Аталған елде күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын. Жасөспірімдердің ғаламдық жарысында отандық бозкілем шеберлері бақ сынап, жеті медальмен оралды.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі қазақстандық спортшылардың Аммандағы нәтижелеріне шолу жасады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Грек-рим күресі: Екі финалда алтынсыз қалдық
Классикалық күрес шеберлері әлем біріншілігінде екі салмақта финалға шықты. Алайда, әлемдік доданың алтын медалі бірде-бір спортшымызға бұйырған жоқ.
55 келі салмақта Алпамыс Болатұлы алтынға таласқан. Турнир барысында Жапония, Иран және Армения балуандарын айқын басымдықпен жеңген Алпамыс финалда америкалық қарсыласынан 2 ұпай айырмасымен жеңіліп, күмісті қанағат тұтты.
80 келі салмақта ақтық сында айқасқан Еркебұлан Анапия Ресей атынан сынға түскен нейтралды атлет Михаил Шкаринге есе жіберді. Есеп айырмасы үлкен болмаса да, жеңіс қарсыластың еншісінде кетті.
Одан бөлек, Дамир Әбілда (45 келі), Едіге Төлеутаев (48 келі) және Ерасыл Мұсан (51 келі) қола медаль үшін күресіп, жеңіліп қалды.
Грек-рим күресінен Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Алмат Кебіспаевтың айтуынша, он салмақтың бесеуінде жүлдеге таласу – жаман көрсеткіш емес.
«Әлем чемпионаты балуандарымыздың деңгейін бағамдап берген ірі дода. Он салмақта апарған балуанымыздың бесеуі медальға таласты. Бұл көрсеткішті жақсы бағалаймын. Десе де, алтын медаль алатын мүмкіндік жоғары еді. Әсіресе, 55 келідегі Алпамыс Болатұлы жақсы күресті. Өзінің аздап қателік жібергені бар, төрешілер де аздап қырын қарады. Не десек те, алтын бұйырмай тұр екен.
Ал 80 келідегі Еркебұланның қарсыласы өте мықты екен. Ресейлік балуан. Бұл белдесуде төрттаған болмады, төреші тік тұрып күресуге мүмкіндік берді. Енді жасөспірімдер құрамасын гимназиада ғана күтіп тұр. Бұған осы жарысты елімізде ұтқан балуандар баратынын айттым. Кейбір балуандарымыз жастар құрамасына ауысады», — дейді Кебіспаев.
Әйелдер күресі: Қоржында – үш қола
Бұрымды балуандарымыз әлем біріншілігін үш қола медальмен аяқтады. Өкінішке қарай, бірде бір спортшымыз финалға шыға алған жоқ.
46 келі салмақта Медина Қуанышбек қола жүлдегер атанды. Ол кіші финалда украиналық қарсыласын 6:5 есебімен ұтты.
57 келіде Анна Стратан үздіктер қатарынан көрінді. Қазақстандық балуан қола медаль үшін күресте грекиялық Мэйри Маниден басым түскен.
Сондай-ақ, 65 келідегі Ұлдана Тілеухан қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, әлем чемпионатының қола медаліне қол созды.
Одан бөлек, үш балуанымыз жұбаныш белдесуінде жеңілсе, Жайдар Мұқат (61 келі) қола медаль үшін өткен кездесуде түрік балуанына есе жіберді.
Еркін күрес: Еншімізде бір күміс, бір қола бар
Еркін күрес шеберлері де Амманнан жүлдесіз қайтқан жоқ. Жақында ғана 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионы атанған Едіге Қасымбек (110 келі) әлемдік доданың финалына да сүрінбей жетті.
Финалға дейін қазақ балуаны Үндістан, Жапония және Иран спортшыларын жеңгенімен, ақтық сында америкалық қарсыласынан айла асыра алмады.
65 келі салмақта Бақдәулет Әкімжан қола жүлдегер атанды. Бақдәулет жартылай финалда қырғыз балуанына есе жіберсе, кіші финалда грузиялық қарсыласын 9:1 есебімен жеңді.
Ал 45 келідегі Бекзат Амангелді қолда тұрған қоладан айырылып, қарсыласынан таза жеңілді.
Осылайша, еркін күрестен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатын жалпы есепте 8-орынмен аяқтады. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы бесінші, әйелдер құрамасы жалпы есепте үшінші орын иеленген.