Кімасар шатқалы ақылы тұраққа айналды: Экопосттар ақша жинау құралы ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 501.02
  • 597.27
+5 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кімасар шатқалы ақылы тұраққа айналды: Экопосттар ақша жинау құралы ма?

Кімасар шатқалы ақылы тұраққа айналды: Экопосттар ақша жинау құралы ма?

Таудағы ауаны көліктер ластап жатыр.

  • 2 Ақпан
  • 342
Фото - Caravan.kz

Бастапқыда экопост табиғи аумақты қорғауға арналған құрал ретінде пайда болған. Олар көлік пен адамдар ағынын шектеп, экожүйеге түсетін жүктемені азайтып, табиғи аумақты қоқыстардан тазартып, таза ауаны сақтауы керек. Ал қазір экопосттар өздерінің басты міндеттерінен алшақтап, ақша жинау құралына айналып бара жатқандай. Caravan.kz медиа порталының тілшісі арнайы барып, мәселені өз көзімен көріп қайтты.

Фото: Caravan.kz

«Төледің бе — өте бер» қағидасы

Бұрын алматылықтар мен қала қонақтары қоғамдық көлікке отырып Медеуге жететін. Әрі қарай да кез келген бағытта тегін серуендей алатын. Қазір қолжетімді, тегін бағыттар қалмады. Әсіресе халық арасында кеңінен танылған бағыттардың бірі — Кімасар шатқалы да, Алма-Арасан, Бұтақты, Түрген, Есік шатқалдары сияқты ақылы болғанына біршама уақыт болды. Енді таза ауамен тыныс алғысы келетін кез келген адам аумаққа кіру үшін ақша төлеуге тиіс. Экопостта шлагбаум қойылған, күзетушісі бар. Жаяу жүргіншілерден де, көліктерден де ақы алынады. Билеттер бір күнге жарамды. Баға да АЕК сияқты жыл сайын өсіп келеді. Мысалы,

  • 2009 жылы бір адамнан 200 теңге алынатын.
  • 2024 жылы біз түсірген видеоға сәйкес, 569 теңгеге өскен.

Биыл АЕК өскенін айта кетейік. Сәйкесінше, 2025 жылдан бастап кіру ақысы да өсті. Бағасы жыл сайын өсетініне қарамастан, экопосттардың жұмыс істеу қағидасы сол күйі өзгермеген. Яғни, ақша жиналады, ал табиғатты қорғаудың, немесе халыққа арналған инфрақұрылымның дамығаны көрінбейді.

Сaravan.kz тілшісі Кімасар шатқалына барды. Екі адамға кіру үшін 1297 теңге төледік, яғни бір адам үшін — 648,75 теңге, ал көлік үшін — 1297,50 теңге болыпты. Кімасар шатқалы арқылы Букреев, Фурманов, Панорама, Башута сынды шыңдарға баруға болады. Басқа баламасы жоқ. Одан бөлек балалы отбасылар алысқа бармай, таудың етегінде демалады. Кейбіреулер белгілі әткеншекке баруды көздейді. Барлық бағытқа осы экопост арқылы барады. Демалысы үшін халық төлейді. Алайда, шатқалдың күйі сол қалпы қалған, орындықтар мен үстелдер ескірген, әжетханалар да құлайын деп тұр.

Фото: Caravan.kz

Халықты алаңдатып отырғаны басқа — ауаның ластануы. Кімасар шатқалы ақылы тұраққа айналғандай әсер қалдырып отыр. Себебі экопостта бақылау жоқтың қасы, шлагбаумнан кез келген көлік ешбір шектеусіз өтіп жатыр. Төлесе болды. Көліктер санының тым көп болғаны сонша, сыймай барады. Осылай жалғаса берсе, олар таудың ішіне кіріп, көлігі жететін биікке дейін баруға дайын. Экокөліктерге ғана рұқсат етілсе бір жөн, алайда бензинмен, газбен жүретін көліктер де кіріп, ауаны ластауын жалғастырып жатыр.

Фото: Caravan.kz

Осы тұста табиғатты қорғау қалай жүзеге асуы керектігін көрсететін мысалдарды келтірейік. Шымбұлақ аймағында Медеуден жоғары жеке көліктердің қозғалысына тыйым салынған. Адамдар көліктерін төменде қалдырып, әрі қарай жаяу немесе экотакси арқылы көтеріле алады. Бағасы бір адамға — 5000 теңге. Үлкен Алматы көлі де осылай қорғалады. Көлге жеке көлікпен көтерілуге тыйым салынған. Эдельвейс бақылау-өткізу пунктінің маңында тұрақ бар, сол жерде жеке көлікті қалдырып, әрі қарай жаяу немесе арнайы рұқсат етілген көлікпен көтерілуге болады.

Жуырда Көк-Жайлау шатқалында да QR-коды бар ақпараттық белгілер пайда болды. Бұл жұртшылықтың күдігін туғызған болатын. Алайда олардың не үшін қойылғаны әзірге белгісіз, ресми ақпарат жоқ.

Ең өкініштісі, ақылы кіру табиғатты қорғауға нақты әсер бермей отыр. Қоқыс азайған жоқ, автокөліктердің саны шектелген жоқ, бақылау күшеймеді. Алма-Арасан және Бұтақты шатқалы сынды халық көп баратын орындарда, әсіресе, жаз мезгілінде көлік те көп, ал айнала қоқысқа толады.

Жалпы, Алматы маңындағы табиғи аймақтар — бүкіл халықтың ортақ байлығы. Қазір қолжетімділік қалмағанын халық басынан кешіріп отыр. Тіпті Ботаникалық баққа кірудің өзі ақылы, кезінде 320 теңге болған, қазір 932 теңгеге өскен, ал зейнеткерлер, оқушылар мен АӘК алушылар үшін — 466 теңге. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыдан жағдайы төмен халықтың наразылығын да түсінуге болады. Таза ауамен тыныс алудың өзі енді ақылы.

Егер қойылған экопосттар табиғатты қорғамаса, ауаның ластануын бақыламаса, көлік қозғалысын реттемесе, халық үшін тиісті инфрақұрылым жасамаса, халық не үшін төлеп жатыр?