"Шетелдік спортшыларды азаматтық беріп жалдау тәжірибесінен бас тарту керек": Тоқаев спорт саясатындағы мәселелерді көтерді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Шетелдік спортшыларды азаматтық беріп жалдау тәжірибесінен бас тарту керек": Тоқаев спорт саясатындағы мәселелерді көтерді

"Шетелдік спортшыларды азаматтық беріп жалдау тәжірибесінен бас тарту керек": Тоқаев спорт саясатындағы мәселелерді көтерді

Кәсіби бапкерге басымдық беріп, барынша өзіміздің спортшыларымыздың резервін қалыптастырып алу керек. Бұл қоғамда да жиі сынға түсетін мәселе еді. Соны Президенттің көтергені жөн болды.

  • 28 Тамыз
  • 6
Фото: Ақорда

Өйткені, кез келген легионер, шынтуайтына келсек, ұлттық құрамадағы жас спортшымыздың болашағына балта шабады деді Президент.

Елдегі спорт саласындағы мәселе аз емес. Оны Президент өзі Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде ашық айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы журналист Оңғар Қабден жазды.

Париж Олимпиадасы басталған кезде спорт саласындағы қордаланған мәселелермен бетпе бет келдік. Соның бірі – легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайтынын түсіндік. Бұл спорт саясатының түбегейлі өзгеруі керек екенін көрсетті. Бұрығы тәсіл тиімсіз әрі шығыны мол. Мемлекет қаражаты босқа далаға кетті. Осы ретте, Президент шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты. Өйткені олар болашақ атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық беріп, барынша өзіміздің спортшыларымыздың резервін қалыптастырып алу керек. Бұл қоғамда да жиі сынға түсетін мәселе еді. Соны Президенттің көтергені жөн болды.

Екінші мәселе, олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге жан-жақты қолдау көрсету.

Президент атап өткендей, елімізде 500-ден астам балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Біз дарынды балаларды іріктеп, оларды жас кезінен спорт түрлеріне баулуымыз керек.

Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектелмейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осындай орындар еліміздің әр түкпірінде болса, шалғайда жүрген даныды балардың жаттығуына жақсы мүмкінік туады.

Осы ретте, балаларды жаттықтыратын білікті мамандарды тарту мәселесі де өзекті. Шындығы сол, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды.

Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль.

Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Тоқаев айтқандай, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет. Сонда нәтижеден үміт күтуге болады.

Спортпен тек медаль алу үшін айналысуға тағы болмайды. Бұл ең алдымен ұлттың денсаулығы. Елде салауатты ұлт қалыптастыру үшін денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларында ауқымды реформалар жүргізіп жатыр.

Жиында Президент Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілеп, Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттады. Бұл жиында айтылған мәселелер ұлттық спорттың даму стратегиясы іспетті. Ендігі мәселе проблеманы атап қана қоймай, соған сай әрекет ету керек.