Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Биылдан бастап Қазақстанның Кірістер комитеті банктермен бірлесіп, карта аударымдарын тексеруге кірісті. Нәтижесінде кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жеке шотына қаражат қабылдап, ешқандай салық төлемейтін азаматтар анықтала бастады. Экономист Мақсат Халық бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
Кез келген табыс заң бойынша салыққа ілігуі керек. Бізде көп блогер жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде тіркелгенін айтып, ресми түрде салық төлеп отырмыз деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, жеке шоттарына түскен ақшаға мән бермейтіндер көп. Ал биылдан бастап банктер мен Кірістер комитетінің келісімі негізінде мұндай аударымдар тексеріле бастады. Сондықтан блогерлер салық төлеуі тиіс деген талап қойылып отыр, – дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше, салық жүйесі әділ әрі қарапайым болуы керек. Яғни, табыс көп болса – салық мөлшері де жоғары, табысы аз азаматтар үшін салық ауыртпалық болмауы қажет.
Салық тым жоғары да, тым төмен де болмауы керек. Бізге салықты қиындатпай, әркімнің табысына қарай әділетті жүйе енгізген жөн. Егер бұл дұрыс реттелсе, қоғамда әділдік орнайды. Қазір бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр, – дейді Мақсат Халық.
Сарапшының сөзінше, салық төлеуден жалтарып жүрген тек блогерлер емес. Кейбір кәсіпкерлер де өз табысын жасырып, заңнан жалтаруға тырысады.
Жеке шотқа тікелей ақша қабылдап, еш жерде тіркелмей жүрген азаматтар бар. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Салық жүйесі әділетті түрде жұмыс істеуі үшін, мемлекет барлық табысты бақылауға алуы керек, – деп түйіндеді экономист.