Алимент мәселесі күн тәртібіне қайтадан оралды. Мәжілісте айтылған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ел бойынша 300 мыңнан астам балаға алимент төленбей келеді. Борышкерлердің қарызы 18 миллиард теңгеден асып кеткен. Енді тағы қандай ұсыныстар айтылды? Мәселенің шешілетін түрі бар ма? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тарқатады.
Қазір ушығып кеткен мәселе енді бір отбасының бас ауыры емес. Борышкерлердің қарызы мен мұқтаж балалалардың санына қарасақ, тұтас қоғамға әсер ететін әлеуметтік ауыртпалыққа айналған.
Сұрақты шешудің бір жолы ретінде алимент қорын құру керектігі айтылып келеді. Бұл ұсыныс алғаш рет 2016 жылы айтылған, сәйкесінше он жыл бұрын борышкерлердің қарызы да аз еді — 2 миллиард. Енді бұл көрсеткіш бірнеше есе өсіп кеткен. Оның ішінде тек үш айдан астам уақыт төленбеген қарыздар ғана есепке алынған.
«Қазақстанда 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Олардың арасында мүгедектігі бар балалар да аз емес», — деді депутат Магррам Магеррамов Мәжіліс отырысында.
Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналардың жағдайы ауыр. Парламентте алимент өндіре алмай жүрген отбасылардың нақты мысалдары айтылды.
«Жақында қабылдауыма бір әйел келді. Алимент бойынша 4 миллион теңге қарызы бар. Баласының мүгедектігі бар. Әкесі түрлі айламен жауапкершіліктен жалтарып жүр», — деді депутаттардың бірі.
Мәжілісте жеке сот орындаушыларының жұмысы да сынға алынды. Депутаттардың пікірінше, алимент өндіру кейбір жеке сот орындаушылары үшін тиімді емес. Себебі бұл ұзақ әрі күрделі жұмыс, ал табысы аз.
Осыған байланысты Қазақстанда жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылды. Мәжіліс бірінші оқылымда міндетті аттестация енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Егер маман сынақтан екі рет өте алмаса, лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар Әділет министрлігі алимент төлемейтіндерді анықтаудың жаңа цифрлық тәсілдерін таныстырды. Ведомство енді жасанды интеллект көмегімен табысын жасырып жүрген азаматтарды бақыламақ. Мысалы, жүйе адамның мамандығын, өңірін және ресми табысын салыстырады. Егер ірі қалада жұмыс істейтін инженер ең төменгі жалақы көрсетсе, бұл күмән туғызуы мүмкін.
«Жасанды интеллект “конвертпен” берілетін жалақыны және жасырылған табысты анықтауға көмектеседі», — деп мәлімдеді Әділет министрлігі өкілдері.
Сондай-ақ, қызметкерлердің табысты төмен көрсетуі мүмкін деген күдік болса, бухгалтерлерге арнайы ескерту хабарламалары жіберіледі.
Осы талқылаулар аясында депутаттар мемлекеттік алимент қорын құру мәселесін қайта көтерді. Ұсыныс бойынша, балаларға төлем алдымен қор арқылы беріліп, кейін мемлекет бұл қаражатты борышкерлерден өндіріп алады. Депутаттар мұндай жүйе қиын жағдайда қалған отбасыларға уақытша болса да қолдау болатынын айтады.
Сонымен қатар Мәжілісте алиментке жұмсалған әр тиын үшін есеп беру туралы ұсыныс та қызу пікірталас тудырды. Кей депутаттар бұл бастамаға қарсы шықты. Олардың пікірінше, мұндай талап ана мен балаға сенімсіздік танытып, көмекті артық бюрократияға айналдырады.
«Нағыз әке өз баласына көмектесуді сот міндеттейтін жағдайға жеткізбейді», — деді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.
Оның айтуынша, әке тек қаржылай көмекпен шектелмей, баласының тәрбиесіне де араласуы керек.
Әзірге мемлекеттік алимент қорын құру туралы нақты шешім қабылданған жоқ. Алайда Мәжілістегі талқылаулар бұл мәселенің жылдан-жылға күрделеніп бара жатқанын көрсетті. Сондықтан депутаттар уақытша шаралар емес, жүйелі өзгерістер қажет екенін айтып отыр.