"Үйі бардың-күйі бар": Енді тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар санаттық жіктеуге қарамастан есепке тұра алады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Үйі бардың-күйі бар": Енді тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар санаттық жіктеуге қарамастан есепке тұра алады

"Үйі бардың-күйі бар": Енді тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар санаттық жіктеуге қарамастан есепке тұра алады

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

  • 25 Қараша
  • 8
Фото: pixabay.com

Президент тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңға қол қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бүгінгі күні тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны — 649 949. Есепте тұрмағандары қаншама.

Аталмыш заңдағы түзетулер баспаналы болуды қолжетімдірек ете түсуге бағытталған. Яғни заң ел азаматтарының, қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңейтеді.

«Біздің елдегі ең басты мәселе — баспана! Қазақ атам «үйі бардың күйі бар» деп бекер айтпаған ғой. Қазіргі заманда басыңда баспанаң болса, бір бас ауруың кем дей берсең болады. Пәтерақы төлеу керек, пәтерден-пәтерге көшу керек деп бас қатырмайсың. Шынын айту керек елде пәтер алу қиын. Бірақ баспаналы азаматтар саны да жыл санап артып келеді. Себеп – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің артуы», — деп пікір білдірді Оңғар Қабден.

Заңдағы түзетулердің басты ерекшелігі – енді тұрғын үйі жоқ барлық азаматтар есепке тұра алады. Түзетулерге сәйкес енді соңғы 5 жылда тұрғын үйі болмаған барлық азаматтар санаттық жіктеуге қарамастан, есепке тұра алады. Бұл дегеніміз әр қазақстандықтың пәтерлі болу мүмкіндігі арта түсті деген сөз.

Заңда азаматтардың жекелеген санаттарына қатысты түзетулер де бар. соның бірі – жесірлер. Бұрын жесір әйелдер «Толық емес отбасы, яғни балалары ата-анасының біреуінің қолында тәрбиеленетін отбасы санатына кіретін. Ендігіде жесір әйелдерді жеке тәуелсіз санат болып саналмақ.

Сондай-ақ мемлекеттен тұрғын үй алу кезінде басым құқық берілетін азаматтардың санаттары кеңеюде. Бұрындары ҰОС ардагерлері, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар басымдыққа ие болатын. Енді аталмыш құқық жоғарыда аталған санаттармен қатар ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, мүгедек балалары бар отбасыларға, жесірлерге де берілмек. Демек әлеуметтік осал топтағы азаматтардың пәтерлі болу мүмкіндігі айтарлықтай артады деген сөз.

Заңда қазіргі баспана мәселесін шешіп отырған басты банк – Отбасына қатысты да түзетулер бар. Енді «Отбасы Банкі» ұлттық даму институтына айналмақ, оның негізгі міндеті республика бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қатынастарын дамыту болмақ.

Заңдағы негізгі түзетулерге тоқталып өтейік:

Түзетулердің бірінші блогы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Отбасы банкінің негізінде тұрғын үй кезегіне қоюды, есепке алуды және бөлуді бір орталықтан жүзеге асыратын кешенді даму және қолдау институтын құруды көздейді. Сонымен қатар Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады. Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Түзетулердің екінші блогында тұрғын үйге мұқтаж адамдар үшін қосымша кепілдіктер енгізу қарастырылған.

Түзетулердің үшінші блогы мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілген тұрғын үйді иелену және пайдалану тетігін регламенттейтін ережелерді толықтырып, нақтылайды.

Түзетулердің төртінші блогы жер заңнамасының жекелеген ережелерін, құрылыс, жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру саласындағы заңнамаларды жетілдіруге бағытталған.