Бұл туралы жаңа оқу жылына мектептердің дайындық барысына арналған кеңейтілген кеңес барысында айтылды. Денсаулық сақтау министрлігінде мектептердің санитарлық жағдайы, оқушыларға көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі, балалардың сырқаттанушылық деңгейі, орта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ мектептердегі медициналық пункттердің жабдықталуы талқыланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, профилактикалық тексерулердің нәтижелері қазақстандық оқушылар арасында ең жиі кездесетін ауруларды анықтаған. Олар кариес пен анемия.
Анемияның алдын алу шарасы ретінде жаңа мектеп ас мәзірі енгізілмек.
«Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша мектеп ас мәзірі жаңа Тамақтану стандартына сәйкес бекітілуі тиіс. Ол 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді және балалардың жас ерекшеліктеріне сай теңгерімді әрі толыққанды тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген министрлік хабарламасында.
Ал қазақстандық мектептерде (оқушылар саны 1000-нан асатын) балалар арасындағы стоматологиялық аурулардың алдын алу мақсатында кезең-кезеңімен стоматологиялық кабинеттер ашылады деп уәде етілді.
Бүгінде Қазақстанның 6 өңірінде 98 кабинет жұмыс істейді, онда балаларды тіс дәрігерлері қабылдайды. ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ғалымдары 2017–2018 оқу жылында жүргізген сауалнама нәтижесі қазақстандық оқушылардың жартысынан көбі ауыз қуысы гигиенасының ережелерін сақтамайтынын көрсетті.
Бар-жоғы 49% балалар мен жасөспірімдер (11, 13 және 15 жастағы) күніне екі рет немесе одан да көп рет тісін тазалайды. Бұл ретте қыздар ауыз қуысы гигиенасына көбірек көңіл бөледі және тістерін ұлдарға қарағанда жиірек тазалайды: қыздардың 54%-ы және ұлдардың тек 45%-ы күніне бір реттен артық тісін щеткамен тазалайды.
Зерттеу нәтижесінде қала балаларының (52%) ауылдық жердегі балаларға қарағанда (46%) тістерін жиірек тазалайтыны белгілі болды. Сонымен қатар 27% оқушы күн сайын тәттілерді (кәмпит, шоколад, қант қосылған сусындар) тұтынады, бұл кариес қаупін арттырады.
2019 жылы Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Қазақстандағы балалар арасында кариестің таралуы 76 пайызды құрайтынын айтып, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда жылжымалы стоматологиялық кабинеттер енгізуді ұсынған еді.
«Бірыңғай қазақстандық стоматологтар қауымдастығы жүргізген стоматологиялық қызметті талдау оның кемшіліктерін көрсетті. Ең үлкен мәселе – балалардың тіс және ауыз қуысы саулығына динамикалық бақылаудың жоқтығы. Тағы бір маңызды жайт, мемлекеттік балалар стоматологиялық емханаларының жекешелендірілуі. Елде 2812 стоматологиялық ұйым бар, оның 1121-і мемлекеттік меншікке жатады, ал олардың ішінде мамандандырылған облыстық мемлекеттік балалар емханалары небәрі 12 ғана», – деген еді депутат tengrinews.kz сайтына.
Депутаттың айтуынша, қазіргі мектептегі стоматологиялық кабинеттерде жабдықтар жеткіліксіз және мамандар тапшы.
«Балаларының тісін емдету үшін ата-аналар ұзақ жол жүруге мәжбүр, көбіне тек тісті жұлуға барады. Соның салдарынан 35–44 жас аралығында ауыл тұрғындарының 40%-дан астамында екінші реттік адентия (тістердің алынғаннан кейінгі жетіспеушілігі) кездеседі. Мұның бәрі түптеп келгенде халықтың өмір сүру ұзақтығына әсер етеді», – деген еді Мыңбай.
Сондай-ақ, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазақстандық ата-аналардың 12%-ы балаларын күн сайын жаңа піскен жеміс-жидек және көкөніспен қамтамасыз ете алмайды.
Ал ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының есебіне сәйкес, қазақстандық мектеп жасындағы жасөспірімдердің тек 31%-ы ғана күн сайын жеміс пен көкөніс тұтынады. Бұл HBSC («Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты мінез-құлық») деректері бойынша орташа көрсеткіштен (38%) төмен.