Кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады: Кітап оқу дағдарысының құны қанша? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады: Кітап оқу дағдарысының құны қанша?

Кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады: Кітап оқу дағдарысының құны қанша?

Соңғы жылдары қазақстандықтар кітапты аз оқитыны жиі айтылады. Нарықтағы басылымдардың көп бөлігі – оқулықтар, ал көркем әдебиет тым аз шығады. Бұл жағдайды өзгерту үшін мемлекет кітапқа салықты алып тастауға шешім қабылдады. Әлемдік тәжірибе мұндай қадамның оқуға қызығушылықты арттыра алатынын дәлелдеген.

  • 25 Тамыз
  • 14
Фото: dzen.ru

Кітап оқу дағдарысы еліміздің ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отырған құбылыс. Балалар мен жастардың назарын смартфон мен әлеуметтік желі жаулап алған заманда, мемлекеттер кітапқа қолжетімділікті арттыру үшін түрлі қадамдарға барып жатыр. Соның бірі – кітапқа салықты азайту немесе мүлде алып тастау. Дания, Латвия, Швеция тәжірибесі мұндай шешімнің оң әсерін көрсетсе, Польша мысалы керісінше нәтиже берді. Қазақстан да осы жолды таңдады. Енді кітаптар қосылған құн салығынан босатылады. Алайда, мұндай қадам елді шынымен оқырман ұлтқа айналдыра ала ма? Caravan.kz медиа порталы әлем елдерінің тәжірибесін мысалыға алып тақырыпты зерттеп көрді.

Дания елінің салықтық реформасы

Дания билігі кітап сатылымына 25% салықты алып тастауға ниетті. Себебі ЭЫДҰ зерттеулері дабыл қағып отыр. 15 жастағы дат жасөспірімдердің 24%-ы қарапайым мәтінді түсіне алмайды. Он жыл бұрын мұндай балалардың үлесі 4%-ға аз болған, яғни жағдай нашарлап барады. Сарапшылар мұны балалардың зейінін шоғырландыру қиындығымен және гаджетке тәуелділікпен байланыстырады.

Мәдениет министрі Якоб Энгель-Шмидт кітап бағасының арзандауы жағдайды өзгертуге көмектеседі деп есептейді:

«Оқу дағдарысына нүкте қоюды қаласақ, біз бәрін тәуекелге тігуіміз керек. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жағдай ушығып барады. Біздің қадам — елдің мәдени болашағына салынған инвестиция», — деді ол.

Министрдің айтуынша, салықты алып тастау бюджетке жыл сайын 330 млн кронға (44 млн еуро) түседі, алайда ол ұзақ мерзімді мәдени пайда әкелмек.

Айта кетерлігі, көрші елдерде кітапқа салық әртүрлі. Мысалы, Норвегияда мүлдем жоқ, Финляндияда – 14%, ал Швецияда – небәрі 6%.

Қазақстан зиялы ұлтқа айналуға ниетті

Қазақстан да осыған ұқсас қадам жасауда. Жақында Мәжіліс депутаты, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов кітаптардың ҚҚС-тан босатылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, «кітап тауар емес. кітап — тіл, ойлау, сана, болашақ ұрпақ. Егер балалардың кітап оқығанын қаласақ, қазақ тіліндегі әдебиеттің дамуына, кітап шығару ісінің өсуіне ықпал еткіміз келсе кітапқа салық салынбауы тиіс».

Аймағамбетовтың пікірінше, мұндай жеңілдік бірнеше мәселені шешеді. Біріншіден, қазақ тілінде жазатын авторлар мен баспагерлерді қолдайды, сапалы әрі мазмұнды әдебиет шығаруға серпін береді және «оқырман ұрпақты» қалыптастырады.

Кітап шығару ісіне мемлекеттік қолдау

Айта кету керек, мемлекет әдебиетті қаржыландырып келеді. 2023 жылы «Мәдениет пен өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру…» бағдарламасына 56 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. «Қоғамдық маңызы бар кітаптардың» авторларына Мәдениет министрлігі шамамен 420 мың теңге (алты ең төменгі жалақы) көлемінде қаламақы төлейді. Өткен жылы осындай қолдаудың арқасында 188 атаулы кітап жарты миллионнан астам данамен жарық көріп, ел кітапханаларына таратылды.

Алайда ашықтық мәселесі бар. Журналистер соңғы жылдары шыққан кітаптардың толық тізімін таба алмаған, ал министрліктің сайтында тек 2021 жылға дейінгі деректер жарияланған. Бұған қоса, жалпы баспа нарығы тоқырауда қалып отыр. Forbes.kz дерегінше, басылымдардың басым бөлігі оқулықтар, ал көркем әдебиет пен қазақстандық авторлардың еңбектері тым аз шығарылады. Мәселен, 2017 жылы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы бар болғаны 235 кітап тіркеген.

Сонымен қатар, оқырман тарапынан қызығушылық жоқ емес. 2016 жылы қазақстандықтар 12,7 млрд теңгеге кітап сатып алған.

Әлемдік тәжірибе

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, салықты азайту кітап қолжетімділігі мен оқырмандар санына тікелей әсер етеді. Латвияда 2021 жылдан бастап кітаптар мен электронды басылымдарға ҚҚС 5% болып белгіленді. Бұл шара қағаз бен энергия бағасының қымбаттауына төтеп беруге көмектесті. Нәтижесінде жаңа атаулар саны 2021 жылғы 1436-дан 2022 жылы 1586-ға өсті, ал ірі баспалар шығарған кітаптардың орташа бағасы 15,7%-ға төмендеді.

Швецияда 2002 жылы ҚҚС 25%-дан 6%-ға дейін қысқартылғаннан кейін сату көлемі небәрі бір жарым жылда 20%-ға артты. Ал Польшада керісінше, ҚҚС-тың 0%-дан 5%-ға көтерілуі сатылымның 5%-ға төмендеуіне әкелді.

Халықаралық баспагерлер қауымдастығы мен Еуропалық баспагерлер федерациясы 2015 жылы жүргізген зерттеуге сәйкес, 79 елдің тек 22%-ында ғана кітаптарға стандартты ҚҚС қолданылған. Орташа есеппен баспа өнімдеріне ҚҚС 5,75%, ал электронды кітаптарға – 12,25% құрады. Еуропада салық деңгейі әлдеқайда жоғары (орта есеппен 21%), ал Азияда – төмен (8,6%).

Бірқатар елдерде кітап мүлде салықтан босатылған. Олардың қатарында Ұлыбритания, Ирландия, Аргентина, Бразилия және Мексика. Африкада зерттелген 13 елдің сегізінде де нөлдік ставка қолданылады.

Кітапқа ҚҚС-ты алып тастау барлық мәселені шешетін панацея емес, бірақ тиімді құрал. Швеция мен Латвия тәжірибесі көрсеткендей, салықты азайту сатылымды арттырады, кітап бағасын төмендетеді және жаңа атаулардың шығуына ықпал етеді. Ал Польша мысалында, керісінше, салық өссе оқырман да азаяды.

Қазақстан үшін ҚҚС-тан босату, әрине, маңызды қадам, әсіресе қазақ тіліндегі авторлар мен баспагерлерді қолдауда ерекше рөл атқарады. Дегенмен, тек салықтық жеңілдік жеткіліксіз дейді мамандар. Мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығы, көркем әдебиетті дамыту және оқуды насихаттау қатар жүрмесе, нәтиже толық болмайды. Егер шаралар кешенді түрде іске асса, Қазақстан шынымен де «оқырман ұлтқа» айнала алады.

Перейти к новостям спорта