Сарапшының айтуынша, еліміздің 35% аумағы ғана қазір зерттелген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қанат Құдайберген тау-кен саласына шынайы қызығушылық танытқан маман. Ол осы салаға 15 жылын арнаған. Әлем елдерінің тәжірибесін көрген. «Energy Podcast» ютуб арнасына берген сұқбатында Қазақстанның болашағы мен мүмкіндіктері туралы сөз қозғады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда жаңа кен орындары ашылмады. Нарық экономикасында бір аяғымызбен кеңес дәуірінде қалып қалдық. Кеңес одағынан бері келе жатқан ірі компаниялардан басқа, шағын не орта кәсіп қолға алынбады. Сол бұрыннан келе жатқан стандарттар халықаралық стандарттарға сай келмейді. Мысалы өзіміздің стандарт бойынша минералды қорымыздың көрсеткіші — 0,5% болып есептелсе, халықаралық стандартқа сай мүлде жоқ. Сол себепті 2018 жылы жаңа кодекс қабылданды.
«Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Алайда бізге келген шетелдік компанияларқа ұсынарымыз жоқ. Халықаралық аренада біз ұтылып отырмыз. Келген компанияларға бірден айтамын, геологиялық зерттеуден бастап ақша құю керектігін. Сол себепті олар кетіп қалып жатты. Жаңа кодекс қабылданған соң, мәселенің бір ұшы шешілді. Қазір геологиялық зерттеуге инвестиция тартылып жатыр. Соңғы 6 жылда 2000-нан аса лицензия берілді. Бұл жақсы көрсеткіш», — дейді маман.
Қажетті құралдар арқылы Қазақстан Канада мен Аустралия дәрежесіне жете алады. Министрліктің статистикасына қарасақ, тау-кен саласының, жалпы территориямызыдың 35%-ы ғана зерттелеген.
«Мысалы, Батыс өңірлерінде бұрынғы теңіздің орны болған жердегі шөгінді жыныстарды (осадочная порода) зерттеуге болады. Ол жерге біз әлі барған жоқпыз. Австралия, Канада және Африка елдерінде бұл практика кеңінен қолданылып келеді. Ол теңіздің кеткен жерлері, бұрынғы түбі болған жер. Теңіздің астында бір қабат бар, балшық. Оның астында қойнауда бар. Ол жерден көптеген пайдалы қазбалар шығаруға болады. Үстіртте марганецтің және темірдің кішігірім көрсеткіштері бар. Ол жерге де жеткен жоқпыз. Одан тереңірек қазба жұмыстарын жүргізуге болады. Ол жерде не барын әлі ешкім білмейді. Пайдалы қазбалар бойынша істелетін жұмыс көп», — деді Қанат Құдайберген.
Бір кен орнын ашуға кемінде 5000 адам жұмыспен қамтылады. Яғни, жаңа кен орындарының ашылуы, өз кезегінде, жаңа жұмыс орны, инфрақұрылымның дамуына алып келеді.