Экономист Айбар Олжаев елдің экономикасына болжам жасады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
2024 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикалық өсім, барлық негізгі секторлардың даму динамикасы бойынша Еуразиялық одақ елдерінен артта қалды. Ішкі жалпы өнім көлемін Армения 9,2%, Қырғызстан 8,8%, Ресей 5,4%, Беларусь 4,1 пайызға арттырған. Біз 3,7 пайыз өсім көрсеттік. Ең қауіптісі екі фактор: біз өндіріс көлемінің өсуі бойынша 3,8 пайыз көрсетіп, бұл жерде де аутсайдерміз және болашақ дамудың ең маңызды индикаторы – негізгі капиталға инвестиция көлемін сәуір айында былтырғымен салыстырғанда 16,8 пайызға құлдыратып алдық. Өндіріске инвестиция келмей жатса қалайша сапалы (шикізат емес, дайын өнім бойынша) өсе аламыз деген сұрақ туындайды.
Қазақстан экономикасы 2029 жылдың қорытындысы бойынша 450 миллиард доллар болуы тиіс. Мемлекет басшысы өзіне және Үкіметке осындай KPI қойған болатын. Яғни, 2030 жылдың басында жаңа президент сайланғанда, ол Қазақстанды 450 миллиард доллар ішкі жалпы өніммен қабылдап алады деп жоспарланған. Бәрімізде Қазақстан 2022 жылы постпандемиялық дағдарысты еңсеріп, 2023 жылы мықты старт алады деген үміт болды. Бекітілген межеге жету үшін жыл сайын 6-7 пайызбен өсіп отыру керек. Бірақ «үйдегі көңілді түздегі нарық бұзады» дегендей, бәрі біз ойлағандай болмады.
Қазіргі қалпымызбен жүре берсек, 2029 жылы қандай деңгейде боламыз? Доллардың теңгеге шаққандағы бағасын 450 деп орташа алып, модельдеп көрсек.
2023 жылдың нәтижесінде біздің экономика 120,56 триллион теңге, ал доллармен 270,92 миллиард болды. Дүниежүзілік банк 2024 жылы қазақ экономикасы 3,4 пайызға өседі десе, біздің үкімет негізсіз оптимизм танытып, 5,3 пайызға өсеміз деп отыр. Азия даму банкі өсім 3,8% болар деген пікірде. Осы 3,8% өсімді негізге алсақ, 2024 жылдың нәтижесінде 125,14 триллион теңге немесе 281,21 миллиард долларға жетеміз. 2025 жылы Дүниежүзілік банк 4,7%-ға өсесіңдер деп отыр, ал үкімет болжамы одан жоғары. Сондықтан орташа есеппен 5 пайыз деп аламыз. Ондай болса 2025 жылы ішкі жалпы өнім 131,39 триллион теңге немесе 295,27 миллиард доллар болады.
2026 жылдардан бастап бізде бұл мерзімге халықаралық қаржы ұйымдарының объективті болжамы жоқ болғандықтан, үкіметтің «орташа жылдық өсім 5,8% болады» деген ұзақ мерзімді болжамын негізге аламыз. Онда 2026 жылы ішкі жалпы өнім 139,02 триллион теңге (312,4 млрд $), 2027 жылы — 147,08 триллион теңге (330,52 млрд $), 2028 жылы — 155,61 триллион теңге (349,69 млрд $), 2029 жылы — 164,64 триллион теңге (369,97 млрд $) болады.
Сонда президенттік мерзім біткенде біздің экономика межеленген 450 миллиард доллар емес, шамамен 370 миллиард долларға жетеді деген көңілге ауыр тиетін болжам шығып тұр. Олай болмас үшін, екі шарттың бірдей орындалуы қажет.
Біріншісі – мұнай өндірісін күрт арттыру. Басқаларға қарағанда жас болып саналатын Теңіз және Қашағанда кеңейту жұмыстарын тез арада іске асырып, оған қоса кемінде бір үлкен мұнай кенішін барлап, ашу керекпіз. Ал саяси блок ОПЕК мәселесін реттеп, олар бізге шектеу қоймайтындай қылуы тиіс. Қазір біз жылына 90 миллион тонна мұнай өндірсек, оны кемінде 130 миллион тоннаға жеткізу керек болады.
Екіншісі – тікелей инвестиция көлемін арттырып, экспорттық нарықтарды кеңейту. 2023 жылы біз 27 миллиард доллар инвестиция тартсақ, 2025 жылдан бастап жыл сайын кемінде 35 миллиард доллар тартып отыру қажет. Сол кезде ескі кәсіпорындар жаңарып, кеңейіп, жаңа зауыт-фабрикалар салына бастайды.
Ауызбен айтуға оңай. Ал шын мәнінде 2029 жылдың қорытындысы бойынша 450 миллиард долларға жету дегеннің ауыр жұмыс екенін енді аңғаруға болады. Бізге 6 жылда қосымша 179 миллиард долларға өсу қажет.
Қазаққа үлкен арман, биік мақсат керек. Ұлтымыз сол кезде ғана дами бастайтынын байқадық. Экономика – біздің барлық өмірімізді, жүріс-тұрысымызды, не жеп, не киетінімізді реттейтін дүние. Аш адам рухани өсе алмайды. Маслоу пирамидасындағы тұрмыстық қажеттіліктерін жапқан халық қана рухани, мәдени дамуға мүмкіндік алмақ.