Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы аумағында сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы аумағында сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі

Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы аумағында сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті.

  • 12 Сәуiр
  • 52
Фото: Ақорда

Президент, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтап, бұл мереке ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап.

– Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздегі су тасқынына байланысты қалыптасқан қазіргі ахуалға тоқталып, осындай кезде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда ғылымға жете мән берілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымызды, осының салдары енді көрініп жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды деп санайды.

– Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, жауапты министрліктерге тиісті саланы, ал әкімдіктерге аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарау міндетін жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қолдану әлеуетіне ерекше тоқталды. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр.