Астана кездесуі көкейдегі сұраққа жауап берді ме? Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы
Кездесудің ресми құрылымын қозғай кетсек біраз әңгіме айтылды. Аймақтың даму қарқынын айқындайтын құжаттарға қол қойылды. Біршама ортақ мәміле жасалды.
Орталық Азия ішкі мәселесін шеше алмаған аймақ. Шекарада атысып жататын, суға таласатын елдері бар. Сауда барьерлерімен ойнайтын шенеуіктері аз емес. Сол себепті мемлекет басшылары осылай жиналып тұрғаны дұрыс.
Кездесуде біздің президент Тоқаев бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп келе жатқанын айтып, тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесін қозғады. «Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды», — деп, ағынан жарылды.
Қауіпсіздікпен қатар, өзара сауда-саттықты жолға қою туралы айтылды. Тауар айналымы біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткішті қазіргі 11 миллиард доллардан 15 миллиард долларға жеткізу мақұлданды.
Білім саласындағы әріптестік те сөз болды. Қазақстанда аймақтағы елдерден келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Біздегі білім ордалары АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университеттерімен стратегиялық серіктестік орнатты. Қазақстанның көптеген аймағында шетелдік оқу орындарының филиалдары жүйелі түрде ашылып, студенттерді белсенді қабылдай бастады. Бұған қоса Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны артып, технопарктер мен инженерлік орталықтар іске қосылып жатыр.
Астана кездесуі нәтиже бергені анық. Ташкентпен бәрін айта беруге болмайтын біраз шаруа шешілді.
А мен Д линиялары. Қазақ көмейіндегі Сердар жүрекке бара ма?
Енді ең маңызды кезең — Тоқаевтың алдағы Ашхабад сапарындағы Бердімұхамедовтермен келіссөзі. Түркіменстанның негізгі газ экспорты Ресейден Қытайға ойысты. Түркімен-Қытай газ құбырының «А» линиясы Қазақстан арқылы өтеді. Ашхабад Қытайды Қазақстанды айналып өтетін Д линиясын салуға асықтырып отыр. Сол кезде экспорты өсіп, бюджеті толықпақ.
Астана оған қарсы емес. Біз де Ресейді айналып өтіп, диверсификация жасап жүрген елміз. Енді түркімен газы өзімізге де керек болып тұр. Ресейден алған тауарлы газды тұрмыстық мақсатқа қолдансақ, ал газохимия секторын дамытып, ГПЗ-лар салуды жүзеге асыру үшін Ашхабад қажет.
Осындай мәселелер шешіліп жатса, Орталық Азияда жаңа архитектураның фундаменті пайда болады.