ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ шеңберінде инновациялық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы жөнінде хабардар етті - kaz.caravan.kz
  • $ 485.11
  • 523.82
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ шеңберінде инновациялық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы жөнінде хабардар етті

ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ шеңберінде инновациялық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы жөнінде хабардар етті

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Үкімет басшылары Кеңесінің отырысына қатысты.

  • 5 Желтоқсан 2012
  • 417
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Саммит барысында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтік делегацияларының басшылары сауда-экономикалық және гуманитарлық салаларда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетудің нақты іс-шаралары мен болашағын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Отырыста сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі С.Ахметов ШЫҰ алдында тұрған өзекті міндеттерді атап көрсетті.

«Бүгінде әрбір мемлекет құбылмалы әлемдегі өзінің орнын қайта бағамдауға және бәсекеге қабілетті болып қалу үшін жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр. Біздің міндетіміз — тәуекелділікті барынша төмендетіп, өзара іс-қимыл мен серіктестікті дамытудың жаңа жолдарын табу, ШЫҰ аясында экономикалық байланыстарды нығайту. Бұл ұйымның қызметін нақты іс жүзіндегі нәтижелерге жетуге қайта бағдарлау қажет», — деп атап көрсетті С.Ахметов.

Премьер-Министрдің пікірінше, «ШЫҰ арнайы есеп-шоты мен ШЫҰ Даму банкі экономикалық жобаларын қаржылық қамтамасыз етудің тетіктерін жолға қою және оны қалыптастырудың қағидаттарын келісу жұмыстарын тездету маңызды». «Бұл тетіктерді дереу іске қосу экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп санайды С.Ахметов.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ШЫҰ-ның көліктік-транзиттік әлеуетін іске асыру болып табылады. «Бұл тауар айналымын арттыруға, елдердің нарықтарын біріктіруге, Еуропа мен Азияның арасындағы транзиттік жүк тасымалын кеңейтуге мүмкіндік береді. ШЫҰ аясында халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісімге қол қою — бұл бағыттағы маңызды қадам», — деді С.Ахметов.

Премьер-Министр ШЫҰ шеңберінде инновациялық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы жөнінде хабардар етті. «Бастаманың негізгі мақсаты — инновациялар мен инвестицияларды тиімді пайдалану, ұлттық экономикалардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновациялық технологияларды қолдану арқылы тауарлар мен қызмет түрлерін өндіру. Қазақстан тарапы әзірлеген бұл бағдарлама тұжырымдамасының жобасы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қарауына жіберілді», — деді С.Ахметов.

Премьер-Министр ШЫҰ ҮБК отырысына қатысушылардың назарын энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға аударды. Үкімет басшысы ШЫҰ Іскерлік Кеңесінің қамқорлығымен энергетикалық клуб құрудың келешегі зор деп есептейді. «Клуб энергоресурстарды өндірушілер мен тұтынушыларды біріктіре алар еді», — деді С.Ахметов.

Сондай-ақ, ол ШЫҰ аясында ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын да атап көрсетті. «Қазақстан әрдайым ШЫҰ-ны барлық қатысушы-мемлекеттермен, бақылаушылармен, диалог жөніндегі әріптестермен ынтымақтастықтың маңызды форматы ретінде бағалайды. Біз ШЫҰ-ны жетілдіруге бағытталған бірлескен жұмысқа, өзара іс-қимыл бағыттарын жандандыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге әзірміз», — деп қорытындылады С.Ахметов.

Отырыс аяқталған соң үкіметтік делегациялардың басшылары Бірлескен коммюникеге және ШЫҰ-ның түрлі қаржылық- экономикалық құжаттарын бекіту туралы бірқатар шешімдерге қол қою рәсіміне қатысты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды.

Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан ШЫҰ-ның мүшелері, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия, Пәкістан бақылаушылары, Беларусь, Түркия және Шри-Ланка диалог жөніндегі әріптестері болып табылады.

Шанхай ынтамақтастық ұйымы — кең ауқымдағы халықаралық ынтымақтастыққа бағдарланған ашық ұйым.

Қазіргі таңда ШЫҰ-ның негізгі міндеттері аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтау, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.