Қазақстандағы ипотека нарығын «махаббат қызық мол жылдар» күтіп тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 491.7
  • 531.28
0 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы ипотека нарығын «махаббат қызық мол жылдар» күтіп тұр

Қазақстандағы ипотека нарығын «махаббат қызық мол жылдар» күтіп тұр

Әр банкте бір Отбасы. Антимонополия мекемесінің жобасы ипотека нарығын өзгерте ала ма?

  • 17 Шiлде
  • 21
Фото: ашық дереккөз

Бұл пікірді қаржы маманы Айбар Олжаев білдірді. Сарапшының айтуынша, еліміздің қаржы нарығында бәсекелестік артады. Ол сапаның жақсарып, проценттердің төмендеуіне алып келеді. Бүгін кешеге қарағанда жақсы болса, ертең бүгінге қарағанда анағұрлым жақсы болмақ, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Антимонополия бойынша агенттік тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі Отбасы банк монополиясын жойып, осы жүйемен барлық коммерциялық банктер айналыса алатындай жағдай жасамақ. Ол үшін бірнеше заң актілеріне, әсіресе тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы заңға өзгерістер енгізілуі тиіс. Бұл жолда агенттікті қаржыгерлер қауымдастығы мен қаржы нарығын қадағалаушы қолдап отырғандықтан, істің соңына дейін жететіні күмән тудырмайды. Келесі жылдың басынан бастап коммерциялық банктер тұрғын-үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша салымдар қабылдауға бет бұратынын сезіп отырмыз.

Бұдан бірдеңе өзгере ме?

Алдымен, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі деген не, соған жауап іздейік. Өте қарапайым түсіндірсек, адамдар банкте алдын-ала келісілген белгілі бір қаржыны депозит ашып, белгілі бір уақыт бойы жинайды. Сол шарттарды орындаса, жинаған қаржы сомасындай қаржыны несие ретінде алады. Қазақстан кезінде ТҮКЖ жүйесінің жабық, германдық моделін таңдап, Ұлттық Банк қабырғасында арнайы мекеме ашу арқылы енгізген болатын. Қазір осы жүйені сол мекемеден бастау алған Отбасы банк жүзеге асырады.

Мысалы, шот ашып 3 жылда 10 миллион теңге жинауға міндеттенесіз. Ал банк 3 жыл өткеннен кейін, келісілген 10 миллионды жинап берсеңіз, сізге оның үстіне 10 миллион теңгені алты немесе тоғыз жылға береді. Сонда 20 миллион теңгеге баспана аласыз.

Бұл жерде басты сұрақ, әрине процент. ТҮҚЖ жүйесінің тиімділігі мен қауіпсіздігі осында. Заң бойынша, жинақтау депозитіндегі процент пен кредит процентінің арасындағы айырмашылық 3 пайыздан аспауы тиіс. Яғни, сіз депозит жинағанда сізге 2% сыйақы берілсе, демек сіз кредит алғанда 5% мөлшерлеме төлейсіз. Жабық системаның схемасы мынадай: сырттан, бюджеттен ақша керек емес, адамдар депозит жинап жатады, ал арасынан шартты орындағандары сол жинап жатқан адамдардың депозиті есебінен несие алады. Бұл әрине пирамидаға келіңкірейді, бірақ мемлекет қадағалайтын қауіпсіз пирамида.

Енді, ТҮҚЖ жүйесін ұйымдастыратын қаржы ұйымына бұдан қандай пайда бар деген сұраққа келсек. Олар арадағы 3% спредтен пайда алады және қанша адам қай уақытта несие ала алатынын болжай алатындықтан, салымшылардан жиналып жатқан депозиттердегі дәл қазір басы бос ақшаны қысқа мерзімді РЕПО операцияларына салып, содан қазынашылық кіріс алады. Яғни, басы бос өтімділікті пайдаланады. Бұл біраз банкке қызық болары анық.

Коммерциялық банктің ТҮҚЖ жүйесіне келуінен бізге қандай пайда бар?

Отбасы банктің барлық дерлік операциялары цифрланғандықтан, басқа банктерде бұл жүйенің ашылуынан бізге инфрақұрылымдық (ыңғайлы, қолайлы, уақыт үнемдейді, тб) плюс болады деп айта алмас едім.

Барлық плюс шарттарында. Түрлі коммерциялық банктер «3% спред» қағидасын сақтай отырып, сан алуан шарттар ұсына алады. Тіпті 3% ипотека пайда болуы мүмкін. Тек сен онда депозит жинағанда, саған ешқандай сыйақы төленбейді. Немесе 10% ипотека. Онда депозит жинағанда ауыз толтырып айтарлықтай 7% сыйақы қосылып отырады. Осылайша коммерциялық банктерге ТҮҚЖ аясында түрлі вариациялар ойлап табуға болады.

Мұнда да өз жинағаныма процент төлеймін бе?

Осы сұрақ міндетті түрде қойылар еді. Демек бірден жауап бере кеткенім дұрыс. ТҮҚЖ жүйесінің дәл мен көрсеткен стандартты моделінде (Отбасы банкте ол Тұрғын үй заемы деп аталады) өз жинаған ақшаңызға процент төлемейсіз. Банк берген сомаға ғана процент жүреді.

Онда неге Отбасы банк өз жинағанына процент қосып береді деп сұрайсыз ғой. Тұрғын үй заемында процент қосылмайды. Ол тек Аралық заемда ғана бар. Аралық заем дегендер, бірден 50 пайыз ақшасын құя салып, ипотека алғысы келетіндер. Яғни олар 3 жыл бойы ақша жинап күткісі келмейді. Жүйенің қаржылық моделін, капитализациясын бұзбас үшін, оларға толық сома банк тарапынан несие ретінде беріледі. Ал өздерінің салған ақшасы 3 жыл бойы пісу үшін жинақтаушы депозитке жіберіледі.

Коммерциялық банктер ТҮҚЖ жүйесін ашатын болса, олар тек тұрғын үй заемы сияқты модельмен жұмыс істейді деп ойлаймын. Бұл жерде басы ашылмаған бір мәселе ғана қалады. Ол 20% мемлекеттік премияға қатысты.

Үкімет ТҮҚЖ жүйесіндегі барлық банк салымшыларына мемлекеттік премия төлеуге келісе ме? Жоқ әлде, ол тек Отбасы банк артықшылығы ретінде сақталып қала ма? Бұл мәселені антимонолиялық орган нақтылай жатар.

«Қалай болғанда да, Қазақстандағы ипотека нарығын «махаббат қызық мол жылдар» күтіп тұр. Еліміздің қаржы нарығында бәсекелестік артады. Ол сапаның жақсарып, проценттердің төмендеуіне алып келеді. Бүгін кешеге қарағанда жақсы болса, ертең бүгінге қарағанда анағұрлым жақсы болмақ», — деді Айбар Олжаев.