Қазақ тілін менсінбеген кәсіпкерлерді халық қалай жазалап жатыр? Caravan.kz медиа порталы шулы оқиғаларды еске алып, шолу жасайды.
Астанада «Qazaq Coffee» жабылды. Кофехананың жабылуына әкімшіліктің қазақ тілін менсінбеген жазбасынан кейін орын алды. Келушілердің бірі аталмыш кофеханада қазақ тілінде мәзір жоқ екенін 2GIS қосымшасында жазып кеткен. Ғимарат әкімшілігі кешіріп сұрап, қателіктерін жоюдың орнына, «менің қызметкерлерім қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес» деген жауап жазды. Бұл ең үлкен қателікке айналды. Халық жаппай наразылық білдіріп, кофехананың рейтиінгі бірден 1,2 жұлдызға түсті. Әкімшілік болары болып, бояуы сіңген соң кешірім сұрап әлек болса да, кофехана жабылуға мәжбүр болды. Аталмыш оқиғадан кейін халықтың баруы да екіталай.
Бұл қазақ тіліне немқұрайлылық танытқан оқиғалардың бірі ғана. 2022 жылы Қазақстандық кәсіпкер, Chocofamily Holding басшысы Рамиль Мухоряпов Қазақ тіліне жаңа дем берген.
«Егер сіз орысша сұрап, сіз орысша біле тұра қазақша жауап берсеңіз, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі» деген Мухоряповтың сөзіне қазақтар өре түрегелді. Қазақ тілді аудиториямен қатар, бұл мәлімдемеге орыс тілді қазақтар да ашуланып, түрлі жазбалар қалдырды. Тіпті, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясын мойындамау және қазақ халқының ар-намысына тию деп қабылдап, қазақтардың ар-намысын таптағаны үшін сотталуы керек деді.
PR-маман Айбар Олжаев Рамиль Мухоряповтың үстінен арыз түсірді. Журналист Жалғас Ертай «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек» деген ұсыныс айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда мемлекеттік тіл проблемасы көтерілгенде билік басын құмға тығып алған страус рөлін атқарғысы келеді. Біздің қоғамдағы тіл проблемасының бастауы да осы — билік қоғамды реттейтін ережені бекіткісі келмейтінін айтты.
Журналист Камшат Тасболат халықтың бірігіп, Мухоряпов басқаратын «ChocoFamily» жобаларының қосымшаларын ұялы телефондарынан жаппай өшіріп, рейтингін құлатқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ компания басшысынан кешірім сұрауын талап етті.
Рамиль Мухоряпов көп ұзамай кешірім де сұрады. Дегенмен кәсіпкердің оқыс қылығын халық ұмыта қойған жоқ.
2023 жылы «Пинта» белгілі мейрамханалар желісі де қазақ тілін менсінбейтін болып шықты. Белгілі болғандай, бұл көңіл көтеру орындарында қазақ әндерін орындауға рұқсат жоқ екен. Мейрамхананың ресми парақшасының жауабына сүйенсек, қазақша әндердің ойнатылуы мекеменің тұжырымдасына сай келмейді-мыс.
Қазақстанда бизнес жүргізіп, оның мемлекеттік тіліне тиым салу моральді тұрғыдан қаншалықты орынды деген сұрақ туындады. Халық мейрамхананың концепсиясын өзгерте алмаса да, жаппай байкот жариялауға күші жетті. Заң бойынша ресторан, кафе, барларда ас мәзірі, көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде болуы міндетті. Бірақ қазақша ән айтылсын деген талап жоқ. Ия, «Пинта» заңды бұзбады. Бірақ, алматылықтарды ренжітті.
Артынша өзін басшы ретінде таныстырған азамат кешіріп сұрап:
«біз бұл елді жақсы көреміз, бұл елде кәсібімізді әрі қарай дамыта береміз. Болған жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын! Пинта қазақша әндер шырқалмайтын жалғыз мекеме емес, ондай мекемелер жетерлік. Біз әрқашан қазақ тіліді әндерді қоямыз және орындауды жалғастырамыз. Интернет желісіндегі тараған жалған ақпаратқа сенбеңіздер! Бізде сыртқы және ішкі коммуникациялар бұрыннан бері қазақ және орыс тілінде жүргізіледі»,- деп жазба қалдырған еді.
Алматы халқы жаппай бойкотты жариялап, «Пинтаның» қаржылық кірісінің төмендеуіне әкелетін қадам жасады. Бойкоттың бизнеске әсерін «Choco Family» жақсы сезінді. Тәуелсіз сарапшылар есебінше, 2022 жылдың төртінші тоқсанында оның тоқсандық табысы 45%-ға құлдыраған. Бойкоттан Рамиль Мухоряповтың бизнесі шамамен 120 миллион теңге жоғалтты.
«Пинта» дисконттық бизнес түріне жатады. Яғни, бағасы арзан, ал табысты желілік жүйеде, көп бар ашу арқылы табады.
2024 жылы Forte банктің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау талабына байланысты дау туды. Банк сайтта жариялаған жазбасында «Қазақ тілі – міндетті емес» («Казахский язык – не обьязательно») деген «талап» қойған. Дәл осы бір ауыз сөз көпшіліктің шамына тиді. Елдегі белсенділер мен кәсіпкерлер «банк қазақ тілін керек етпесе, біз де оның қызметінен бас тартайық» деп жазып жатты. Кейін банктің ресми өкілі мұндай мәтінді жасанды интеллект жазатынын айтты. Қысқаша айтқанда, қателік роботтан кеткен, ал оны жауапты редактор тексермеген. Банктің бұл ресми жауабы жағдайды тіпті ушықтыра түсті. Көпшілік «банк бар жауапкершілікті роботқа артып, құтылып кетейін» деп отыр деп ызаланды. Жағдай ушығып бара жатқанда банкке көмекке блогерлер мен журналистер келді.

Тағы бір жағдай – Түркия азаматы Оғыз Доған қазақ тілінде қызмет көрсетпеген Air Astana компаниясын сотқа берген. Әуе компания Оғыз Доғанмен соттасты, сотта жеңіліп, 1 миллион теңге айыппұл төледі.
2024 жылдың қазан айында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас баспкері Станислав Черчесов қазақ тілі туралы айтқан пікірі үшін қоғамның аушына тиген еді. Әлеуметтік желіде бапкер жазалануы керек деген талаптар күшейе түсті. Ақыры футбол федерациясы бапкерге 738 400 теңге көлемінде айыппұл салды. Алайда Черчесов өз әрекеті үшін кешірім сұраған жоқ.
