Құмар ойынның жарнамалары неге әлі жойылмай жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 522.63
  • 548.66
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Құмар ойынның жарнамалары неге әлі жойылмай жатыр

Құмар ойынның жарнамалары неге әлі жойылмай жатыр

Жауапты министрліктер лудомандарды заңға сай неге шектемей отыр?

  • 18 Желтоқсан
  • 8
Фото: pixabay.com

Құмар ойынға қарсы заң болса да, жауапты министрліктер лудомандарды заңға сай әлі толық шектемей отыр. Көпшіліктің көз жасынан көп ақша тапқандар қазір заңды айналып өтудің әрекеттерін жасап бағуда. Сaravan.kz медиа порталы толық тарқатады.

Қазақстанда құмар ойындарға қатысты заңнама қатаң реттелген. Елдегі құмар ойындар 2007 жылы енгізілген “Ойын бизнесі туралы” заңмен реттеледі. Бұл заңның негізгі мақсаты — құмар ойындардың зиянын шектеу, олардың қоғамға теріс әсерін азайту, сондай-ақ саланы қадағалау және бақылау.

Құмар ойын бизнесі тек арнайы белгіленген аймақтарда ғана ұйымдастырылады:

— Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы маңында.

— Ақмола облысындағы Щучье-Бурабай курорттық аймағында.

Басқа қалаларда немесе облыстарда құмар ойын бизнесін жүргізуге тыйым салынады. Бұл интернет арқылы ұйымдастырылатын заңсыз құмар ойындарға да қатысты. Заңсыз құмар ойын ұйымдастырғандарға айыппұл салу, лицензиядан айыру, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады.

Құмар ойындарға қатысуға тек 21 жастан асқан азаматтарға рұқсат етіледі. Құмар ойыннан зиян шеккен адамдарды қорғау мақсатында, өзін-өзі шектеу тізімі енгізілген. Бұл тізімге өз еркімен өтініш білдірген азаматтарға ойын мекемелеріне кіруге тыйым салынады.

Онлайн-казино және интернеттегі құмар ойындардың көпшілігі Қазақстанда заңсыз деп саналады, ал лицензияланған букмекерлік кеңселердің қызметі заңға сәйкес реттеледі.

Құмар ойындардың жарнамасын шектеу “Ойын бизнесі туралы” заңда және “Жарнама туралы” заңда нақты регламенттелген. Заң бойынша тыйым салынған жерлерді атап өтейік.

— Білім беру мекемелерінде, кітапханаларда, мәдени және спорт нысандарында.

— Балалар мен жасөспірімдер көп жиналатын жерлерде (саябақтар, ойын алаңдары).

— Теледидар мен радио арналарында күндізгі уақытта.

Енгізілген өзгерістер

Құмар ойындары байлыққа оңай қол жеткізудің жолы ретінде қарастырылу заңға қайшы. Әлеуметтік жауапкершілікті көрсетіп, «Қатысу тәуекелі бар» немесе «Қаржылық шығын болуы мүмкін» сияқты ескертулерді қамтуы керек. Заң бойынша құмар ойындардың жарнамасы тек арнайы белгіленген аймақтарда, яғни ойын мекемелерінің ішінде немесе кіреберісінде көрсетілуі керек. Бұл заң нормасының болуына қарамастан, бүгінгі уақытқа дейін құмар ойынның жарнамалары жер жарып тұр. Мысалы фильм көрсететін сайттарды ашып қалсаң, букмекерлік, онлайн бәс тігетін сайттардың жарнамасы бітпейді.

Лудомандардың көз жасы қоғамның қасіретіне айнала бастады. Депутаттар мен ел жанашырлары бұл мәселені түпкілікті шешу үшін, жастардың көз жасын тию үшін, отбасының құмар ойындардың кесірінен шайқалуын болдырмас үшін жан-жақты ұсыныстар білдіріп, заң қабылдаудың керек екенін айта бастады. Биыл 8 шілдеде Мемлекет басшысы құмар ойындарға қатысты жаңа заңға қол қойды. Бұл заң халықтың құмар ойындарға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеулерден құралады. Аталмыш заң 9 қыркүйекте күшіне енді.

Құмар ойын бизнесін автоматты түрде реттеу күшейтілді. Бұл шара ойын бизнесі саласындағы кәсіпкерлік қызметті қатаң бақылауға алуды көздейді.

Сыртқы жарнамаға шектеулер енгізілді. Құмар ойындардың сыртқы жанрамасына тыйым салу арқылы олардың қоғамдағы ықпалын азайту көзделген.

Өзін-өзі шектеу тізіміне қосылу мүмкіндігі. Азаматтар eGov мобильді қосымшасы арқылы өзін-өзі шектеу тізіміне қосылып, құмар ойындарға қатысуын шектей алады.

Тиісті заң нормалары қабылданғанымен, әкімдіктер ойынның жарнамасын неге жедел жоймай отырғаны белгісіз. Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Олжас Бектеновқа жолдады.

Шешілмеген мәселелер

«Құмар ойын атаулы қаптың аузын бұлтартпастай буатын сәт жетті дегенмен адамнан айла артылған ба? Көпшіліктің көз жасынан көп ақша тапқандар қазір заңды айналып өтудің әрекеттерін жасап бағуда. Өйткені темірдей тәртіпті ұстануды тиіс мемлекеттік органдардың еткен еңбегінде кеткен кемшілік көп», — деді Нартай Аралбайұлы.

Біріншіден, қолданыстағы заңда көшеде, қоғамдық орында және көлікте билбордтарда құмар ойынның жарнамасы болмауы керек делінген. Алайда әкімдіктер аталған заң талабын орындауға асығар емес. Уәкілетті органдардың мәліметіне сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі заңды орындауды тек қарашада бастаған. Яғни құмар ойын жарнамасы жазылған билбордтарды тек жыл соңына қарай димонтаждауды бастаған. Ал Алматы, Шымкент, Солтүстік облысы, Маңғыстау, Павлодар облысының әкімдігі осы уақытта қанша жарнаманың көзі жойылғаны туралы ақпаратты әлі бермеген. Кейбір өңірлер құмар ойынға қатысты жарнама мүлде жоқ деген ақпарат берген. Бұл шындыққа жанаспайды. Букмекерлік кеңселердің жарнамаларын жоймау, заңды орындамау халыққа жасалған қастандық деп танылады.

Екіншіден, заңда букмекерлік кеңселерді тек спорттық сайттар ғана жарнамалай алады делінген. Алайда кей сайттар ресми спорттық деп тіркелмесе де, букмекерлерді жарнамалап ақша тауып отыр. Іс жүзінде сайтына кірсең, талқыламайтын тақырыптары жоқ. Осы ретте заңның қатаң орындалуын қолға алған жөн.

Үшіншіден, Туризм және спорт министрінің мәліметінше, 2021 жылы букмекерлік қызметке 38 лицензия, тотализатор қызметіне 8 лицензия берілген. Бірақ 2023-2024 жылы жүргізілген тексерістер негізінде, тек 18 букмекер мен 7 тотализатор жұмыс істеп тұрғаны анықталған. Басқа лицензияларын кәсіп иелері жасырын ұстайды. Біреудің лицензиясын заңсыздық үшін тартып алсаң, екіншісімен жұмысын жедел жалғастыра алады. Букмекерлік лицензия алған кәсіпкерлер табысын жасыру үшін, ақшан жылжымайтын мүліктен немесе инвестициялық түсімнен таптық деп жалтаруда. Букмекерлік лицензия алған кәсіпкер тек осы салада ғана табыс табу керек, ал егер лицензиясы қолданылмай жатса, оны уәкілетті орган тартып алуын қарастыру керек.

Төртіншіден, бәс тігу арқылы ақша тапқан азаматтар ұтқан ақшасын ала алмай жүргенін айтып арызданып жүр. Ұтыс ұтқан азамат белгіленген тәртіпке сәйкес он күн ішінде ақшасын алуы керек. Ал букмекерлер осы уақытта ұтысын бермесе, азаматтар қайда жүгінетінін білмейді. Себебі азаматтар сотқа жүгіне алмайды, олар аталмыш істерді қарастырмайды. Азаматтық кодексте көрсетілмеген. Осы мәселені де жөнге келтіру керектігін алға тартты депутат.

Бесіншіден, құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың тізімін кеңейту керек. Бұл сұрақ қауіпсіздік кеңесінде тиісті тапсырма берілді. Соған сәйкес сотталған, алайда бас бостандығынан айырылмаған, түрмеге отырмаған азаматтарға құмар ойын ойнауын заңмен шектеу керек. Бұл лудомандардың бәс тігу үшін ақша іздеп қылмыс жасамауы үшін керек.

Алтыншыдан, қазір құмар ойынға тыйым салынған азаматтардың тізімі бар. Ол 3,5 миллионнан астам қазақстандық. Алайда шектеу қойылған азаматтар әлі күнге дейін емін-еркін бәс тігіп жүр. Барлық министрлік бірлесіп, жылдам ақпарат алмасуын қолға алу керек. Себебі бір жүйе болмай, іс өнбейді.

Жоғарыда аталған барлық мәселелер Премьер-Министр Олжас Бектеновға жолданды. Депутаттық топ бастамашылдық етіп қабылдады.