Алматыда 2030 жылға дейін тағы 45 шақырымдық метро салу жоспарланыпты, жоба ақпан айында бекітілген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Отандық «Алматыметроқұрылыс» компаниясы бұл жобаны 4,5 млрд долларға салуға дайын. Әр шақырымы шамамен 100 млн доллар. Бұл нарықтағы ең арзан баға екен. Шетелдік, мысалы түркиялық компания ең арзан дегенде метроның әр шақырымын 160 млн долларға салып беруге дайын.
«Алматыметроқұрылыстікі» неге арзан? Бұл сұраққа сарапшы Ербол Азанбек пікір білдірді.
Біріншіден, бұл компания метро құрылысына әбден маманданған. Алматы қаласындағы барлық жасап тұрған метро бекеттерін салған жалғыз компания. Алматының үстіндегі ерекшелігі қара түтін болса, астындағы ерекшелігі — тонналық қара тастар жиі кездеседі екен. Көп компаниялардың құралдары мұны кесуге қауқарсыз, сынып қала береді. Ал отандық компанияда мұндай тастарды кесіп өте алатын, патенттелген технологиялары бар.
Екіншіден, China Rail way Asia- Europe Construction Investment Co, Ltd және China Construction Sixth Engineering Bureau Corp, Ltd компанияларымен консорциум құрған. Үш мықтыдан құрылған консорциум кез-келген метро, ЛРТ, магистральдық темір жол, өте күрделі көпірлерді салуға дайын.
Ал консорциум құруға себеп – Президент қатысқан Қытайдағы «Бір жол – Бір белдеу» форумында айтылған «51 терең әзірлеу» жобасына Алматы қаласының Метроқұрылыс жобасы да кірген. Екінші себеп — жоба да, бюджеті де ауқымды. Консорциумға бірігу арқылы ғана қаржы тарту, бекітілген жоба бойынша метро құрылысын жоспарланған 2030 жылға дейін, уақытында, сапалы аяқтай алады. Ол үшін барлық жұмыс күзде басталып кетуі керек. Алайда біздегі бюрократия оған жол бермейтін сияқты.
Қысқасы, Алматыметроқұрылыста бәрі дайын. Маманданған компания. Консорциум бар, ешкімге салмақ салмай, өздері қаржы тартады, сырттан жұмыс күшін тартпай, отандық мамандарды қатыстыра отырып, уақытында сапалы бітіреді. Салыстырмалы түрде арзан баға ұсынып отыр және жедел кірісіп кетуге дайын.
Алайда Алматы қаласындағы кейбір шешім қабылдайтын кісілер шетелдіктерді қымбат бағаға тартқысы келеді. Ал ол шетелдіктер қазақстандық компанияны қосалқы мердігер ретінде тартамыз деп миығынан күліп отырса керек. Отандық, арзан, сапалы қызмет ұсына алатын, құрал-сайманы дайын компания тұрғанда шешім қабылдайтындар неге шетелдіктерге жүгінгісі келіп тұрады? Бұл метрода ғана емес, көп салада солай. Нәтижесі шашылған қаржы, мерзімі созылған жоба, сапасы өкінішке қарай.