Танымал саясаткер, эколог Мэлс Елеусізов «Уақыт көрсетеді» жобасына берген сұхбатында Алматыда салынып жатқан тұрғын үйлердің жайы мен жер сілкінісі қаупі туралы айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Экологтың айтуынша, 100 жыл бұрынғы жойқын жер сілкінісі қайталанса, 7 миллион адамның өміріне қауіп төнеді. Себебі адамдарға қашатын жер жоқ.
«Негізі жер сілкінісі зерттелген дүние. 1887 жылы бір рет жер сілкінді. Сосын Кемен жер сілкінісі 1911 жылы болды, ең қатты болғаны сол. Келесісі биыл қаңтарда болды. Соңғысы халықты аяғандай болды, өйткені ол 9-10 балға дейін жетуі мүмкін еді. 1911 ақпанда жер сілкінісі кезінде тау екіге айырылып, қазір орнында үлкен көл пайда болды. Осындай тағы бір жер сілкінісі болғанда Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Түрікменстан, жалпы алғанда 7 миллион адамның өміріне қауіп төнетін еді. Алматының жағдайы да ауыр болып тұр, бірақ Үкімет ешнәрсе істеп отырған жоқ. Табиғи апатқа дайындалу керек, әрине, бірақ халықтың жаппай қырылуына жеткізбеу керек. Қазір не істеп жатыр? Алматының быт-шытын шығарды. Қалада 20 қабатқа дейінгі үйлерді соғып жатыр, жел соқпайды. Қауіпті», — деді ол.
Эколог Алматыда жарылған жердің көп екенін ескертті. Ал Алматыда салынып жатқан үйлердің сапасы сын көтермейді.
«Ерболат Досаев келді, мен оны бірнәрсені өзгертетін шығар деп үміттеніп едім, алайда ешқандай өзгеріс жоқ, құрылысты ұрып жатыр. Алматыда жердің шытынаған жері көп. Олар ешнәрсені ойлап жатқан жоқ, құрылыс компаниясы мен әкімдіктің ойлап жатқаны тек ақша. Бұрын 5 қабаттан артық салмайтын, үйлердің арасы кең еді, табиғи апат кезінде жылдам далаға шықса, төбесінен ешнәрсе құламайтын. Ал қазір жойқын жер сілкінісі болса, адамдар аулаға шыққанымен, төбесінен көпқабатты тұрғын үйлер құлайды. Үйлерге үлкен терезелер қойылып жатыр, оның бәрі қауіпті. Билік халықты қыруға дайындап отыр. Басқаша қалай ойлауға болады? Ерболат Досаев екі жылдан бері әкім болып отыр, ойланса болады ғой. Жарылған жердің маңынан салынған үйлердің бәрі опырылып түседі. Мәселен, өзен жүрген жерлерде жер шытынаған», — деді ол.
Негізі төтенше жағдай қызметкерлері апат болған соң ғана кіріседі. Оның барлығын алдын ала жасау керек дейді маман. Енді Алматының халқы не істеу керек?
«Бес қабатты үйлерден биік ғимараттарда тұрмауға кеңес беремін. Алматыдан қашып, ауылды жерлерге, кең далаға көшу керек. Жерден тамақ шығаруға үйрену керек, ол арқылы ақша да табуға болады. Темірден жасалған мықты жасырынатын орын жасап алған дұрыс. Ол орынға бір аптаға жететін азық-түлік, киім-кешектерін сақтап қойып, жер сілкінісінен аман қалуға болады. Ал егер платина жарылса, жағдай қиын», — дейді маман.
Жер сілкінісі болатыны анық, алайда оның қашан және қалай болатынын ешкім нақты айта алмайды. Тіпті Жапонияның өзі бұған жеткен жоқ. Үкімет халықты ойласа, ауылдан халықты жаппай көшіріп, қалаға тыпқыштауын қояр еді. Кезінде Дінмұхаммед Қонаев Алматының сыйымдылығы 700 мың халық деген, ал қазір оңтүстік астана халқы 3 млн-ға жуықтады.