2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Бұл кәсіпкерлер үшін салық жүйесіндегі «қайта баптауды» қажет етеді. Бұрын қолданылған салық режимдері жойылып, олар бойынша есептілікті салық органдары қабылдамайтын болды. Сондықтан енді бизнес өкілдері салық органына алдағы уақытта қай ереже бойынша жұмыс істейтінін хабарлап, өздерінің салық режимін таңдап, оны растауы қажет.
Осы тақырыпты Caravan.kz медиа порталының тілшісі жан-жақты зерттеп шықты.
Оңайлатылған режимде қаламыз: не істеу керек?
Еске салайық, қазір Қазақстанда үш арнайы салық режимі (АСР) бар:
— өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим,
— оңайлатылған декларация негізіндегі режим,
— шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШҚ/ФҚ) арналған режим.
Ал бұрын қолданылған оңайлатылған декларация, тіркелген шегерім, бөлшек салық сияқты режимдер толықтай алынып тасталды. Енді «мен жеке кәсіпкер ретінде бұрынғыдай оңайлатылған режимде жұмысымды жалғастырғым келсе, не істеуім керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл таңдауды қайта растау қажет пе? Жауап — иә, қажет.
Егер сіз 2026 жылдан бастап да оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істеуді қаласаңыз, қаңтар айынан наурыз айының басына дейін салық органына арнайы хабарлама тапсыруыңыз керек. Бұл — жаңа бизнес ашу немесе режимді ауыстыру емес, тек өз таңдауыңызды ресми түрде растау. Яғни: «Мен оңайлатылған режимде қаламын» деген белгі ғана. Осыдан кейін салық органдары сізді тиісті санатқа енгізеді де, қосымша әрекет жасаудың қажеті болмайды.
Бұл не үшін керек болды? Себебі бұрынғы режимдер заң жүзінде өз күшін жойды. Егер кәсіпкер ешқандай хабарлама бермесе, жүйе оны автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге ауыстыруы мүмкін. Ал бұл — басқа салықтар, күрделі есептілік пен бухгалтерия. Көптеген жеке кәсіпкерлер мұндай жүйеге дайын емес.
Хабарламаны беру өте оңай. Ол үшін:
- «Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесіндегі» Салық төлеуші кабинетіне кіруге,
- «Құжаттарды тапсыру» бөлімінен «Қолданылатын салық режимі туралы хабарлама» формасын таңдап,
- электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойып жіберу жеткілікті.
Сондай-ақ бұл қызметті E-Salyq Business мобильді қосымшасы немесе кейбір банктердің қосымшалары арқылы да орындауға болады. Осылайша салық органында кезекке тұрудың қажеті жоқ.
Жеке кәсіпкерлікті қалай дұрыс жабуға болады?
Егер сіз оңайлатылған режимнен бас тартып, жалпы алғанда қызмет форматын өзгерткіңіз келсе, онда жеке кәсіпкерлікті жабуыңыз қажет.
Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында көрсетілгендей, мұны бір батырманы басу арқылы жасау мүмкін емес. Алдымен 2025 жылды дұрыс аяқтау керек. Ол үшін:
- 2025 жылға арналған соңғы салық есептілігін тапсыру қажет
(жұмыс істеген режиміңізге байланысты — 4-тоқсан немесе 2-жартыжылдық бойынша).
Бұл декларация тапсырылмайынша, жүйе кәсіпкерлікті жабу туралы өтінішті қабылдамайды.
Келесі қадам біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ ол міндетті. Тіпті сіз 2026 жылы мүлде жұмыс істемесеңіз де, салық органы 1 қаңтардан бастап формалды түрде салық режимін таңдауды талап етеді. Ол үшін кабинетте немесе қосымшада қолданылатын салық режимі туралы хабарлама тапсырылады. Онда:
- не оңайлатылған декларация режимі,
- не жалпыға бірдей режим
таңдалып, себебі ретінде «ерікті түрде қабылданған шешім» көрсетіледі.
Бұл — таза техникалық рәсім. Бірақ онсыз жеке кәсіпкерлікті жабу туралы өтініш қабылданбайды.
Маңыздысы: хабарламада көрсетілген режим 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болып есептеледі, тіпті сіз нақты қызмет атқармасаңыз да. Осы қадамдардан кейін ғана жүйе ЖК-ні жабуға мүмкіндік береді.
Одан соң тарату (ликвидациялық) есептілігі тапсырылады:
- егер оңайлатылған режим таңдалса — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған 910.00 нысаны,
- ал жалпыға бірдей режим болса — сол режимге сәйкес есептілік тапсырылады.
Қарапайым тілмен айтқанда, 2026 жылдың басында ЖК жабу үшін:
- 2025 жылды толық және дұрыс аяқтау,
- жаңа жүйеде бір рет салық режимін таңдау,
- содан кейін ғана кәсіпкерлікті жабуды рәсімдеу қажет.
Оңайлатылған режимдегі ЖК қашан бухгалтерия жүргізбеуге болады?
Егер сіз оңайлатылған декларация режимінде қалуды жоспарласаңыз, бір жаңалық бар. Оның жақсы немесе онша жақсы еместігі жылдық табысыңызға байланысты.
Егер жеке кәсіпкердің жылдық табысы 135 мың АЕК-тен (583,8 млн теңге) аспаса, ол бухгалтерлік есеп жүргізбеуге құқылы. Яғни, бухгалтер жалдаудың қажеті жоқ. Бірақ бұл құжаттардан мүлде бас тартуға болады деген сөз емес. Чектерді, шот-фактураларды, накладнойларды рәсімдеп, сақтау және жартыжылдық салық есептерін бұрынғыдай тапсыру міндетті.
Ал егер жылдық табыс 135 мың АЕК-тен асып кетсе, ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Мұндай жағдайда кәсіпкер толыққанды бухгалтерлік есеп жүргізіп, қаржылық есептілік тапсыруға міндетті.
Қысқаша айтқанда, шағын бизнес бухгалтерлік есепсіз жұмыс істей алады. Бірақ бір маңызды нюанс бар: егер оңайлатылған режимдегі ЖК-мен жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін компания серіктес болса, ол бұл шығындарды салықтық шегерімге қоса алмайды. Сондықтан кейбір клиенттер үшін ЖК-де бухгалтерияның болмауы мәселе туғызуы мүмкін.