Таразда орталық базар маңындағы тұрғындар бас көтерді - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таразда орталық базар маңындағы тұрғындар бас көтерді

Таразда орталық базар маңындағы тұрғындар бас көтерді

Таразда орталық базар маңындағы тұрғындар бас көтерді. Олар 6 айдан бері баспаналарына кіріп-шығу қиындап кеткенін айтуда. Себебі жергілікті билік жол жөндейміз деген желеумен көне базардың 4 бұрышын бөгетпен жауып тастапты. Көлік қатынасы шектелген, жұртшылық бірнеше аялдаманы жаяу жүріп өтуге мәжбүр. Әсіресе қарттар мен мүгедектерге қиындау соғып жатыр дейді ашынған топ.

  • 11 Желтоқсан 2012
  • 430
Фото - Caravan.kz

Базар маңындағы тұрғындар бірнеше айдан бері баспанаға жету үшін төрт аялдама жүріп өтуге мәжбүр. Себебі шенеуніктер жол жөндейміз деп, базарға кіре беріс негізгі жолдарды бөгеп тастапты.

Тамара Төлебекова, Тараз қаласының тұрғыны:

— Жолдың ремонтын үш күнде бітірді. Алты ай болды бізді осылай қоршап, айланып жүргенімізге. Үш аялдама біз жаяу жүреміз.

Тұрғындар жұмысқа кешігіп баруды әдетке айналдырған. Өйткені кедергіден бұл маңнан қоғамдық көлік те қатынамайды.

Жазира Сейітқазина, Тараз қаласының тұрғыны:

— Мұнда маскүнемдер, иттер жүреді біз үйге кіре алмаймыз. Баларымызды көтеріп бірнеше аялдама жаяу баруымыз керек. Балалар үйде отырады сабаққа да бармайды.

Күні кеше осындағы үйлердің бірі өртке оранған. Бірақ тілсіз жауды ауыздықтауға келген өрт сөндіру көлігі бөгеттерден өте алмай, әуреге түсіпті. Келеңсіз жағдайды шенеуніктер де басынан өткерген. Жұртпен тілдесуге келген қала әкімінің орынбасары қоршаудан өте алмай қамауда қалыпты. 


Сейіт Әбішев, Тараз қаласының тұрғыны:

— Бүгін Сапаралиев зам. әкімі келді, мусорды алып кетуге келген машинаның артынан кіріп келді. Халықтармен сөйлесіп болғанша, мусор таситын көлік блокты жапты да кетіп қалды. Әкім артынан қуалап жүріп блокты жылжыта алмады. Сонымен әкім тратуарлармен әрең дегенде шығып кетті.

Шенеуніктер жабайы базарды жою үшін жолды жауып тастадық деп отыр. Оның үстіне «Шахристан» базары әлі күнге көшірілмеген.

Жақсылық Сапаралиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:   

 — Қазір жол жөндеу жұмыстары бітті. Осы аптада нысанды қабылдау гос актісі бітеді. Базарды көшіру жұмыстары біткеннен кейін қаңтардың 20-күні жолды толық ашамыз.

Әкімдіктің тағы бір қаулысы жығылған үстіне жұдырық болды дейді тұрғындар. Шенеуніктер базар төңірегін темірмен қоршау жұмыстарын бастап кеткен. Атқарушы биліктің ойы жүзеге асса, жүздеген тұрғын базар қоқыстарымен бірге қоршауда қалайын деп тұр.