Ол аталған ілім таза коммерциялық жоба екенін мойындады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Сюцай» кім әлде не?
Сұхбат барысында Гүлмира Әбіқай «сюцай» ілімін не себепті зерттегенін атап өтті. Оның сөзінше, соңғы жылдары аталған ілімге алданып, редакцияға хат жазушылар көбейген. Зерттеу барысында оның аталған «ілімді» әр жерден жұлынған, елге еш пайдасы жоқ коммерциялық жоба екеніне көзі жеткен.
«Меніңше қоғам деградацияға ұшыраған кезде осындай тәуіп те, ілім, білім де, көріпкел де жаппай көбейіп кетеді. Адамдар бәрі сабылып, бір нәрсе іздеп жүр. Бірақ өзінен сұрасаң, өзі білмейді не істеп жүргенін, осындай ақылгөйлер шығады. Бізге келсеңдер ең бақытты, ең ақылды, ең сұлу болып шығасыңдар. Сосын «сюцайдың» ұстайтыны нумерология сияқты сандармен ұстап қойған. Нумерология зерттелген, мыңжылдық тарихы, өз мамандары бар ғылым. Ал, мынау әр жерден бір алған. Басын «сюцай» деп Қытайдан алған, Қытай десе біз медицинасы дамыған, мыңжылдық тарихы бар, яғни Қытай десе ұлы мемлекеттің тарихы болған соң, сенесің. Әр жерден, әр елден жұлып-жұлып, ешқандай ілім де, білім де емес, жоба жасаған, кәдімгі коммерциялық жоба. Ақша табудың жолы. Сюцай деген қаржылық жоба. Бәрі бай болғысы келеді, бірақ ешкім еңбектегісі келмейді. Мысалы, сіз бен біз осы жағдайға жету үшін, не істедік? Мен 6 ай тегін кассета тасып қана жүрдім. Сіз 8 ай. Сөйтіп там-тұмдап жүріп, жетістік демей-ақ қояйын, нәтижеге жетіппіз. Ал, қазір жастар түгел шетелде жүріп, жылтырақ өмір сүрсек дейді. Сюцайға сондайлар ілігеді… Қаржылық пирамида, сектадағылардың айтатыны: сен ең бірінші кіммен байығың келеді? Әрине, жұбайың, әпкең, басқасын алып келесің. Сондықтан соларды тарт дейді», — деді ол.
«Сюцайда» кімдер жүр?
Журналистің сөзінше қазіргі таңда «сюцай» ілімінде көптеген елімізге танымал тұлғалар да жүр.
«Оқымыстылар, тоқымыстылар да, бәрі де жүр. Олар қалай ілігеді? Оларға сенің мүмкіндігің бұдан да көп, сандар былай деп тұр, сен мына салаға бет бұрсаң, бұдан да бай боласың дейді. Сөйтіп ілігіп кетеді», — деді журналист.
«Сюцайды» қалай тоқтатуға болады?
Гүлмира Әбіқай өз сұхбатында осы сынды жобаларды қалай тоқтату жолдарын да ұсынды.
«Қазақстан өзі кеш жүреді. Инстаграм жарнамаға толып тұр, мысалы мына суды ішіп жазыласың десе, бітті соны ары қарай іліп әкетеді. Қазіргі заңға сай, оның жауапкершілігі шектеледі. Егер сіз жасаған дәріңіз сондай болмай қалса, онда оны жарнамалаған блогер, белгілі жұлдыз сол жауапқа тартылады, көрдіңіз бе? Бұрын бізде жарнама беруші жауапқа тартылатын, себебі өндіріп отырған сол. Енді 700 мыңға курс алып, 3 күннен кейін ол әлгі айтқандай байып кетпесе, онда полицияға жүгініп, мұның бәрі алаяқтықтың классификациясына енгізіліп жатыр. Осының бәрі менің ойымша дұрыс нәрсе», — деді журналист.