2026 жылғы су тасқыны: 2 жыл бұрынғы апаттан қандай сабақ алдық?  - kaz.caravan.kz
  • $ 478.77
  • 548.62
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
31 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
2026 жылғы су тасқыны: 2 жыл бұрынғы апаттан қандай сабақ алдық? 

2026 жылғы су тасқыны: 2 жыл бұрынғы апаттан қандай сабақ алдық? 

Өңірлер еріген қар суына қаншалықты дайын? 

  • 30 Наурыз
  • 59
Фото: видеодан алынған

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Әлемде табиғи апаттардан толықтай сақтанған бірде-бір ел жоқ. Қанша жерден технология дамып, қаржы бөлінгенімен, табиғаттың тосын мінезін толық бағындыру мүмкін емес. Алайда оның салдарын азайту адамның қолынан келетін міндет. Ол үшін алдын ала жүйелі әрі сапалы дайындық қажет. 

2024 жылы ел аумағының жартысынан астамы қарғын судың құрсауында қалған еді. Бұл Қазақстан үшін үлкен сабақ болды. Соңғы 80 жылда болмаған ең ірі су тасқыны тіркеліп, 10 облысты су басты. Ендігі мәселе, сол екі жыл бұрынғы апаттан қандай қорытынды шығардық? Қазіргі дайындық қалай жүріп жатыр? 

Былтыр 9 аймаққа қауіп төнсе, биылғы болжам да көңіл көншітпейті. 8 облыс, әсіресе Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы «қызыл аймақта» тұр. Бұдан бөлек Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс қазақстан, Қостанай және Абай облыстары «сары аймаққа» енген. Яғни, 272 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр.

Тасқынмен күреске бөлінетін қаражат көлемі аз емес. Алайда мемлекет басшысы бұл бағытта тасқынның салдарымен емес, себептерімен күресті күшейтуді тапсырды.

«Жіберілген оқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз керек. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу керек. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға міндетті», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазіргі ахуал туралы ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Есмағанбетов 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«Соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Соның нәтижесінде бұрын су басу қаупі бар 1242 елді мекеннің саны 272-ге дейін азайды. Бірақ бұл олардың барлығы міндетті түрде су астында қалады деген сөз емес, қауіп бар дегенді білдіреді. Қазір болжам бойынша 15 елді мекенде нақты қауіп сақталып отыр. Батыс өңірде жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден артық болуы мүмкін. Сондықтан қатаң бақылауда. Тасқын болмайды деп арқаны кеңге салуға болмады. Дайындықты күшейтіп, мәселелерді жан-жақты талқылау керек», — деді Роллан Есмағанбетов.

Елде 400-астам ірілі-ұсақты су қоймасы бар. Алайда олардың басым бөлігі ескірген. Сондай-ақ 1300-ден астам гидротехникалық құрылымның дені кеңес дәуірінен бері жаңартылмаған.

Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан облысына Алматы облысынан құтқарушылар жіберілді. Олар Қызылжар ауданы мен Заречный кентінде бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл өңірде тоң қалың. Бұл еріген қар суының топыраққа сіңуін баяулатады. Синоптиктердің болжамынша, өзен-көлдердегі су деңгейі сәуір айының басында көтеріле бастайды.

Маманның айтуынша, 2025 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі 842 арнайы техника, 27 катер және 683 су сору құрылғысын сатып алған.

Көктем басталғалы ТЖМ 205 елді мекен аумағында 29 рет тікұшақпен барлау жүргізді. Сонымен қатар, ведомствоның қарамағында 218 ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараты бар, оның 150-і жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған. Олар арқылы 583 рет әуеден бақылау жасалған.

«ТЖМ жеке құрамынан 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам техника, 5 мыңға жуық су айдау және 701 жүзу құралдары, 35 сорғы жылжымалы станциядан тұратын су тасқынына тартылатын күштер мен құралдардың топтамасы дайындалды», — дейіді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Абай Калимуллин. 

Роллан Есмағанбетовтің айтуынша, су тасқыны жағдайын күрделендіретін негізгі факторлардың бірі — гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының тозуы.

«Ел бойынша 547 гидротехникалық нысан жөндеуді қажет етеді. 2025 жылы оның 47-сі жөнделді. Қазір 90-ға жуығы жөндеуден өтуі тиіс, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр», — деді ол.

Соңғы деректерге сәйкес, 2026 жылы су тасқынына қарсы іс-шараларға шамамен 49 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат су тасқынының алдын алу, өзен арналары мен су өткізгіштерді тазалау, бөгеттер мен жағалауларды нығайту, сондай-ақ басқа да инженерлік-қорғаныс жұмыстарын жүргізуге бағытталған.