Өткен аптада Қазақстанның қаржы секторына: барлық банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандырушы индустрия, қаржылық мекемелерге қазақ тілінің тағдырын өзгерткен хат келіп түсті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мемлекет тарапынан осы қаржылық секторды қадағалап отырған реттеуші екі алпауыт (ҰБ, ҚНРДА) енді барлық мекемелердің сыртқы және ішкі құжат айналымы қазақ тілінде жүрсін деген қатаң талап қойды.
Кез-келген хат, сыртқа немесе компанияның өз ішіндегі қызметтік жазбалар, бәрін қазақша жазасың. Орысша келген хатқа орысша жауап нұсқасын бересің, бірақ оның жауабы алдымен қазақша болуы тиіс.
Мемлекет тек талаппен шектелген жоқ. Жоғарғы білім министрлігінің осы корреспонденцияны қазақша қалай рәсімдеу керек, яғни қазақ тіліндегі түрлі хат формаларының шаблоны жасалған үлкен нұсқаулығын тіркеп берді. Терминдердің қазақша ресми аудармасы, хат үлгілері бәрі бар. Жоғарғы білім министрлігі тамаша, үлкен жұмыс атқарыпты.
Отандық қаржы ұйымдары құжат айналымын электронды түрде «Документолог», «Лотус», «Ландок» сынды ақпараттық жүйелерде жүргізеді. Ол жүйелерде комплаенс-қадағалаушы онлайн режимде қай хаттың қай тілде жіберілгенін қадағалап отыра алады.
Ал кеңсе егер хат талапқа сай рәсімделмесе оны тіркемейді. Яғни, нөмір берілмейді. Осылайша Қазақстанның қаржы секторы бір күн ішінде, осы аптадан бастап түгел құжат айналымын қазақ тіліне ауыстырып үлгерді.
Отандық қаржы секторында қазір шамамен 80 мың адам жұмыс істейді. Және олар қоғамның ең прогрессивті, жоғары білімді, әр нәрсені цифрмен, алгоритммен шешетін бөлігі. Олардың қазақ тіліне толық көшуі мемлекеттік тілді дамытудағы маңызды фактор бола алады. Тілді қызыл сөз бен жалаң ұран емес, осындай техникалық шаралар ғана күшейтетіні нақты байқала бастады.