Балалық шақ қалай өзгеріп барады? Еліміздің жасөспірімдері барған сайын шынайы өмірдің барын ұмытып бара жатыр. Онлайн өмір сүру қалыпты жағдайға айналып бара жатқан заманда жалғыздық қалайша нормаға айналды? Caravan.kz медиа порталы соңғы 30 жылда болған өзгерістерді салыстырып көрді.
1990-жылдары ата-аналары балаларын үйіне кіргізе алмайтын еді. Олар күн батқанша аулада асық ойнап, доп теуіп, құрдастарымен әңгімелесетін. Бүгінде олардың өмірінің елеулі бөлігі смартфонға ауысқан. Бір сәтте келе қойған құбылыс емес, әрине. Ол қалалық ортаның өзгеруімен, көліктердің көбеюімен, ата-аналардың алаңдаушылығының күшеюімен, кейін цифрлық технологиялардың экспансиясымен байланысты. Бұрын әлеуметтік қарым-қатынастың кеңістігі болған аула біртіндеп экранға орын берді.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, 2010-жылдарға қарай смартфон дәстүрлі демалыс түрлерін түбегейлі ығыстырып жіберген. 2022 жылы Қазақстанда жүргізілген HBSC сауалнамаларына сәйкес, оқушылар күніне 6–8 сағатты отырып өткізеді екен. 51,3 пайызы компьютерлік ойындар ойнайды, 56,5 пайызы әлеуметтік желілерде сөйлеседі, 30,5 пайызы интернеттен ақпарат іздейді. Соңғы төрт жылда ойынға құмарлардың үлесі 20 пайызға өскен. Осылайша, әдеттер ғана емес, балалық шақ моделі толықтай өзгерді.
Жаңа құбылысты «цифрлық жалғыздық» деп атайды. Формальды түрде жасөспірімдер үнемі байланыста, алайда, достық пен қарым-қатынасты лайктар, смайликтер, пікірлер алмастырды. Психологтар мұны «диеталық достық» деп атайды, яғни, қарым-қатынастың дәмі бар, ал нәрлілігі жоқ.
Жасөспірімдердің телефонында жүздеген танысы болуы мүмкін. Алайда шындығында сыр ақтаратын бір адамы жоқ. UNICEF-тің 2014 жылғы деректері бойынша, Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейі жоғары елдердің қатарына кірген. Жыл сайын жүздеген жасөспірім өмірімен қоштасады, одан да көбі өз-өзіне қол жұмсауға талпыныс жасайды. Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығы оқушылар арасындағы мазасыздық пен депрессияның өсуін тіркеп отыр, ал «смартфон буыны» осы тұрғыдан ең осалы.
Қазақстан мәдениеті қарым-қатынасқа негізделген. Дастарқан тек ас ішудің емес, бірге уақыт өткізудің, әңгіме алмасудың, ұрпақтар арасындағы байланысты сақтаудың белгісі болатын. Бүгінде бұл дәстүр барған сайын маңыздылығын жоғалтып барады. Ата-ана мен бала бірге отырса да, әрқайсысы өз экранына үңілуден қолдары босамайды. Алматы кафелерінде де осындай жағдай күнделікті кездеседі. Ата-анасы Instagram-ды аңдумен болса, балаларын виртуалды ойынға байлап қояды. Осылайша смартфон байланыс құралы емес, тірі қарым-қатынасты ығыстыратын делдалға айналып барады.

Зерттеулер көрсеткендей, қыздар TikTok және Instagram сияқты визуалды платформалардың тұзағына түседі екен. «Идеалды» бейнелермен үнемі салыстыру өзіне деген сенімнің төмендеуіне, мазасыздық пен депрессияның өсуіне алып келеді. Ұлдар онлайн ойындар мен бәс тігуге құмарта бастайды, ол жылдам дофаминдік серпілістерге тәуелділікті қалыптастырады. Соның салдарынан жасөспірімдер шынайы қиындықтармен күресу қабілетін жоғалтып, оларды виртуалды жеңістермен алмастырады.
Зерттеулер көрсеткендей, 15–16 жасқа қарай оқушылардың елеулі бөлігі тәуелділікке жақын әдеттерді қалыптастырады екен, олар күніне 4–5 сағат ойын ойнап, оқуға және спортқа қызығушылығын жоғалтады.
Тарихи тәжірибе қауымдастық дағдарыстарының бұрын да болғанын көрсетеді. ХХ ғасырдың басында индустрияландыру дәстүрлі ауылдық қауымдарды бұзып, адамдар клубтар мен үйірмелерден өз орындарын іздеді. Кеңес кезеңінде Пионерлер сарайы мен спорт қоғамдары «екінші үйдің» рөлін атқарды. Бүгінде аталмыш институттар жоқтың қасы. Сондықтан елімізде жасөспірімдерге экран арқылы емес, ортақ істер арқылы достасып, тәжірибе жинайтын кеңістіктер құру мәселесі көтерілуі керек. Оқушылар сарайлары мен комьюнити-орталықтарын ашу жоғалғанды қайтару талпынысына айналып отыр.
Америкалық зерттеуші Джонатан Хайдт балалардың әлеуметтік желілерде отыруын Марсқа экспедициямен салыстырады. Онда бәрі беймәлім, қауіпті, болжап болмайды. Мысалы, ата-аналар қызын ғарышқа жібермес еді, алайда TikTok-қа еш алаңсыз жібереді. Бұл қазіргі заманның парадоксы: бәрі қауіпті екенін түсінеді, бірақ елемей жүре береді. Смартфондар жаппай тараған дәуірде жасөспірімдер арасындағы мазасыздық пен депрессия көрсеткіштері тарихи максимумға жетті.

Мәселені қарапайым тыйыммен шешу мүмкін емес. Цифрлық ортаны шектеу мүмкін емес дейді мамандар, себебі әлем қазірдің өзінде цифрлық дәуірге ауысқан. Бірақ бұл қоғам дәрменсіз деген сөз емес. Әңгіме тепе-теңдікте. Ата-аналар мен ұстаздар мәселені қолға алатын уақыт келді. Экран уақытын шектеу, отбасылық дастарқан мен серуендеу дәстүрін қайтару керек. Мектепте үйірмелер, спорт, шығармашылық орталықтары қарқынды жұмыс істеуі керек. Мемлекет психикалық денсаулық бағдарламаларын күшейтуі тиіс, сенім телефондары, мектеп психологтары, ағартушылық науқандар өткізілуі маңызды. Ақырында, қоғам балаларды «жоба» ретінде емес, еркін өсуге жағдай жасау керек тұлғалар ретінде қарастыруға тиіс.
Онлайн-білім, шығармашылық пен коммуникация платформалары дұрыс қолданылса, ресурсқа айналуы мүмкін. Маңыздысы – балаларды технологиядан оқшаулау емес, оларды бағыттау. TikTok-тың өзін де білім беру контентімен толтыруға, ал ойындарға дамытушы элементтер енгізуге болады.
Мәселе смартфонды тыйып тастауда емес, балама жасай алуымызда. Әкімдіктер бордюр мен плиткаларды ауыстыруға миллиардтап қаржы жұмсай бермей, мәдени және спорт орталықтарына инвестиция салуы керек дейді мамандар. Саябақтар, аулалар, клубтар, қарым-қатынас орталықтары смартфон буынын құтқаратын мүмкіндікке айналуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Тәрбиесіз тыйым: Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюіне смартфондардың қатысы қанша?
