Бұл оқиға бүгін таңғы сағат 8-жарымда Алматы іргесіндегі «Таусамалы» ауылында болды. Жаяу жүргінші жолағымен жүгіріп өтпек болған мектеп оқушысын қарсы бағытпен жүйткіген джип басып өтеді. Құдай сақтағанда, бүлдіршін дін-аман. Ал тізгінде болған жол сақшысының өзі екен. Тимур Серікұлы деген Алматы облыстық Жол полициясы басқармасының қызметкері. Десе де ережені өрескел бұзып, бала басып кеткен сақшы әлі қызметінен де шеттетіле қоймапты. Басшылары қызметтік тексеру жүріп жатыр деп сендірді.
Күн райының аяқ асты бұзылуы алматылық жүргізушілерді біраз әбігерге салғанға ұқсайды. Тек бір тәуліктің өзінде мұнда 70-ке жуық жол апаты тіркелген.
Махмұд Жағабаев, ЖПБ бастығының орынбасары:
— Ауа райы қолайсыздығына байланысты, қазір жеке құрамның 50 пайызы қызметте жүр. Өздеріңіз білесіздер, әртүрлі жағдайлар болып жатады. Қар тазалаушылармен қосақталып жүретін экипаж тағы бар.
Қазір қала көшелерін тазалауға 170-тен астам техника жұмылдырылып отыр. Алайда, кеше жауа бастаған қар әлі де толастар емес. Сондықтан, коммуналдық қызмет өкілдеріне әлі түнімен жұмыс істеуге тура келмек. Қалың қардан Жамбыл облысындағы жүргізушілер де жапа шегуде. Мұнда Күйік, Шақпақ асулары уақытша жабылған. Салдарынан, жұрт діттеген жерлеріне жете алмай, жолда сағаттап тұрып қалды.
Қанат Бегаев, көлік жүргізушісі:
— Қиыншылықпен келіп жатырмыз. Кеше шыққанбыз, енді жеттік Жамбылға. Жолды қар басып тастаған, қиналып келіп жатырмыз.
Қазір аталған асулардағы жолдар түгел қардан аршылып жатыр. Көлік қозғалысы да біршама қалпына келген.