2024 жылы Қазақстанда ана мен бала денсаулығы саласында оң өзгерістер тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында ана өлімі 10%-ға, ал нәресте өлімі 26%-ға азайған. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Биылғы көрсеткіштер алдыңғы жылдары басталған оң үрдістің жалғасы болып отыр: 2023 жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі 12%-ға, ал нәресте өлімі 11%-ға төмендеген еді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл жетістіктерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің ұсынымдарына негізделген жаңа тәсілдердің енгізілуімен байланыстырады.
Көрсеткіштердің жақсаруына әсер еткен негізгі факторлардың біріне клиникалық хаттамалардың жаңартылуын қосуға болады. 2024 жылы Қазақстанда акушерлік бойынша 25 және педиатрия бойынша 20 хаттама қайта қаралды. Халықаралық стандарттарға сай әзірленген құжаттар медициналық тәжірибені стандарттауға негіз болды. Ана өлімінің негізгі себептерінің бірі болып саналатынбосанғаннан кейінгі қан кету мәселесімен күреске ерекше назар бөлінеді. Жаңа әдістерді енгізу органды сақтап қалу оталарының үлесін 20%-ға арттырып, әйелдердің өміріне төнетін қауіп-қатерді едәуір төмендетті. Сонымен қатар, медициналық авиацияның тиімділігі шұғыл көмек қажет болған әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалуға мүмкіндік берді.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Министрдің айтуынша, босану үйлерінің жабдықталу деңгейі 87%-ға жетіп, медициналық техниканың тозу деңгейі 37%-ға дейін төмендеді. Жаңа буындағы ультрадыбыстық құрылғыларды қоса алғанда, заманауи жабдықтар ана мен нәресте жағдайын бақылау мен жедел жәрдем көрсету сапасын арттырды. Мәселен, жаңа УДЗ аппараттарының қолданылуы ұрықтың патологияларын анықтау дәлдігін алдыңғы жылдармен салыстырғанда 15%-ға арттырды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Өз сөзінде ол босану кезінде күрделі жағдайлардың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, дамыған елдердің көрсеткіштеріне жету үшін бірнеше бағыт бойынша жүйелі жұмыс қажет. Біріншіден, ауылдық өңірлерде білікті кадрларды тарту және ұстап қалу мәселесін шешу қажет. 2024 жылғы деректер бойынша ауылдық жерлерде акушер-гинекологтар тапшылығы шамамен 18%-ды құрап отыр. Осы мәселені шешу үшін Бектенов мамандарды даярлау мен қайта даярлау бағдарламаларын кеңейтіп, оларды отандық және шетелдік жетекші медициналық орталықтарда оқытуға тапсырма берді.
Екіншіден, Премьер-Министр Астана мен басқа да өңірлердегі ірі клиникалар базасында оқыту орталықтарын дамыту қажеттігін атап өтті. 2023 жылы Қазақстанда осындай 12 орталық жұмыс істеген, 2500-ден астам маман оқытылды. 2024 жылы олардың санын 15-ке дейін артты, үздіксіз кәсіби білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр. Яғни, жыл сайын 4000-нан астам акушер, гинеколог, неонатолог, педиатр және реаниматологтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы мамандарды қайта даярлауға 2,5 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.
Үшінші бағыт — қауіпсіз босану жағдайларын одан әрі жақсарту. Бектенов перинаталдық орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. 2024 жылы Қазақстанда 24 перинаталдық орталық жұмыс істеген, олардың 18-і халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2020 жылы мұндай орталықтардың саны небәрі 10 еді. Премьер-министр Шымкент пен Қарағанды қалаларында жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысын 2024 жылдың 1 қарашасына дейін бастауға қажетті құжаттаманы дайындауды тапсырды. Аталған нысандар жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия жабдықтарымен және телемедицина жүйелерімен жабдықталады. Бұл еліміздің жетекші мамандарымен нақты уақыт режимінде кеңес өткізуге мүмкіндік береді. Жаңа орталықтардың іске қосылуы осы өңірлерде жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін 25%-ға арттырады деп күтілуде.
Жоғарыда аталған шаралармен қатар, профилактикалық бағдарламалар да маңызды рөл атқарды. Мысалы, 2024 жылы жүкті әйелдерді скринингтік тексерумен қамту 92%-ға жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 8%-ға жоғары. Бұл асқынуларды ерте анықтап, дер кезінде медициналық араласулар жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, туу көрсеткіші жоғары Түркістан мен Алматы облыстарында мобильді медициналық бригадалар саны 12%-ға артты. Бұл ауыл халқының 85%-ын медициналық көмекпен қамтуға жағдай жасады.
ДДҰ деректеріне сәйкес, дамыған елдерде ана өлімінің көрсеткіші 100 000 тірі туған нәрестеге шаққанда шамамен 10 оқиғаны құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2024 жылы 14,2 болды. Ал нәресте өлімі бойынша айырмашылық одан да үлкен: Қазақстанда 1000 тірі туған нәрестеге 5,6 жағдай, ал ЭЫДҰ елдерінде — 3,5. Бұл алшақтықты қысқарту тек медициналық инфрақұрылымды жетілдірумен ғана емес, халықтың денсаулық деңгейін арттырумен де байланысты. Мәселен, Қазақстандағы нәресте өлімінің 22%-ы туа біткен аномалиялармен байланысты, бұл генетикалық скрининг ауқымын кеңейтудің маңыздылығын көрсетеді.
Қала мен ауыл арасындағы медициналық қызметке қолжетімділіктің теңсіздігі әлі де шешілмеген мәселе. Астана мен Алматы сияқты қалаларда босану үйлерінің жабдықталу деңгейі 95%-ды құрайды, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 78%-дан аспайды. Кадрмен қамтамасыз ету бойынша да ұқсас жағдай: қалаларда 1000 босанушыға 2,3 акушер-гинекологтан келсе, ауылдарда бұл көрсеткіш — 1,4. Бұл теңсіздікті жою үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы ауылдық медицина қызметкерлерін қолдау бағдарламаларына бөлінетін қаржыны 15%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралардың ішінде тұрғын үй беру мен жалақыға үстемақы тағайындау да бар.
2024 жылы Қазақстанда жүкті әйелдердің есебін жүргізудің бірыңғай электрондық жүйесі енгізіліп, ол есепте тұрған әйелдердің 98%-ын қамтыды. Бұл медициналық мекемелер арасында деректерді жедел алмасу арқылы асқынуларға жауап беру уақытын 30%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 10 өңірде ультрадыбыстық зерттеулер деректерін талдау үшін жасанды интеллектті қолданудың пилоттық жобалары іске қосылды. Бұл диагностика дәлдігін 12%-ға арттырды.
Ұлттық статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы кедейлік деңгейі 5,1%-ға дейін төмендеді, бұл халықтың, әсіресе жүкті әйелдердің, сапалы тамақ пен медициналық қызметке қолжетімділігін жақсартты. Себебі жеткіліксіз тамақтану жүктілік кезіндегі асқыну қаупін 20%-ға арттырады. Балаларға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары 1,2 млн отбасын қамтыды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп.
Ана мен сәби өлімінің төмендеуі — медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, клиникалық тәсілдерді жетілдіру және кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіштер қабылданған шаралардың тиімділігін айқын көрсетіп отыр. Дегенмен, дамыған елдер деңгейіне жету үшін өңірлік теңсіздіктерді жою, кадр тапшылығын шешу және заманауи технологияларды енгізу бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Жаңа перинаталдық орталықтардың құрылысы, оқу бағдарламаларын дамыту және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру алдағы прогрестің негізгі факторлары болады. 2025 жылы денсаулық сақтау бюджеті 7%-ға арттырылып, алға қойылған бастамаларды жүзеге асыру мен оң серпінді нығайтуға мүмкіндік береді.