Апатты аймаққа президенттің өзі барғаны дұрыс. Үйсіз қалған ел көктемнің мына ызғарында паналайтын жер таба алмай әлі босып жүр. Уақытша болса да баспана мәселесін ешкім әңгіме қылып жатқан жоқ. Тек болады деген сөз ғана. Қашан? Қалай? Бұл сұрақтар халықтың күн сайын сұрап келе жатқаны, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Алайда кешегі үкіметтің берген есебіне көз жүгіртсек, былай делінген:
— су тасқынынан зардап шеккендер қираған баспананың орнына дайын үй сатып алуға немесе жаңа тұрғын үй салуға қол жеткізе алады (әкімдікке хабарласу қажет);
— егер мүлік қалпына келтіруге жарамды болса, онда ЖАО-ның мердігерлік ұйымдарымен немесе мүлік иесінің өз күшімен жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзделген (әкімдікке хабарласу қажет).
Одан бөлек, несиелер төлемі шегерілетіні айтылған. Дәл қазіргі жағдайда халықты несие мәселесі емес, қайда барып паналайтындары алаңдатып отыр. Бір күнде үйсіз қалу оңай емес.
Қызылжарда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқанын, 10 345 адам эвакуацияланған. Қазір өңірдегі су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам мен 906 техника жұмылдырылыпты. Бүгін Солтүстік Қазақстанға барған мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі осылай есеп берді.
Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылғанын айтты.
Ел басшысы апатты жерге өзі барғаны жақсы. Жағдайды өз көзімен көріп, су басқан жерлерді тікұшақпен қарап өтсе ТЖМ да, әкімдік те Астананы құлақтан тебе алмай қалады. Әйтпесе, өздерін жарты патша сезінетін облыс әкімдеріне екі қойың бір сом ғой.
Президент өз сөзінде тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынатынын, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетінін хабарлады. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегерілетінін жеткізді. Қ. Тоқаев бұған дейінгі сөздерінде де ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын айтқан болатын.
Қазір жер-жердегі қолда бар күштің барлығы су тасқынымен күрес жұмыстарына жұмылдырылып жатқанын көріп жатырмыз. Бүгінге дейін 113 693 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Ал апатты-құтқару жұмыстарына жауапты органдардың 34 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.
Бұдан бөлек халық көрсетіп жатқан көмекті де атап өтпеуге болмайды. Белсенділер мен еріктілердің тәулік бойғы кезекшілігін былай қойғанда, қазірге дейін зардап шеккен өңірлерге 1 445 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген екен.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бұл қиындықты да бірге еңсереріміз сөзсіз. Бастысы халық аман болсын.