Посткеңестік елдерде зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдер бірінші орында - саясаттанушы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Посткеңестік елдерде зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдер бірінші орында - саясаттанушы

Посткеңестік елдерде зорлық-зомбылықты насихаттайтын фильмдер бірінші орында - саясаттанушы

YouTubeта есірткіні, көшедегі бандитизмді, эскортты, бәс тігуді ашық көрсететін қазақстандық фильмдер, сериалдар толып тұр.

  • 14 Қазан
  • 21
Фото: caravan.kz

Біздің қоғамның ұсынысы басқа. «Пацанская история», «Рэкетир», «Районы» сынды фильмдерді жақсы көреміз. Неге? Саясаттанушы Асхат Қасенғали ойынша, Талғардағы жасөспірімнің өлімі мен оның отбасына жасалып жатқан қастандыққа посткеңестік елдерде ашық таралып жатқан фильмдердің қатысы бар. Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы тарқатады.

«Нашар гений» деген кино көріп отырмын. Тай елі түсірген екен. Кедей отбасынан шыққан қыз жайлы. Кейіпкер өте білімді, алғыр. Керемет фильм. Сюжетін айтқым келмейді, көріңіз. Өкінбейсіз. Әлемде осындай туындылар көп. «Ақылды Уилл Хантинг», «Ақыл-ой ойыны», «Имитация ойыны» сынды фильмдер жетерлік қой. Сюжеттері әр түрлі. Бірақ фильмнің желісі білімді, гений кейіпкердің іс-әрекетіне сай құрылады. 30 жыл бұрын түсірілген «Шоушенка түрмесінен қашу» киносы да дәл солай. Шахматшылар жайлы да туындылар, сериалдар көп. Ондай киноларды көргеннен кейін, кітап оқығың келіп кетеді. «Білімім неткен таяз еді, маған көбірек оқу керек» деген ой түйесің», — дейді саясаттанушы.

Бізде осындай фильмдер бар ма өзі? Бірақ қоғамның ұсынысы басқа-ау. «Пацанская история», «Рэкетир», «Районы» және басқа. YouTubeта есірткіні, көшедегі бандитизмді, эскортты, бәс тігуді ашық көрсететін қазақстандық фильмдер, сериалдар толып тұр. Қаралымдары бірнеше миллион. Жалғыз бізде емес, посткеңестік елдердің көбінде бар құбылыс бұл. «Слово пацана» деген ресейлік сериал былтыр хит болды. Топ болып жиналып, төбелесу, ұрып-соғу, өлтіру. Насихаты сондай сериал ғой. Бірақ көптеген посткеңестік елдерде жақсы қаралды. Неге? Себебі дәл сондай оқиға посткеңестік елдердің барлығында дерлік болған.

90-жылдары барлығы ұқсас жолмен жүріп өтті. Тоқырау, жоқшылық, тапшылық кезеңі болды. Ала дорба арқалаған аналар мен әкелер. Рэкет деген пайда болды. Елдің жиғанын тартып алды, қорқытып алды, кейбіріне «қамқор» боламын деп алды. Бірақ ол заман өтті. Ондай әрекетті мақтап, жақтауды әлі күнге дейін жалғастырып жүрген жандарды түсіне алмаймын. Бандитизмді, рэкетті батыр тұтуға болмайды. «Ана елден бандит келгенде қуып шыққан, мына елден мафия келгенде мойнын бұрап алған» деу арқылы, оларды ел шетіне жау шапқанда қарсы тұрған қаһармандай сипаттаудың қажеті жоқ. Бандит – ол бандит. Сырттан өзі сияқты бандит келсе, ол ең алдымен өзінің ықпал ету аймағын қорғап жатыр деп ойлаған жан бар ма? Бандит өзге елден келгенді де, өз елінде жүргенді де аямайды. Бітті. Оларды мақтай беру, мадақтай беру ешқашан жақсылыққа апармайды.

Қоғамда тағы бір есі дұрыс емес құбылыс бар. Ол «терпила» деген түсінік. Түрмеден келген жаргон ғой негізі. Кеңестік кезеңде пайда болған. Әсіресе бұл қазір мектеп және колледж студенттері арасында бар дүние. Әлімжеттік көріп, үнемі таяқ жейтін балалар болады. Бірақ не ата-анасына, не заңға жүгінбейді. Себебі айтса, жанындағылар «терпила» деп атайды. Сөйтіп көніп жүре береді. Оқу бітіргенше. Ал кейбір жастар өзіне қол жұмсайды. Кейбіреуі мүгедек болады.

«Край», «район» деген түсінікпен жүретіндер бар. Край-край болып, район-район болып төбелесіп жатады. Нағыз ақымақтық. Не үшін, кім үшін төбелесіп жатқандарын өздері білмейді. Топ болып жиналып, жұдырық сілтесу. Салдарынан басқа ауданға көшіп кеткендер, басқа мектепке ауысып кеткендер, сабағы нашарлап кеткендер жетерлік.

Бұлай болмауға тиіс. Біз дұрыс құндылықтарды қалыптастыруымыз қажет. Бандит, рэкет – ол қылмыскер! Ол батыр емес, ол қаһарман емес, ол қаржыны ұрып-соғып, қорқытып, үркітіп табатын кәдімгі қылмыскер. Ол елдің де, ұлттың да қорғаны емес.

Біреуді біреу ұрып-соқса, онда ол жазалану керек. Заңмен. Біреуді біреу ұрып-соқса, үнемі қорласа, онда ол жайлы құқық қорғау органдарына айту керек.

«Дамитын елде ең алдымен дұрыс түсінік болуы қажет. Дұрыс насихат болуы шарт. Заң күшеймей, сана өзгермей мұндай қайғылы жайттар қайталана бере ме деп қорқамын», — дейді Асхат Қасенғали.