзге де сұрақтарға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, ахметтанушы ғалым Орынай Жұбай жауап береді.
— Қазақ тілі елімізде дамып келе жатыр, тілімізге деген құрмет те көбейген. Тіпті әлемге әйгілі қосымшылардың өзі қазақ тілінде сөйлей бастады. Сұхбатты тіліміздің қазіргі жай күйінен бастасаңыз…
— Әрине біздің тіліміз дамып, жақсы жаққа қарай келе жатыр. Дегенменде орысша оқитындар орысшаға, қазақша оқитындар қазақшаға кетіп жатыр. Қазіргі таңда фильмдерде болсын, сериалдарда болсын орысша араластырып сөйлейтін шыққан. Оның қайдан шыққанын білмеймін. Аударма жағынан бізде қателік көп, соны жөндей білуіміз керек. Абайдың «ақыл көзіңмен тыңда, ақыл көзіңмен оқы» дейтіні бар. Біз өзіміздің әрбір сөзімізге, әрбір аудармамызға ақыл көзімізбен, көкірек көзімізбен қарауымыз керек. Осы біздің менталитетімізге, діліне қаншалықты келеді? Қаншалықты біз дұрыс сөйлеп тұрмыз? Байтұрсынұлы айтқандай «қазақ тілін тізіп беру, ол қазақ тіліне жатпайды» дегендей. Қазақша сөйлеп тұрсың, бірақ ол тілді құрту.
— Жаңа өзіңіз айтып қалдыңыз сериалдарда болсын, фильмдерде болсын орысша қосып араластырып сөйлейтін болды деп. Шұбарлап сөйлеу қазіргі кезде нормаға айналып кеткендей? Осы жайлы не айтасыз?
— Қазір көпшілік орысша араластырып сөйлейді, жасыратыны жоқ. Фильмді жасаушылар өзінше көрерменді тарту, көрерменге жақын болу жағын көздеп тұр. Тек қана сол мақсат. Яғни, затын өзінің тауарын өткізіп жіберу. Ал әрі қарай тәрбиелеу ше? Ол тек қана күлу емес, тек қана қарап көру емес. Әрі қарай оның тәрбиелік мәні болу керек. Міржақып Дулатұлы туралы «Оян қазақты» көріп шықтық. Толық сериалын да көрдік, фильмін де көрдік. Көрген сайын жаңа әсер, көрген сайын көзімізге жас толып шықты. Керемет, әсер етіп жатыр. Ол тәрбиелеп жатыр, рухыңды көтеріп жатыр. Қанша халықты тәрбиелеп отыр. Кинотеатрдан шыққан кезде бір жігіт өзі қазақша жөндеп сөйлей де алмайды екен. Сол «жігіттер, бүгіннен бастап қазақша сөйлейік, мен енді қазақша сөйлеймін» деп. Міне, рух оянып жатыр, сана оянып жатыр. Қазақша сөйлеймін деген сөз, орыстарға қарсы күресемін деген сөз емес. Байтұрсынұлының «Ұлтшыл болу – ұлтын сүю деген сөз» атты мақаласы болған. Біз ұлтшыл болудан қашпауымыз керек. Мен ұлтымды сүйемін, ұлтымды сүймесем жер бетінеде не үшін аяқ басып жүрмін? Қазақтарды сүйемін деген сөз басқаларды қырып, жоямын деген сөз емес. Басқаларды да сыйлаймын, бірақ өз ұлтымды сүйемін.
— Қазір қазақ тілінде түрлі аудармаларды көріп жатырмыз. Күліп те жатамыз, жылап та жатамыз. Жақында бір дүкенде «Окорочка замороженный» дегенді «Орталық банктің аяғы қатып қалды» деген аударманы көріп бір күліп те, жылап та алдық. Өзіңіз өміріңізде көрген, естіген тұрпайы аударма қандай болды?
— Өте көп, санын айтып жеткізу де мүмкін емес. Біз сообщение дейміз, Қытай қазақтары «келте хат» дейді. Қандай әдемі. Почтовый ящик дегенді «хат сандық» дейді. Қытай қазақтары балкон сөзінің аудармасы кезінде «самалдық» деп аударған. Себебі, балконға шығып самал ауа жұтамыз. Бірде бір сөздікте «қылтима» деген сөз жоқ. Татақ, матақ деген ешқандай сөз жоқ. Оны қазақ тіліне аудармау үшін әдейі жасалып жатқан қастандық. Мазақ қылып жатқан нәрсе. Әйтпесе, балконда тұрсаң 17-ші қабатта тұрсаң мүмкін қылтиятын шығарсың, бірақ екінші қабатта тұрсаң қылтимайсың. Сондықтан бұл жағына келгенде бізде жөндейтін нәрсе өте көп.
— Елімізде әлі де өз тілін білмейтін адамдар көп. Оның себебі неде деп ойлайсыз? Оны қалай ретке келтіре аламыз?
— Ана тілімізді, тілдік жүйені дұрыстап меңгертуге мән беру керек. Мектепті бітірген кезде ағылшын тілінен үлкен талап қойылады. Біз өлі тілдердің қатары кіріп кетпес үшін күресуіміз керек. Соған қарсы тұруымыз керек. Ал тілді білмейтіндерге келсек, ата-аналар балаларын орыс мектебіне беретіндер әлі де көп. Олардың балалаларын қазақ мектебіне беру керек. Қазақ тілінде білім керемет, бала сусындап шығады. Қазақ мектебін бітірген бала бәрін біліп келеді. Мағжан Жұмабаевтың педагогикасын оқысаңыз, бала басында дауыстыларды айтады, дауыссыздарды айтады. Басында зат есімді айтады, сосын сын есімді айтады. Яғни, мектепке келгенге дейін бала сөйлей біледі. Ойын оңай жеткізе алады. Бірақ оның бастауыш деп аталатынын, баяндауыш деп аталатынын, анықтауыш болатынын бала білмейді. Балаға осыларды үйрету керек, содан кейін оның қалай қолданылатын норманы үйрету керек. Барлығы қазақ тілінде сөйлеу үшін билік басынан бастау керек. Мысалы, Димаш. Димаш қай елге барса да бәрін қазақша әндеткізіп қояды. Димашқа еліктеп қазақша үйреніп жатқандар өте көп екен, қай елде де көп екен. Бұл біздің мақтанышымыз. Біздің ағылшынша сөйлегеніміз немесе өзге тілде сөйлегеніміз кімге керек? «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай біз бірінші кезекте бала тәрбиесіне мән беруіміз керек. Мен өз балаларымды бір ауыз орысша, бір ауыз ағылшынша сөйлетпей өсірдім. Ол қоғаммен күрескенмен бірдей. Себебі, теледидардың және басқалардың барлығы орысша. Енді қазір немеремді қазақша сөйлетуге күресіп жүрмін. Кішкентай балаға арналған материалдар аз. Ағылшынша түрлі материалдар бар. Баланың тілін қазақша сөйлету үшін күресіп отырмыз. Әліппені көрсетіп, ертегі айтып кешке дейін барымызды салып жатырмыз. Қазақша бірдеңе алайын десең ештеңе жоқ. Бар, бірақ өте аз. Сондықтан біз бірінші кезекте бесігімізді түзеуіміз керек. Қазақ тілі қазаққа ғана керек. Қазақ тілінің жүйесінің бұзылмағаны, норманың сақталғаны қазаққа ғана керек. Сондықтан сөзіміздің тоқ етері, «ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей ұлтымызды сүю керекпіз. Ұлтшыл деген – ұлтымызды сүю деген сөз. Қазақ тілін сүю керекпіз, оны қастерлеуіміз керек. Кезінде профессор Ербол Жанпейісов деген ағайымыз болатын. Сол кісі үнемі «тіл киелі, ғылым киелі. Киемен ойнамаңдар, киесі ұрады» дейтін. Тіл киелі, өзіміздің тіліміздің киесін қашырмайық. Қадірін қашырмайық, қадірін кетірмейік.
— Сұхбатыңызға рақмет!