"Төрт жыл бойы спортқа кеткен бюджет қаржысын түгендесін": Қазақстан олимпиададаны төмен нәтижемен аяқтады - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Төрт жыл бойы спортқа кеткен бюджет қаржысын түгендесін": Қазақстан олимпиададаны төмен нәтижемен аяқтады

"Төрт жыл бойы спортқа кеткен бюджет қаржысын түгендесін": Қазақстан олимпиададаны төмен нәтижемен аяқтады

Спорт саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді.

  • 12 Тамыз
  • 18
Фото: ашық дереккөз

Токионы кездейсоқтық дедік, ал Париж олай емес, нағыз дағдарыс екеніне көз жеткізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Енді спорт және туризм министрлігі бастап, бокс, күрес т.б қаптаған федерациялар қостап, халықтың алдында есеп беріп, журналистерді жинап баспасөз мәслихатын өткізсін. Төрт жыл бойы спортқа кеткен бюджет қаржысын түгендеп берсін, деді журналист.

Жеңгеніне де, жеңілгеніне де көлік мінгізіп, үй беріп, президенттің алдына сақалын қырғызып алып барғаннан мәселе шешіліп, олимпиададағы нәтиже өзгеріп кетпейді.

Қазақстан жалпы есепте 43-орынмен Олимпиаданы аяқтады. Бұл біз күткен нәтиже ме?

Еліміздің атынан қатысқан көп спортшылар Парижді көріп, қайту үшін барған сияқты. Көздерінде от, қарсыласын жеңуге деген құлшынысын байқамадым, деді Қуаныш Рахметоллаұлы.

Елдос Сметов арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысып, көзінен от ойнап, жеңіске деген жігері ерекше болды. Олимпиада чемпионы қалай болу керектігін, қалған спортшыларға көрсетті. Бірақ олар одан еш нәтиже шығара алмай, турист болып елге қайтты.

Бұл көрсеткіштен кейін еліміздегі спорт саясатын түбегейлі өзгерті керек деген пікір білдірді Шыңғыс Мұқаш.

Біріншіден, Қазақстандағы барлық бокс үйірмелерін (тек бокс емес, олимпиада спорт түрлерінің барлығын) түгендеп: материалдық-техникалық, әдістемелік, ғылыми жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, балалар мен жастарды кешенді көрсеткіштер бойынша үнемі талдап отыру керек.

Екіншіден, Бокс федерациясы сонау Аралдағы бокс үйірмесіне барып жүрген баладан Астананың сол жағалауындағы үйірмеге барып жүрген балаға дейін барлығының жүрек қағысынан функционалдық-тактикалық дайындығына дейін алақандағыдай көріп отыруға тиіс. Кейде облыстық федерациялар мен облспорттар әркім өз баласын шығарып, бір-бірімен бәсекелесіп жатады. Ондай алауыздықты қойған жөн.

Үшіншіден, шамамен Артаев, Сәпиев, Серсекбаевтар мәнерінде бокстасатын стиль болса, қазақ боксының осы бір үздік үлгісін барлық үйірмелер басшылыққа алса екен.

Төртіншіден, спорт ғалымдары кезінде ешкімге дес бермеген Куба, бүгінде төр бермей жатқан өзбек боксын зерттеп, жарып шыққан әрбір боксшының жүріп өткен жолы мен жаттығу ерекшелігін електен өткізбек керек. Жақсы жағын алайық. Онсыз болмайды.

Себебі аңдардан қашып, геніміз жүгіруге бейім желаяқ ұлт емеспіз. Жауымен жағаласып қалыптасқан ұлтқа спорттың жекпе-жек түрлері тән. Сондықтан бокс пен күреске басымдық бере отырып, спорттың басқа да оң жанбасымызға шақ түрлерінің үйірмелерін мемлекеттік тапсырыспен көбейткен абзал.

Токионы кездейсоқтық дедік, ал Париж олай емес, нағыз дағдарыс екеніне көз жеткізді. Екі Олимпиада қатарынан жар жағалаған боксымызды ғана емес, бүкіл спорт саясатын қайта қарайтын, алдағы 4-8 жылда нәтиже көрсететін жолға салмаса, осы кеткеніміз кеткен.