Әлеуметтік желідегі қарапайым репост немесе ойланбай жазылған пікірдің өзі құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Кей жағдайда мұндай әрекеттер тіпті қылмыстық жауапкершілікке ұласатыны жасырын емес. Бұл туралы Бас прокуратура кезекті рет ескерту жасады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Интернет — жауапcыз кеңістік емес
Бас прокуратура өкілдері интернетті «бәріне рұқсат етілген орта» ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті. Желіде жасалған әрбір әрекет цифрлық із қалдырады. Қазіргі технологиялардың арқасында кез келген жазбаның авторын анықтау қиын емес.
Мамандардың айтуынша, кейбір қолданушылар лайк пен қаралым қуып, өз әрекеттерінің салдарын ескере бермейді. Алайда жалған ақпарат тарату — жай ғана пікір немесе әзіл емес, ол қоғам үшін нақты қауіп.
Мұндай контент:
- қоғамда үрей мен дүрбелең туғызуы мүмкін;
- азаматтардың жеке басына және беделіне зиян келтіреді;
- мемлекеттік институттардың тұрақты жұмысына әсер етеді.
Маңызды жайт: жауапкершілікке тартылу үшін жалған ақпараттың авторы болу міндетті емес. Оны тарату фактісінің өзі жеткілікті.
Заң қалай жұмыс істейді?
Медиа-заңгер Гүлмира Біржанова бұл мәселеде заң екі деңгейде қолданылатынын түсіндіреді.
- біріншісі — әкімшілік жауапкершілік. Мұнда жалған немесе бұрмаланған ақпаратты тарату фактісінің өзі жеткілікті.
- екіншісі — қылмыстық жауапкершілік. Бұл жағдайда адамның жалған ақпаратты әдейі, саналы түрде таратқаны дәлелденуі тиіс.
«Сот тәжірибесінде дәл осы «әдейі әрекет ету» фактісін дәлелдеу қиын. Сондықтан ұзақ уақыт бойы мұндай қылмыстық істер аз болған. Ал ақпараттың жалған екенін анықтау әлдеқайда жеңіл. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шындыққа сәйкес келмейтін, бұрмаланған немесе адамдарды жаңылыстыратын кез келген мәлімет жалған ақпарат ретінде танылады», — дейді маман.
Журналистер үшін қауіп
Құқық қорғаушылар бұл мәселеде тағы бір маңызды айырмашылықты атап өтеді: қарапайым қолданушы көбіне хайп үшін әрекет етсе, журналист кәсіби міндетін орындайды.
Соған қарамастан, Қазақстанда журналист мәртебесі заң жүзінде болғанымен, іс жүзінде толық қорғалмаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай журналистік зерттеу жанрының әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
«Журналистер көбірек қорғалуы тиіс. Әйтпесе зерттеу журналистикасы ғана емес, жалпы журналистика ұғымының өзі қауіпке ұшырайды», — дейді мама.
Цифрлық мәдениет — жеке жауапкершіліктен басталады
Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік — тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң бір жағынан азаматтарды жала мен жалған ақпараттан қорғайды, екінші жағынан әр адамнан ақпараттық сауаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.
Сондықтан кез келген хабарламамен бөліспес бұрын өзіңізге сұрақ қойыңыз: бұл расталған ақпарат па, әлде біреудің ойыны ма?