Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Бір аптаның ішінде ҚР Қаржы полициясында ауқымды тағайындаулар болып, өңірлерде түрлі салаларда жаңа мамандар қызметтерге келді.

  • 27 Қазан 2012
  • 419
Фото - Caravan.kz

ҚазАқпарат осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық ауыс-түйістерге шолу жасайды.

Сонымен, Елбасының Өкімімен Марат Шабақбаев Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Шабақбаев Марат Несіпбекұлы 1956 жылы дүниеге келді, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдады. Ұлттық қауіпсіздік органдарында, прокуратура және Әділет министрлігінде орта және аға басшылық құрамының түрлі басшылық қызметтерінде жұмыс істеді. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап Қаржы полициясы агенттігінің Арнайы департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Бұдан басқа, Айтжанов Дәулет Рымтайұлы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасы орынбасарының қызметінен босатылды. Ол Қостанай облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Атап айтқанда, Қаржы полициясының өңірлік департаменттерінде де өзге тағайындаулар орын алды. Яғни, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бұйрығымен қаржы полициясының аумақтық департаментттерінің басшылары ауыстырылды.

Сабыржанов Жанұзақ Төлегенұлы Ақтөбе облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы болып тағайындалды. Ол бұрын Қостанай облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы лауазымын атқарған.

Бұрын Ақтөбе облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы болып жұмыс істеген Шабдар Нұрлан Амангелдіұлы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы болып тағайындалды.

Ақмола облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы Нәлібаев Мақсұт Ыбырайханұлы Жамбыл облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы болып тағайындалды, осы лауазымды уақытша атқарған Әлиханов Марат Тілеуқабылұлы Ақмола облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы болып тағайындалды.

Бұрын Алматы облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы болып жұмыс істеген Балтағұлов Айдар Ізбасарұлы Батыс Қазақстан облысы бойынша ЭСЖКД бастығы болып тағайындалды. Батыс Қазақстан облысы бойынша ЭСЖКД бұрынғы бастығы Садуақасов Талғат Бекбауұлы Алматы облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығы лауазымына тағайындалды.

Маңғыстау облысы бойынша ЭҚСЖҚКД бастығының міндетін уақытша атқарған Әбілов Берік Рахатұлы осы департаменттің бастығы болып тағайындалды.

Бұдан бөлек, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Холдингтің басқарма төрағасының орынбасары болып Дәурен Мақажанов тағайындалды. Холдингтің ұжымына жаңа орынбасарды басқарма төрағасы Дулат Айтжанов таныстырды. Дәурен Сәбитұлы Мақажанов 1980 жылғы 19 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің магистратурасын бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты. Әртүрлі жылдары Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінде: Петропавл қаласындағы «Қазкоммерцбанк» АҚ филиалында; Алматы қаласында «АТФ Банк» АҚ; Астана қаласында «Альянс Банк» АҚ-да қызмет атқарды. 2011 жылға дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Жаңа тағайындалуға дейін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болды.

Сонымен қатар «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Нұрлан Оспанов «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы болып сайланды

Нұрлан Елеусізұлы Оспанов 1971 жылы туған. Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын ҚР Қаржы министрлігінде 2-ші санатты экономист қызметінен бастады. Әртүрлі жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қаржы департаментінің директоры лауазымында, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Халықаралық қатынастар департаментінің директоры, ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасының орынбасары, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Енді өңірлердегі өзге салалардағы жаңа тағайындауларға тоқталатын болсақ, Қарағанды облысында денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметіне 40 жастағы Төлеген Сәдуақасов бекітілді. Ведомствоның жаңа жетекшісін аймақ басшысы Әбілғазы Құсайынов әкімдіктің отырысында таныстырды. Бұған дейін бұл қызметті үш ай ғана атқарған Марат Әбеуов денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан босатылды. Хабарламада атап өтілгендей, ол облыс әкімінің аппаратына ауыстырылды. Т.Сәдуақасов 10 жылдай уақыт денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келеді. Стационарлық көмекті дамыту және үйлестіру бөлімінің бастығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Бұл тағайындауға дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментін басқарып келді.

Айта кетейік, осы аптада Бақытжан Кенжебаев Қостанай облысының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы болып тағайындалды Соңғы тағайындауға дейін Б.Кенжебаев қызметтік өкілдіктерін теріс пайдаланғаны және сеніп тапсырылған мүлікті иеленгені үшін сотталған Ғалым Естекбаевтың орнына осы департамент бастығының міндетін атқарушы болды. Бұрын хабарланғандай, Ғ.Естекбаев бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, оның бұрынғы төрт қызметкеріне шартты мерзімдер берілді.

Б.Кенжебаев облыстық Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінде он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.

Атап өтер болсақ, Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың өкімімен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы болып Гүлжан Байжауынова тағайындалды.

Байжауынова Гүлжан Маңғыстауқызы 1961 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ. Білімі жоғары. 1983-1986 жылдары «Қарақұдық» совхозының (Жаңаөзен қаласы) экономисті, аға экономисті, содан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тексерушісі болып жұмыс істеді.

1986-1995 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кәсіподағы облыстық комитетінің әлеуметтік сақтандыру нұсқаушысы, «Маңғышылақ» АӨК-нің маманы, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті сатып алу және олардың сапасы бойынша облыстық инспекцияның аға маманы, «Касқор» АҚ-ның жетекші экономисті қызметтерін атқарды. 1995-2005 жылдары Ақтау қаласындағы Баға және монополияға қарсы саясат бойынша аумақтық комитетінің жетекші маманы, содан кейін бас маманы, ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде бөлім бастығы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 2005-2007 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастығы, Маңғыстау облысы бойынша Тарифтер бойынша басқарма бастығы, Маңғыстау облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Соңғы жұмыс орны: 2007 жылдан бастап Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болды.