Көлікті ішіп айдағаны үшін куәлігінен айырылған қауымның үміті үзілді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Ауыл» партиясының ұсынысын қабылдамады. Бұған дейін депутаттар «ішіп алып рөлге отыратындарға кеңшілік жасайық» деген.
Министр айтқанды тыңдамай, көлікке мас күйде отыратын жүргізушілер заңға бағынатын өзге азаматтарға үлкен қауіп төндіреді деп отыр.
«Көлікті ішімдік ішіп басқарғандарға қатысты қазіргі жаза әділ әрі заңды, қоғамды құрметтеуге тәрбиелейтін шара. Жеңілдік жасауға негіз жоқ», – дейді министр.
Кезінде мас күйінде көлік басқарғандар 1 жылға дейін кәулігінен айырылатын. Соңғы өзгерістерден кейін бұл мерзім 7 жылға дейін ұлғайтылған еді.
Соның арқасында кейінгі кезде мас күйде көлік жүргізгендер саны 14 пайызға азайыпты. 2019 жылы 28 мың оқиға болса, биыл бұл көрсеткіш 24 мыңға дейін төмендеген.
«Заңдағы жазаның қатаңдығы қоғамды тәртіпке шақырып, апаттың алдын алуға сеп болып отыр», – дейді министр.
Айтуынша, дамыған елдерде көлікті ішіп айдайтындарға аяушылық танытпайды. Жапонияда мас жүргізушінің өзін ғана емес, көлікке бірге отырған жолаушыларды да жазаға тартады. Малайзияда тіпті жүргізушінің жұбайын да қамап тастауы мүмкін. Қытайда ажалға себеп болған жүргізушіге өлім жазасы қолданылады. Беларусьте тап сол арада көлікті тәркілеп, мемлекеттің балансына өткізеді екен.