Инфляцияға қарсы 18%-дық шындық: Ұлттық банктің қатаң саясаты қандай қиындықтарға әкелуі мүмкін? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Инфляцияға қарсы 18%-дық шындық: Ұлттық банктің қатаң саясаты қандай қиындықтарға әкелуі мүмкін?

Инфляцияға қарсы 18%-дық шындық: Ұлттық банктің қатаң саясаты қандай қиындықтарға әкелуі мүмкін?

Ұлттық банк инфляцияның алдын алмай, оның соңынан жүріп келеді.

  • 13 Қазан
  • 92
Фото - Caravan.kz

Ұлттық банк соңғы жылдардағы ең қатаң шешімдердің бірін қабылдады. Осылайша базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Мұндай деңгей елде бұрын-соңды болмаған дейді мамандар. Ақша саясатының жаңа бетбұрысы экономиканы құтқара алады ма? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Реттеуші мұндай қадамға бару себебін үдеп кеткен инфляциямен түсіндірді. Тамыз және қыркүйек айларының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 12,9 пайызға жетіп, болжамнан асып түскен. 

Сарапшылар арасында бұл шешім қызу талқылау туғызды. Бір тарап оны экономиканы «қызып кетуден» сақтау мен инфляцияны тежейтін қажетті шара деп бағаласа, екінші тарап мұндай жоғары мөлшерлеме өсімді баяулатып, несие мен бизнес үшін жаңа қиындықтар туғызады деп алаңдайды.

Осы шешімнің артында не тұрғанын және алдағы айларда не күтуге болатынын түсіну үшін Ұлттық банктің ақша-несие саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықовтың пікірлерін ұсынамыз.

Неліктен Ұлттық банк қатаң қадамға барды?

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, шындық болжамнан асып түсті. 

«Біз тамыз айында болжам жасағанда, жыл соңына қарай инфляция 11–12,5 пайыз аралығында болады деп күткенбіз. Алайда тамыз-қыркүйек қорытындысы бойынша көрсеткіш 12,9 пайызға жетіп, күткеннен жоғары болды. Бұл баға қысымының күшейгенін және ақша-несие саясатын қатаңдату қажеттігін көрсетеді», — дейді Рустем Оразалин. 

Оның айтуынша, экономикалық өсім қазір 6,5 пайыз деңгейіне жетті. Бұл соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

«Экономика мен іскерлік белсенділік өте жоғары. Бұл сұраныстың артуына, ал ұсыныстың оған ілесе алмауына алып келеді, нәтижесінде тұтыну бағаларының өсуіне себеп болды. Сондықтан дәл осындай шешім қабылдау қажет болды», — деді Оразалин.

Ақша-несие саясаты жөніндегі комитет ішінде мөлшерлемені көтеру туралы пікір біржақты болған. Көпшілік 100–150 базистік тармаққа көтеруді қолдап, соңғы шешім 18 пайыз деңгейінде қабылданды.

«Мақсатымыз инфляцияны біртіндеп тұрақтандыру»

Базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны қаншалықты тежей алады деген сұраққа Рүстем Оразалин былай жауап берді:

«Жыл соңына дейін инфляцияның бірден төмендеуін күту шындыққа жанаспайды. Біз ұзақмерзімді кезеңде инфляцияны бақылауға алуды көздеп отырмыз. Келер жылдың соңында болжам — 9,5–11,5%, ал 2027 жылдың соңында — 5,5–7,5%. Орта мерзімде осы деңгейге жақындауымыз керек. Бұл шешім инфляцияның тұрақты төмендеу үрдісіне оралуына бағытталған. Егер бұл шара қабылданбаса, баға өсімі одан әрі үдей береді», — дейді сарапшы. 

Экономист Асқар Қысықов та инфляцияның үлкен қауіп екенін мойындайды, бірақ оның пікірінше, мөлшерлемені көтеру мәселенің түп-төркінін шеше алмайды.

«Ұлттық банк инфляция үшін жауапты, ал оның қолындағы негізгі құрал — базалық мөлшерлеме. “Инфляцияны тежеңдер” деген тапсырма түссе, олардың жалғыз мүмкіндігі — мөлшерлемені көтеру. Бірақ инфляция мәселесі әлдеқайда кең. Мұнда Ұлттық банк ықпал ете алатын монетарлық факторлар бар, сондай-ақ тарифтер, жанармай бағасы, фискалдық шығындар секілді монетарлық емес факторлар бар», — дейді маман. 

Қысықовтың пікірінше, мөлшерлеме артқанымен, инфляция төмендемейді.

«Инфляция баяулауы мүмкін, бірақ жоғары деңгейде қала береді. Үкімет пен Ұлттық банктің саясаты үйлесімді болуы керек. Себебі Ұлттық банктың өзі де мойындап отыр, инфляцияның басты себебі фискалдық шығындар мен тұтынушылық несиелеу», — дейді экономист. 

Ол тұтынушылық несиелеу базалық мөлшерлемеге аса тәуелді емес екенін еске салды. 

«2021 жылы инфляция 21–22 пайыз болғанда, базалық мөлшерлеме 16,75 пайыз еді, бірақ баға өсімі бәрібір жалғасты. Қазір несие алу онсыз да қиын, енді одан сайын қымбаттайды. Банктер нақты экономиканы емес, жеке тұлғаларды несиелеп отыр. Нәтижесінде ең үлкен пайда алушылар  депозит иелері мен артық өтімділікті Ұлттық банк құралдарында ұстайтын банктер», — деп қосты маман. 

Тарифтер мен жанармай бағасы инфляцияны күшейтіп отыр

Рүстем Оразалин баға қысымының күшеюі тек тұтынушылық сұраныстан емес, реттелетін тарифтер мен жанармай нарығындағы реформалардан да туындап отырғанын айтады. 

«Реттелетін бағаларды реформалау жүріп жатыр. Соңғы айларда жанармай бағасының өсімі күткеннен жоғары болды. Біз бастапқыда ГСМ өсімін 12,5–13% деңгейінде болжайтынбыз, ал қазірдің өзінде 8–9 айдың қорытындысы бойынша өсім 12%-ға жетті. Тарифтер үшінші жыл қатарынан өсіп келеді. Қысқа мерзімде бұл инфляцияны арттырады, бірақ ұзақ мерзімде бұл шаралар салалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бюджетті нығайтуға және Ұлттық қордан трансферттерге тәуелділікті азайтуға бағытталған», — дейді Ұлттық банк өкілі. 

Оның айтуынша, әрбір жаңа реформа инфляцияға қосымша 1–2 пайыздық тармақ қосады. Алда жаңа Салық кодексі қосылады, ол да бағаға қысым түсіреді.

«Ұлттық банк инфляцияның артынан ілесіп келеді»

Асқар Қысықовтың пікірінше, Ұлттық банк инфляцияның алдын алмай, оның соңынан жүріп келеді.

«Басқа елдер, соның ішінде Ресей мен Батыс мемлекеттері ақша-несие саясатын жұмсарта бастаса, біз керісінше қатаңдатуға барамыз. Мүмкін, бұл қадам кеш қабылданған болар».

Ол сондай-ақ жоғары мөлшерлеме несиеге қолжетімділікті төмендетіп, үкіметті экономиканы қолдауға арналған субсидияларды көбейтуге итермелейтінін атап өтті.

«Нәтижесінде тұтыну сұранысы артып, инфляция қайта үдейді. Бұл бір тұйық шеңбер: сұраныс өседі — баға көтеріледі — мөлшерлеме тағы көтеріледі. Оның үстіне, базалық мөлшерлеме тұтынушылық несиелерге, әсіресе бөліп төлеу жүйелеріне қатты әсер етпейді, өйткені олардың комиссиялары тауар бағасына жасырылған», — деді сарапшы.

Тұтынушылық несиелеу рекордтық деңгейде

Қатаң ақша-несие саясатына қарамастан, халықтың несие алу белсенділігі бәсеңдеген жоқ.

«Соңғы екі жылда жеке тұлғаларға берілетін несиелердің жалпы көлемі 10 триллион теңгеден 23 триллион теңгеге дейін өсті. Адамдар бөліп төлеу мен “қазір ал кейін төле” сынды бағдарламаларды пайдаланады. Бұл да инфляцияны үдетеді. Мұнда қаржы нарығын реттеу агенттігі нақты бақылау шараларын енгізуі қажет, әсіресе сауда және банктер тарапынан жасырын комиссияларды реттеу тұрғысынан», — деді Асқар Қысықов.

Ұлттық банк: саясаттың әсері уақыт өте сезіледі

Рүстем Оразалин ақша-несие саясатының әсері бірден байқалмайтынын ескертіп отыр.

«Толық әсері 2–6 тоқсан аралығында көрінеді. Ал қысқа мерзімде оның ықпалы валюта, ақша және депозит нарығында сезіледі».

Сондай-ақ ол инфляциямен күрес тек базалық мөлшерлемемен шектелмеуі керек екенін еске салды.

«Президент экономикалық өсім сапасын арттыру және инфляциялық қысымды азайту туралы айтты. Бұл бағытта сауда, өнеркәсіп және экономикалық саясаттың өзара байланысы қажет. Ұлттық банктің қолында базалық мөлшерлемеден бөлек макропруденциалдық құралдар, айналымдағы өтімділікті реттеу, резервтік талаптар сияқты қосымша тетіктер бар».

Алда не күтіп тұр?

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімін қарашаның 28-і күні жарияламақ. Сарапшылардың пікірінше, мөлшерлеме одан әрі көтерілмейді, бірақ инфляция үдей түссе, мұндай нұсқаны жоққа шығаруға болмайды. 

«Оптималды мөлшерлеме инфляция деңгейінен 1–2 пайыз жоғары болуы керек», — деді Асқар Қысықов.

Базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтеру арқылы Ұлттық банк инфляцияны тежеуге ниетті. Бірақ бұл шешім экономикалық белсенділікке де салмақ түсіруі мүмкін. Бизнес үшін қымбат несие, халық үшін қолжетімсіз тұтынушылық қарыздар мен бөліп төлеудің қымбаттауы. Егер үкімет пен Ұлттық банк бірлескен, келісілген стратегия әзірлемесе, инфляциямен күрес экономикалық өсіммен күреске айналуы мүмкін.

Перейти к новостям спорта