Қазақстандағы ең танымал әуекомпания президентінің маңындағы шу туралы Caravan.kz медиа порталы материал ұсынады.
Фостердің айтуынша, жалақысы туралы ақпаратты айту – бұл талқылауға сай келмейді. Ол сұрақты «Эйр Астана акционерлік ұйымына, кандидатуралар мен сыйақылар комитетіне» бағыттауды ұсынды.
«Шынымен де, менің ойымша, бүгінгі кездесу залдағы кез келген адамның жеке жағдайлары туралы емес еді. Бұл сұрақты Эйр Астана акционерлері ұйымына, оның ішінде кандидатуралар мен сыйақылар комитетіне бағыттау орындырақ болады. Бұл бүгінгі талқылауға сай келмейді», – деп мәлімдеді компания басшысы.
Сонымен қатар, журналистер Фостердің шетелдік менеджер екенін алға тартып, Қазақстанның мемлекеттік компаниясында жұмыс істейтінін атап өтті. Алайда ол нақты цифраларды атаудан тағы бас тартты.
«Иә, мен тағы да қайталаймын, бұл мәліметтер осы жылдың ақпан айында Air Astana халыққа жариялаған құжаттамаларында қолжетімді. Қазір Air Astana-ның 66 000 акционері бар. Барлық тиісті мәліметтер осы құжаттамада қамтылған», – деп түсіндірді Питер Фостер.
Newsroom.kz сайты әуекомпанияның сайтындағы ресми есепті анықтап, жазба қалдырды.
«Эйр Астана» ресми сайтындағы қаржылық есепті қарап шығып, басшылықтың (ключевое руководство) жалпы жылдық табысы туралы мәлімет тапты. Есепте 2023 жылы топ-менеджментке (жетекшілік, бақылау және жоспарлау ісіне жауапты негізгі тұлғаларға) 3,328,743 мың теңге, яғни, үш миллиард үш жүз жиырма сегіз миллион жеті жүз қырық үш мың теңге көлемінде жалақы мен бонус төленгені көрсетілген.
Сонымен қатар, 305,010 мың теңге, әлеуметтік салық аударымы бар. Яғни 2023 жылы топ-менеджменттің жиынтық табысы 3,633,753 мың теңгені құрайды.
2022 жылы негізгі басшылыққа 3,030,761 мың теңге жалақы мен бонус, 288,025 мың теңге әлеуметтік салық, ал 2021 жылы 2,560,432 мың теңге жалақы мен бонус, 236,793 мың теңге әлеуметтік салық төленген.
Алайда мұнда бір ескеретін жайт — көрсетілген сома бір ғана адамның емес, компанияның барлық негізгі басшыларына (key management personnel) төленген жиынтық табыс екенін аңғаруға болады. Сондықтан мұның қаншалықты Питер Фостердің нақты жалақысына тікелей қатысы барын бөлек анықтау қажет.
Дегенмен, 2023 жылы КазТаг Питер Фостердің орташа айлық табысы 32,8 млн теңге деп жазған болатын.
Еске сала кетейік, бұл күні Мәжілісте «Эйр Астана» компаниясының жұмысы, ұшақтардың кешігуі және баға саясатына қатысты біраз сын айтылған болатын.
Желі қолданушыларының арасынан әуекомпанияны жақтағандар да, даттағандар да табылды.
«Егер Эйр Астана болмаса, не істер екенсіздер? Қазақстанды әуекомпаниялар қатарынан танытып жатқан, Орталық Азиядағы ең мықты әуекомпаниялардың бірі. Егер жоғарғы жақ сонша мықты болса, неге сондай әуекомпания ашып, шет елдерге шығарып, танытпайсыздар? Тіпті Алматы әуежайы өзіміздікі емес. Олай мықты компанияның президенттерінің жалақысына тиіскенше, сіздер жоғары да отырып алып, ешкімнің жалақысын жеп отырмағандарыңызға кім кепіл?».
«Air Astana» — ға біреудің көзі түсті.
«Қазақтардың ішін ашытып бұның жалақысын неге жария етіп отырсың?! Әлде биліктегі отырған Қазақстан елін басқарып отырған басшы сымақтар білмейді ме?! Кешегі осы тақырыпты қозғап отырған депутаттар өтірік маймыл болмай-ақ қойсын! Кезінде сатып сатып жіберген шетелдіктерге енді олар өздері біледі не істесе де! Қайдағы жоқ дымға керек емес халыққа зиянын тигізетін заңдар ойлап штрафтарды шығара бермей, осы елдің пайдасына жұмсап, жасамай ма бекерге қара бастарын қалталарын ойлаған. Енді келіп бір жаңалық ашқандай болып отыр бәрі», — деп жазды халық.