"Халқы барда Кенекеңді өлді деуге болмайды": Кенен Әзірбаевтың әндері филармония сахнасында қайта жаңғырды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 "Халқы барда Кенекеңді өлді деуге болмайды": Кенен Әзірбаевтың әндері филармония сахнасында қайта жаңғырды

 "Халқы барда Кенекеңді өлді деуге болмайды": Кенен Әзірбаевтың әндері филармония сахнасында қайта жаңғырды

Халық ақыны, әйгілі сазгер, белгілі әнші, сал-серінің соңы Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 140 жыл.

  • 1 Қараша
  • 49
Фото: caravan.kz

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасында тағы да бір маңызды іс-шара өтті. Халық ақыны, әнші-композитор, «Алатаудың бұлбұлы» Жетісу кәсіби ән мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концерті өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауының артында күні бүгінге дейін екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденше рет жинақ болып жарияланды.

«Кенен атамыздың кей шығармалары үлкен полотнодағы музыкалық еңбектерге арқау болды. Мысалы, Евгений Брусиловский оның Затаевич нотаға түсірген бір әнін «Қыз Жібек» операсында пайдаланған. Кенекең есімі, Кенекең бейнесі бүгінде өнерлі ізбасарлары мен өрендерінің көркем туындыларына арқау болар объектіге айналып отыр», — деген еді Нұрғиса Тілендиев. Тіпті Нұраға киелі өнерде Жамбыл мен Кененді өзіне пір тұтты. 

Кештің шымылдығы «Ата толғауымен» ашылды. Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі сүйемелдеді. Көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері, профессор Жалғасбек Бегендіков және Халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсековтің дирижерлік етуімен ақынның оркестрге өңделген бірнеше шығармаларымен қатар, Н.Тілендиев тағы да басқа Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды.

«Қазақтың халық ақыны Кенен атамыздың 140 жылдығына орай ұйымдастырып отырған концертімізді халық бұрыннан күтіп жүрген сияқты. Бүгін халықтың қарасы көп, аншлаг. Бұл өте қуанышты. Бүгінгі концертімізде Кенен атамыздың халық арасында кеңінен танымал әндері орындалады. Оның ішінде «Бастау», «Бозторғай» сынды туындылар бар. Алтынбек Қоразбаевтың атамызға арнап жазған «Сағындым, Кенен атамды» деген ән де орындалады. Халықтың көңілінен шығамыз деп ойлаймын», — деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құмет» орденінің кавалері, профессор, дирижер Жалғасбек Бегендіков.

Кенен Әзірбаевтың артында өте мол жазба мұрасы қалды. Он дастан, жүзден астам әндері, мыңдаған өлең-жырлары, айтыстары, жеті күйі, басқа да аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазғандары халық игілігіне айналып отыр. Ақынның ән-жырлары баспадан үздіксіз шығып келеді. «Өлеңдер жинағы» (1947 ж.), «Әли батыр» дастаны (1951 ж), «Өлеңдері мен дастандары» (1953 ж), «Әндері» (1955 ж), «Өмірімнің әндері» (1961 ж), «Шығармалар жинағы» (1967 ж), «Аңыздар сыры» (1969 ж), «Таңдамалы шығармалары» (1974 ж), «Кенен Әзірбаев». (Өлең-жырлары, ән текстері, дастандары, 4 том, 1984 ж), «Песни гор и степей» (1984 ж).

Алматы облысынан келген, Өтеген батыр елді мекенінің Әлібек Нұрғожа атындағы ардагерлер халық ансамблі Құматай Қайсанов жетекшілігімен К.Әзірбаевтің «Қордай» әнін орындады. Одан басқа «Бұлбұлға», «Анама», «Қайран жастық, «Ой жайлау», «Басты өлең» атты әндері де халыққа жұбаныш сыйлады.

Кешке арнайы қонақ болып келген Кенен атамыздың ізін жалғаған Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев сахнаға шығып, қазақ дүлділінің өнегелі өмірі мен шығармашалығы жайында сөз сөйлеп, өзінің «Сағындым, Кенен атамды» атты әнінің тарихына тоқталды.

«Кенен атамыздың 90 жылдық тойын алғашқы рет 1974 жылы өткіздік. Мен ол кезде енді ғана консерваторияны аяқтап, Таразға қызметке келген едім. Сол кезде сөзін де, музыкасын да өзіп жазып, «Жүз жасаңыз Кенен ата» деген ән жаздым. 1975 жылы Кенен атамның батасын алайын деп, осы әнімді орындап берген едім. Сол кезде Кенен Әзірбаев «Қарағым, құлағым дұрыс естімейді, бұл әніңді менің ұрпағыма, бала-шағама айтып берерсің» деп батасын берген еді. 1976 жылы атамыз 92 жасында қайтыс болды. Ақтық сапарға шығарып салуға халық көп жиналды. Арасында Нұрғиса Тілендиев те болған еді. Сол кездегі дәстүр бойынша, атамыздың беті ашық, бірнеше жігіт алып бара жатты. Жел тұрып, атамның сақалы желбіреп бара жатты. Сонда Нұрғиса Тілендиев «Айналайын сақалыңнан желбіреген, барасың-ау бәрін тастап» деп жылап келе жатты. Осы сөздер менің көкейімде қалып қойып, жаңа әнімді жазуға арқау болған. 8 жылдан кейін атамыздың 100 жылдық тойында «Сағындым, Кенен атамды» деген әнімді шырқаған едім», — деді Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев.

Кенен атамыздың мұрасын халық арасында жеткізіп насихаттап жүрген Төркен Кененқызы бастаған ұрпақтары көрермендерден қатарынан табылып, ерекше әсер сыйлады.

«Кенен атамыздың мұрасын өшірмей, осындай концерт ұйымдастырып отырған филармония ұжымына алғыс білдіремін. Артындағы ұрпақтары еске алып, осындай мерекелік той ұйымдастырып отырған үлкен бақыт. Ұжымға тілерім, халыққа адал еңбек етіп, өнерлері шыңдай берсін. Алғыс білдіре отырып, филармония ұжымына Кенен атамыздың бейнесі салынған кілемді тарту етемін», — деді Кенен Әзірбаевтың қызы Төркен Кененқызы.

Сонымен қатар, сахнада Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржанова, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсаев, филармония солистері Мәдениет саласының үздігі Мақпал Қазыбекқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Біржан Бәзілжан, Жанқожа Аяпов, Нұрғалым Аманбай, Жұлдыз Байжұма өнер көрсетіп, ақынның әндерін қайта жаңғыртты. Өнерпаздарымыздың бүгінгі сахнасы – халқымыздың қазынасы болған Кенен мұрасының біз үшін қашан да қастерлі екенінің тағы бір айғағы.

Адамзаттың Шыңғыс Айтыматовы «Сіз, Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз. Сіздің мерекеңіз – біздің мерекеміз. Қырғыз елі сізді өзінің ең таңдаулы ұлдары, өзіңізбен замандас, үзеңгілес, дәмдес болған, Жетісудағы қырғыз-қазақ жерін бірге араласқан, атағы жер жарған Османқұл, Әлімқұл, Атай, Халық және басқа да бұлбұлдай сайраған ақындарындай көреді, солардай ардақ тұтып, сізді өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді», — деп жазған. Шын мәнінде Кенен атамыз төскейде малы төсекте басы қосылған екі елдің достығы мен ынтымағының жаршысы болды. 

«Кенекең тірі кезде Жамбыл да, Сыпыра жырау да тірі сияқты еді. Кенекең кеткен соң, солардың бәрі дүниеден өткендей болды. Бірақ, артында мұрасы қалды, кітабын шығардық. Халқы барда Кенекеңді өлді деуге болмайды», — деп жазған еді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков .

Боздаланың бозторғайын еске алып, ұлттық өнерден дем алатын кешке жиналған халық ерекше ықыласпен ән тыңдап, қошемет көрсетті. Қадыр Мырза Әлиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің әні «Өз елім» орындалғанда халық рухтанып, көңілі бір марқайып қалды.