Қазақстанда ЛГБТ насихатына толық тыйым салуды талап еткен мәжіліс депутаттарының сауалына үкімет басшысы Олжас Бектенов жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу келесі жылға жоспарланған. Зерттеу нәтижесі шыққаннан соң осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылады.
Ал қазіргі таңда мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа да ықпал ету факторларын зерттеп жатыр екен.
Бектеновтың жауабына сәйкес, Қазақстанда дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ- қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілеутімен байланысты 3 бейресми бірлестік — «Калейдоскоп», «Feminita», және «KazFem» жұмыс істейді.
Бұл бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған. Бұл жағдайда олардың әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланды. ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша екі белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазан айында «ЛГБТ жиын өткізейін деп жатыр» деген шу шыққан. Атауы – «Лесбиан құрылтай».
Ежелде құрылтайда үлкен, ұлт үшін маңызды, масштабты мәселелерді шешкен. Соғыс, көш мәселесі, руларды татуластыру және басқа. Өте масштабты мәселені. Құрылтайда батырлар, билер, ақсақалдар, сұлтандар бас қосып, кеңесетін. Ауқымды кеңес қой былайша айтқанда.
Біріншіден, форум де, жиын де, бірақ «құрылтай» деуге еш мәні сәйкес келмейді.
Екіншіден, біз адам құқығы, сөз, ой, ұстаным еркіндігі дегенді жиі айтамыз. Алайда әр ұлттың діл және мәдениетінде өзіндік ерекшеліктері бар. Бізде «ұят» түсінігі жоғары тұрады. Ұят институты. Қазір оны толық ысырып, жойып тастауға шақырып жүргендер бар. Соның бірі осы қозғалыс. Жариялымына «түрлі-түсті өмір жайлы білмейтін патриархал ақсақалдар емес, нағыз жүрекжұтқандар келсін» дегендей жазыпты. Қысқасы «біздің түсінік жоғары» дегендей месседж ғой.
«Мың жерден демократия десек те, мен бұндайды түсіне алмадым. Түсінгім де келмейді. Мейлі, сол ойым үшін «қараңғы, артта қалған» болайын. Мен балаларымды деструктивті діни ағымдардан және осындай насихаттан қорғағым келеді. Тик-Токта, Инстаграмда діни радикалдар күнара ұлттық құндылықтарға шабуыл жасауда. Жеті ата, қазақтың сөздерінің шығу тарихы, домбыра және басқаға. Екінші жағынан мыналар насихатын күшейтуде. Менің көзқарасымда бұзылуға болмайтын, жазылмаған заңдылықтар бар. Мысалы, соның бірі ер мен әйел бір-бірі үшін жаралған. Ер мен ер, әйел мен әйел емес, ер мен әйел! Басқасын миым қабылдамайды. Кейбіреу оны «ортағасырлық түсінік» дейді. Солай-ақ болсыншы, ортағасырлық түсінікте бола берейін», — деп пікір білдірген еді саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Жазда дәл осы тақырып бойынша петиция жиналып, талқы өткен. Сол сәтте көпшіліктің қарсы екені байқалды. Мұндай шаралардың өтуіне рұқсат берілмеуі мүмкін. Соңғы уақытта бұларсыз да көңіл-күйі ала-құла болып тұрған ел арасында бұндай шараларды өткіземіз деу, оған «құрылтай» сөзін қолдану — ашық арандату және насихат ретінде қабылдап жатқандар көп. Қоғамды арандатып не керек?