Мемлекет заң қабылдап, жануарларды қорғауды міндеттеген. Десе де, соңғы ұсынылған түзетулер қоғамда үлкен дау тудырып отыр. Өйткені бұл өзгерістер жануарларды ұстағаннан кейін бес күн ішінде атуға рұқсат береді. Осы ретте Caravan.kz медиа порталы сарапшылар пен әлемдік тәжірибеге сүйеніп, тақырыпты ашып көрді.
Мейірімді болу дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұл қағиданы заңнамаға да қолдануға бола ма? «Жануарларға жауапты қарау туралы» заң осыны тікелей талап етеді, яғни, қаңғыбас жануарларды өлтіруге тыйым салады.
Заң қабылданғанына үш жыл ғана болды. Ал заң шығарушылардың жануарларға деген ізгілігі бәсеңси бастады. 2024 жылы заңға бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылды, бірақ бастама қоғамда үлкен қарсылық тудырды.
Жануарларды қорғаушылар бұл түзетулерді «қатыгездік заңы» деп атап, оны Конституцияға қайшы деп бағалады. Олар 2 қыркүйекте петиция жариялап, ең құрығанда бір норманы алып тастауды талап етті. Әңгіме мына норманың төңірегінде.
«Егер иттің не мысықтың иесі табылмаса, ұстағаннан кейін бес күн өткен соң жануарды өлтіруге рұқсат берілмек».
Негізгі даулы түзетулер
Мәжілісте талқылануы тиіс ұсыныстардың ішінде қоғамды ерекше алаңдатқандары бар. Олар:
-Ұстау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу бағдарламасын тоқтату;
-Жануар иелеріне өз ит-мысығын утилизацияға өткізуге рұқсат беру;
-Қаңғыбас жануарларды ұстаған ұйымдарды оларға тамақ, су беруден, емдеуден босату.
Бұл түзетулер төңірегінде соңғы үлкен пікірталас 2024 жылдың қарашасында Мәжілісте өткен «дөңгелек үстелде» өрбіді. Бірақ ортақ шешім табылған жоқ.
Түзетуді қолдаушылар:
«Ұстау, стерилизация, вакцинация және қайта жіберу бағдарламасы еш нәтиже бермейді, жануарларды ұзақ ұстау бюджетке ауыр салмақ түсіреді», — деген уәждерін айтты.
Ал қарсы тарап:
«Жануарларды өлтіру де мәселені шешпейді, олардың орнын жаңалары тез басады. Шынайы шешім – стерилизация және иелердің жауапкершілігін күшейту»,- деп жауап қатты.
Талқылау барысында тіпті таңқаларлық пікірлер де айтылды. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев:
«Кез келген тірі жанның басты мақсаты – көбею. Адам да, микроб та, барлығы да көбейгісі келеді. Ал стерилизация арқылы біз жануарларды осы мүмкіндіктен айырамыз. Мұны сіздер гуманизм деп санайсыздар ма?» – деді ол.
Ал дөңгелек үстелдің модераторы, депутат Альберт Рау болса, барлық ұсыныстар жұмыс тобында мұқият қаралатынын мәлімдеді. Дегенмен содан бері жағдай ушығып кетті. Әйтпесе петиция жарияланбас еді, митингке шығу жайы да көтерілмес еді.
Ғылым не дейді?
Қаңғыбас жануарлар санын азайту жолында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ресми ұстанымы мынадай:
«Жануарларды жай ғана жою олардың санын азайтпайды және құтыру сияқты аурулардың таралуына да айтарлықтай әсер етпейді. Керісінше, вакцинациямен қатар жүргізілген жағдайда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады».
Ал бізде ұсынылып отырған жалғыз шара ретінде көзін құрту болып отыр. Бірақ әлемдік зерттеулер көрсеткендей, ұзақ мерзімде мәселені шынайы шеше алатын жалғыз жол – дәл осы жоғарыда айтылған бағдарлама. Ол жануарлардың көбеюін тежеп, санын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Қала көшелерінде қаңғыбас жануарлардың саны бойынша екінші орында мысықтар тұр. Көбінесе оларды адамдар «жақсы қолға тапсырдық» дегенімен, ақыр соңында далаға тастап кетеді. Сондықтан мәселенің жалғыз шешімі – тек қаңғыбас емес, үй жануарларын да жаппай стерилизациялау. Әлем тәжірибесі көрсеткендей, егер үй жануарларының 70–80%-ы стерилизациядан өтсе, қаңғыбас жануарлар саны да азаяды.
Шетел тәжірибесі
Бізге «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Әлемдік тәжірибеге үңілсек, қаңғыбас жануарлар мәселесін шешудің түрлі жолдары бар.
Дамыған елдерде (АҚШ, Канада, Еуропалық Одақ):
-жануарларды ұстаған соң алдымен муниципалдық приютке жібереді;
-ол жерде оларды тексеріп, емдеп, бұрынғы иесіне қайтарады немесе жаңа иелерге береді;
-тек сұраныссыз қалғандары ғана эвтаназияға жіберіледі;
-жануар иелерін жауапты болуға ынталандырады: тегін стерилизация жасайды, салықты азайтады, ақпараттық кампания жүргізеді.
Осының арқасында АҚШ-та соңғы 30 жылда эвтаназия деңгейі төрт есе қысқарды. Ұлыбританияда қаңғыбас жануарлардың саны тіпті азайып кеткен.
Дамушы елдерде қолданатын негізгі әдіс сол, ұстап, вакцинация жасау, кейін жіберу. Үндістанда бұл бағдарламаның басты мақсаты – жануарларды түгел жою емес, олардың санын тұрақтандыру және аурулардың алдын алу. Мысалы, Джайпур қаласында қаңғыбас иттердің 70%-ы стерилизацияланған кезде олардың саны тұрақталғаны байқалған.
Егер біздің заң шығарушылар әлемдік тәжірибені тереңірек зерделесе, «стерилизация жануарларды көбейю мүмкіндіген айырады» деген пікір айтпас еді. Сол кезде қаңғыбас жануарлар мәселесін де қан төкпей, адамгершілікке сай шешуге болады.